Денсаулық сақтау саласының шенеуніктері ауылдардағы медицина саласын жаңғырту ұлттық жобасын әзірлеген. Бұл жоба 4 миллион қазақстандықты қамтымақ. Құжат Ашық НҚА порталында жарияланған.
Жобада ауылдардағы медициналық көмек сапасы қалға қарағанда әлдеқайда төмен екені жазылған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін алдағы жылдары 655 ауылдық аурухана, дәрігерлік амбулатория немесе фельдшерлік пункт салу қажет. Алдын ала есеп бойынша, ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға жалпы сома 217,6 млрд теңге қажет. Соның ішінде қаржының басым бөлігі –126,5 млрд теңге медициналық нысандардың құрылысына жұмсалуы тиіс.
Денсаулық сақтау министрлігі қалған қаржыны аудандық ауруханаларды жабдықтауға жұмсауды ұсынып отыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы 21 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылаудан өтуі тиіс. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін қайта қарау қажетін дәлеледейтін негізгі аргумент –соңғы екі жылдағы жоғары өлім-жітім динамикасы болып тұр. ҚР БНС деректері бойынша 2020 жылы елде қайтыс болғандар саны 20%-ға, 2021 жылы 13%-ға өскен.
«Қазақстандағы өлім-жітімнің негізгі себептері – жұқпалы емес аурулар, атап айтқанда, қан айналымы жүйесінің аурулары (негізінен жүрек ишемиялық ауруы мен церебральды инсульт). 2020 жылға дейін ЖСД-дан болатын өлім-жітім төмендеп келді. Алайда, пандемия кесірінен денсаулық сақтау саласының интеграцияланған циклінің бұзылуы созылмалы инфекциялық емес аурулардан болатын өлім-жітімнің артуына әкелді. Мәселен, 2020 жылы қан айналысы ауруларынан болатын өлім-жітім 18,8%-ға, 2021 жылы тағы 17,1%-ға өсті», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары.
Бұл жағдайға екі фактор себеп болған. Біріншісі, әсіресе шалғай елді мекендерде медициналық көмек қолжетімділігі мен сапасының төмендігі; дәрігерлер тапшылығы; ауылдық ауруханалардың жетіспеуі; ауылдардағы емдеу мекемелерінің тозуы; заманауи компьютерлік технологиялар мен интернеттің болмауы. Екінші фактор, инсульт пен инфарктты емдеуде қажет жоғары технологиялық күтімге қатысты. Денсаулық сақтау министрлігінің сараптамасына сүйенсек, Қазақстандағы мамандандырылған медициналық көмек, негізінен ірі қалаларда көрсетіледі. Ал бұл сектордағы инновациялық технологиялардың «өңірлерге трансферті әлсіз екенін» білдіреді.
Жағдайды өзгерту үшін өңірлердегі алғашқы медициналық көмектің материалдық-техникалық базасын күрделі жөндеу қажет. Расында, ведомствоның мәліметі бойынша, Қазақстандағы медпунктттердің 51,6% тозып кеткен. 33 аурухана апатты жағдайда жұмыс істеп тұр. Ауылдарда 655 денсаулық сақтау нысанын салу қажет. Оның ішінде 20 көпсалалы орталық аудандық аурухана нөлден құрылуы керек. Жұқпалы емес аурулардан қайтыс болғандар санының жоғары динамикасына байланысты өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін қысқарған.