Қоғам

Елорда атауы қашан Астана болып өзгереді?

Оған қанша қаржы жұмсалмақ?

Елорда атауын қайтадан Астанаға ауыстыру бірнеше кезеңмен жүрмек. Елорда мәслихатында Нұр-Сұлтанның атын Астана деп өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдау өтті.

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимовтың айтуынша, елорданың атын өзгерту бірнеше кезеңнен тұрады.

«Бүгін қоғамдық тыңдаулар өткізіп, оны Мәслихат сессиясына шығаруымыз – бүкіл рәсімнің бір кезеңі. Біздің талқылаудан кейін республикалық ономастикалық комиссия отырысы болады», – деді ол тыңдауда.

Содан кейін құжаттар үкіметке жіберіліп, олар Президент қол қоятын жарлық жобасын ұсынады. Жарлыққа қол қойылып, ресми жарияланғаннан кейін, астананың атауы өзгергені жайлы айтуға болады.  Мәслихат өз шешімін 15 қыркүйекте қоғамдық тыңдаудан кейін өтетін бөлек сессияда қабылдайды.

Журналистер қала атауын кері өзгертуге қанша қаражат жұмсалатынын сұрағанда, хатшы нақты соманы атамады. Оның айтуынша, 2019 жылы Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгертуге 30 миллион теңге кеткен.

 «2019 жылы30 миллион теңге жұмсалды, бірақ қазір құжат айналымының цифрлық форматқа көшкенін ескере отырып, олан аз қаражат кетеді деп ойлаймын», деді Каналимов.

2 қыркүйекте Парламент Мәжілісі жанындағы «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы  елордаға Астананың атауын қайтару керек деген бастама көтерді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың ұсынысын қолдады.