Digital Bridge 2022 көрмесіне шетелдік 13 технопарк қатысады

Жарияланды
ІТ-инновациясы саласында стартаптардың тұсауы кесіледі

Биыл 28-29 қыркүйекте  еліміздің астанасында өтетін Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы «Орталық Еуразия жаңа технологиялық платформа ретінде қалыптасуда» тақырыбында өтеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңе­сі­нің VIII саммитінде түркі елдерінің заманауи технопарктері орталығын ашуды ұсынған болатын. Осы бастама аясында ТМҰ мүше елдердің технопарктері арасында ынтымақтастық орнату меморандумына қол қою жоспарланған. Онда АКТ және инновациялық экожүйені дамыту; заманауи технопарктер ассоциациясын құру және ТМҰ елдерінің негізгі ІТ-технопарктерінің платфорларын интеграциялау мәселесі; ІТ-стартаптардың мобильділігін арттыру үшін «Digital Nomad» ІТ-резиденттік бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылған. Сондай-ақ технопарктер басшылығы панельдік пікірталастар өткізіп, өлкедегі инновациялық экожүйені дамыту және ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ойларымен бөліседі.

Технопарктер көрмесіне түрлі елдердің, соның ішінде Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Палестина  және Қазақстанның 13 технопаркі қатысады.  

«Форумда әрбір технопарк өз бағдарламасын, ІТ-инновациясы мен стартапын көрсетеді. Технопарктер көрмесімен қатар ІТ-мектептер көрмесі, ІТ-вакансиялар жәрмеңкесі, Astana Hub Battle жарысы, VR, GameDev алаңдары ұйымдастырылады. Барлық өңірден венчурлық инвесторлар күтудеміз. Көптеген панельдік сессияларда әйгілі халықаралық сарапшылар ІТ әлеміндегі өзекті мәселелерді талқылайды», – деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Digital Bridge халықаралық форумы – жыл сайын Мемлекет басшысының қатысуымен өткізілетін IT саласындағы Қазақстандағы ең ірі іс-шаралардың бірі. Дәстүрлі түрде форумға халықаралық IT-қоғамдастықтың көшбасшылары, технологиялар саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшылар, цифрлық әзірлемелер саласындағы кәсіпқойлар, IT-компаниялар мен стартаптар, венчурлық инвесторлар, технологиялық кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысады. Форумға қатысу үшін  digitalbridge.kz сілтемесі арқылы тіркелуге болады.

Форумды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі  ұйымдастырып жатыр.

 Ақпарат «Astana hab» халықаралық ІТстартаптар технопаркінен алынды

Сондай-ақ оқыңыз