Қорғаныс министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жоба бастауды көздеп отыр.
Ол мерзімді әскери қызмет өткерген барлық азаматтарға әңгімелесу нәтижелеріне қарай Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын өтеген соң екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Демек күнтізбе бойынша күзде әскерден келген соң, олар оқуға түсе алады. Ал бұрынғы әскери қызметшілер жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында тегін оқи алады.
Жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілетін болады.
Мұндай жастарға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай-ақ оқуға түсу мүмкіндігі берілетін болады.
Әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және азаматтық жоғары оқу орындарында оқу грантын алу кезінде әскери қызметшілердің Отан алдындағы борышын өтеген балаларына да басымдық беріледі деп отыр.
Жобаны іске асыру білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етпейді.
Еліміздің барлық өңіріндегі қырыққа жуық жоғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер беретінін растады.
Қорғаныс министрлігі тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жұмыстарын бастап кетті. Жобаны іске асыру 2023 жылдан басталады. Мұндай жеңілдіктер қазіргі уақытта борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әскерге шақырылуға жататын сарбаздарға берілетін болады.