Экономиканы жақсарту үшін әкімдерге қандай міндет жүктелді?

Жарияланды
8 айда бюджетке 10 трлн 85 млрд теңге кіріс түскен

Жыл басталғаннан тамызға дейінгі аралықта Қазақстан экономикасы 3,1 пайызға өсім көрсетіпті. Жақсы да, жаман да көрсеткіш емес. Бұрынғы жетістіктеріміз де осы цифрдың айналасында еді. Енді үкіметте не айтылды, қандай баға берілді, соған тереңірек тоқталайық.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жыл басынан бері қара күзге дейін сыртқы сауда айналымы 36,9%-ға өсіп, 74,3 млрд доллар болды: Экспорт 52,9%-ға өсіп, 48,9 млрд доллар болды, оның ішінде өңделген тауарлар 35,7%-ға өсіп, 14,3 млрд долларды құраса, ал тауар импорты 25,3 млрд долларға жетті.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 7,9%-ға, оның ішінде:

  • Автомобиль жасау 18,2%-ға;
  • Электр жабдықтары өндірісі 8,3%-ға;
  • Тамақ өнімдерінің өндірісі 3,5%-ға;
  • Сусындар өндірісі 7,5%-ға;
  • Пластмасса бұйымдарының өндірісі 5,1%-ға;
  • Дайын металл бұйымдары өндірісі 2,4%-ға;
  • Химия өнеркәсібі 11,8%-ға;
  • Киім-кешек өндірісі 7,1%-ға өскен.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов экономикалық өсудің негізгі драйверлері өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, оның ішінде автомобиль жасау, локомотивтер мен вагондарды қосқанда, басқа да көлік құралдарының өндірісі екенін атап өтті. Өңдеуші секторда химия өнеркәсібі – 2%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 7,5%-ға, металлургия  – 5%-дан астам және мұнай өңдеу 4%-ға өсіп, жоғары динамиканы көрсетті. Тау-кен өнеркәсібінде көмір өндіру – 2,2%-ға, табиғи газ өндіру – 3%-ға және кен өндіру 5%-дан астам ұлғайып, тұрақты өсім тіркеліп отыр.

Құрылыс секторында жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етіліп, 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығында, саудада, көлік және байланыс салаларында оң динамика тіркелген.

«Барлық негізгі көрсеткіштер Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында өсіп отыр. Барлық өңір әкімдіктері экономиканың өсу қарқынын төмендетпеуі керек», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, тамыз айының қорытындысы бойынша елімізде жылдық инфляция 16%-дан асып кетті.

«Өңір әкімдіктері мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерінің өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыстарды күшейтуі қажет», деді Премьер-министр.

Әлібек Қуантыровтың айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқынының 5,7%-ға дейін жеделдеуі байқалады. Оның мәліметінше, ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 4,3%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ақмола облыстары көрсетті.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, өңір әкімдіктеріне келесідей іргелі міндеттер жүктеледі:

  • Сауда үстемелерін тиімді бақылау және делдалдық схемаларды тексеру арқылы азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету;
  • Қажетті логистикалық жағдайларды қамтамасыз ете отырып, егін жинау бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу;
  • Инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру және оларды барлық деңгейлерде жүйелі қолдау;
  • Қазақстан экспортының үздіксіз жеткізілуіне, оның ішінде баламалы көлік бағыттары арқылы жеткізілуіне жәрдемдесу;
  • Туындаған сауалдарға уақытылы ден қоюды қамтамасыз ете отырып, қолданыстағы құралдар аясында бизнеске кешенді қолдау көрсету.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, аталған кезеңде мемлекеттік бюджетке 10 трлн 85 млрд теңге кіріс түсіп, жоспар 104,9%-ға орындалған.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 6,3 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 155 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қыркүйекке 1,9 трлн теңге бөлінген. Оның 95,6%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 85 млрд теңге, оның ішінде 7 млрд теңге үнемделден, 78 млрд теңге игерілмеген.

Ең көп игерілмеу Алматы, Маңғыстау, Қарағанды және Түркістан облыстарында қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері:

  • Жобалау-сметалық құжаттаманы түзету;
  • Орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау;
  • Конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу;
  • Қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.

Осы жылдың 8 айында шамамен 8,7 трлн теңге сомасына дерлік 392 мың  мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 26 241 рәсімнің бұзушылықтары анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ы орындады. 1 645 аудиторлық іс-шара өткізілді.

Аудитпен шамамен 3,3 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. 249 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 236 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 442 ұсыным берілді. Министрдің айтуынша, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 675 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 57 млрд теңгеге 240 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 65 объекті сатылуға қойылды. 36 объекті қайта ұйымдастырылды және таратылды. 334 объекті сату алдындағы дайындықта. Есепті кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай

Сондай-ақ оқыңыз