Инвестиция

Депутаттар елорданың «Астана» атауын қайтаруды қолдады

Ел азаматтарына құжаттарын ауыстырудың қажеті жоқ

Бүгін Парламент қос палатасының бірлескен отырысында депутаттар президент өкілеттігін 7 жыл етіп бекіту және елорданың Астана атауын қайтаруға қатысты Конституцияға енгізілетін өзгерісті қолдап дауыс берді.

Парламент отырысында Әділет министрі Қанат Мусин «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын таныстырған болатын.

«Елорда атауын өзгерту мәселесін қоғам ұзақ талқылады. Бұл мәселе түрлі кездесулер барысында және референдум кезінде де көтерілді. Сондықтан қоғамдық пікірді ескере отырып, депутаттардың бұл ұсынысы заң жобасына енгізілді. Елорданың атын өзгерту бойынша бастаманы «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы ұсынды. Осылайша, заң жоба аясында көзделген конституциялық өзгерістер Мемлекет басшысының саяси бастамалары мен депутаттардың ұсыныстарын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді», – деді Әділет министрі.

Қанат Мусин елорда атауы өзгерген жағдайда азаматтарға құжаттарын ауыстырудың қажеті жоқ деді.

«Бұған дейін түскен құжаттар қаланың жаңа атауын көрсететін құжаттармен бірдей заңды күшке ие болады. Сондықтан құжаттарды шұғыл өзгертудің қажеті жоқ», – деді ол.