Астанадағы Қарасу өзенінің бойынан 1000 келіден астам қоқыс жиналды
Дүниежүзілік тазалық күні аясында Астана қаласындағы Қарасу өзенінің жағасында өткен сенбілікте 1000 килограммнан астам қоқыс жиналды.
Биыл бұл экологиялық науқан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен және Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі мен Эстония Елшілігінің қолдауымен өткізілді.
Экологиялық бастамаға 100-ге жуық адам қатысты, олардың арасында Астана әкімдігі, Еуроодақ елшіліктерінің және халықаралық ұйымдардың өкілдері, «Экологтар қауымдастығы», «Жасыл экономика және G-Global даму коалициясы» ұйымдары, эко-еріктілер, журналистер мен қаланың жанашыр тұрғындары болды.
Дүниежүзілік тазалық күні — ғаламшардың тазалығы үшін күресте әлемнің 180 елін біріктірген заманымыздың ең ірі азаматтық қозғалыстарының бірі. Бұл күні бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен еріктілер жерді қоқыстардан тазарту үшін жиналады. Олар жағажайлар, өзендер, ормандар мен көшелерді қалдықтардан жинайды. Әлемді өзгерткен бұл идея 2008 жылы кішкентай Эстония елінде пайда болған екен.
Айта кетейік, жыл сайын қыркүйек айында Еуропалық Одақ Дүниежүзілік тазалық күніне орай #EUBeachCleanup – бүкіл әлемдегі жағалаудағы аймақтар мен жағажайларды қоқыс пен қалдықтардан тазартуға шақыратын халықаралық науқанын ұйымдастырады. Бұл эко бастама тұрақты дамудың бірнеше мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді, атап айтқанда: тұтыну мен өндірудің ұтымды модельдеріне көшуді қамтамасыз ету, тұрақты даму үшін мұхиттарды, теңіздерді және теңіз ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, сондай-ақ жер үсті экожүйелерін қорғау, ормандарды тұрақты басқару, шөлейттенуге қарсы күрес, биоәртүрлілікті сақтау және т.б.