Жаңалықтар

Қазақ балалары Аустрияда бақ сынап жатыр

Қазақ балалары Венада алғаш рет «One world. New generation» сурет көрмесіне қатысып жатыр.

Байқауға қатысушылар республикалық «Жануарлар – менің достарым» және «Менің жасыл планетам» балалар суреті байқауларының жеңімпаздары. Байқаулар 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қамқорлығымен өткен. ҚР Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин идеялық шабыт берушісі болды. Бастаманы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өту аясында БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Балалар Бейбітшілікті Салады» және «Мейірімділік» қорлары қолдады.

 «Ересектер кіп-кішкентай қорғансыздарды қалай қаңғытып қояды, бұл менің миыма сыймайды. Адамдық қасиетімізді жоғалтпайықшы, үй жануарын және жер шарындағы барлық жануарды қорғайық, – деді Сарыөзек ауылынан қатысқан Ақжан Қайырбекқызы.

Байқау адамзатты жануарларға деген қарым-қатынасты өзгертуге және қатыгездікке жол бермеуге үндейді. Тақырыпқа терең үңілген 6000-нан астам  қазақстандық бала тек сурет салып қана қойған жоқ, сонымен қатар ересектерге арнап эссе, бейнеүндеу жазып, қатыгездікті сынады, мейірімділік пен махаббатқа шақырды.

«Балаларымыздың жанайқайы еленетініне үмітіміз зор. Сондай-ақ олардың ересектерге, Парламентке және Қазақстан Үкіметіне жасаған ұсынысы жер шарын, Қазақстанымызды, табиғатты, жануарлар әлемін сақтап қалуға ықпалын тигізері сөзсіз. Балалардан бұрын, ересектердің санасы өзгерісті қажет етеді, неге десеңіз, бала жағдайы мен ғаламшарымыздың қауіпсіздігі соларға байланысты», – деп атап өтті Қазақстандағы Бала құқығы жөнінде уәкіл Аружан Саин.    

Апталық аясында жас жеңімпаздардың туындысын БҰҰ Венадағы бөлім жетекшісі Гада Вали, аустриялық парламент депутаттары, бірқатар мемлекет елшілері, ЕҚЫҰ басшылары, сондай-ақ Вена мэриясы мен жергілікті мемлекеттік білім органдары бағалады.

Венадағы байқауға 10 жас талант Еуропа жүрегіне Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінің және Бас демеуші EduStream компаниясының қолдауымен қатысып жатыр.