Қоғам

Сіз қандай коммуникантсыз?

Әңгімеге араласуыңыз рөліңізді айқындап береді

Адамдар әр түрлі болады. Біреуі сөзге жоқ болса, енді бірі шешен келеді. Бір адаммен тіл табысып кету оңай болса, бір адамдардың тұйық болғаны сонша, аузынан сөз суырып алу мұң. Ондай болуы қалыпты. Себебі әр адамды коммуникант деп алсақ, олардың бірнеше типі болады. Бүгінгі материалымызда негізгі типтеріне тоқталып, талдап көреміз. Соған байланысты сіздің қандай түрге жататыныңыз белгілі болады.

Егер адамдарды апта күндері деп алсақ, кейбірін аптаның соңғы жұмыс күні — жұмаға теңейміз. Онымен кездесу, сөйлесуді асыға күтесің, ойлағанның өзінде жүзіңе күлкі үйіріледі. Тіпті кездесетін уақытта ойлап, сағат санап кетесің. Енді бір адамдар сенбі мен жексенбі сияқты. Олармен арадағы әңгіме еркін, еш жаққа асықпайсың, басқалардың ойы жайлы бас қатырмайсың. Келесі бір тип — дүйсенбі секілді адамдар. Олар туралы ойлай бастасаң болды, көңілің түседі, кездесетін күнді созғың келеді. Бүкіл жағымсыз ой басыңды қаптап кетеді. Бұл жерде әлгі адамның жақын не алыс болғаны маңызды емес. Мұнда адамның типі ғана рөл ойнайды. Бір адамдар ата-анасымен сөйлесуден қашқақтап, дүйсенбіде жұмысқа шыққысы келмейтіндей сезім болады. Енді бірі жаңа ғана танысса да, ендігі кездесуді жұманың кешін күткендей сарыла күтеді. Яғни дүйсенбі-адамдар міндетті түрде сіздің жек көретін адамыңыз болмауы мүмкін. Бар болғаны ішіңізде бір қарсылық тұрады. 

Коммуниканттардың негізгі типтері

  • Доминант коммуникант;
  • Икемді коммуникант;
  • Қатаң коммуникант;
  • Интроверт коммуникант.

Барлық коммуникантты осындай басты төрт түрге бөлуге болады. Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ. Доминант коммуникант әрқашан және барлық жерде көш бастағысы келіп тұрады. Елді аузына қаратып, өзі ғана сөйлегісі келеді. Доминант деп аталуы да соған байланысты. Әңгіме барысында тақырыпты білсін-білмесін іліп алып кетуге дайын тұрады. Бірақ өзінің білігі жетпейтінін көбіне мойындамайды. Даусы жарқын шығады. Сөйлесіп отырғанды басып тастайды. Тіпті сұхбаттасушыны кемсітіп жіберуі де мүмкін. Әлдекім сөзін бөлсе не қарсы пікір айтса, бірден ашуланып шыға келеді. Тіпті сөзін тыңдауға құлықсыз екенін байқаса, оны да айтып, ренжиді. Егер сондай доминант адаммен жұмыс не отбасы барысында сөйлесуіңіз қажет болса, қалай әрекет ету керек? Психологтар мынадай кеңес айтады: ондай адаммен сөйлескенде пауза кезінде айтарыңызды айтып қалған дұрыс. Ол міндетті түрде аузы ауырып, үзіліс жасайды. Сол кезде айтып алыңыз. Бәлкім, айтар уәж не қояр сұрағыңыз бар шығар. Қысқа әрі нұсқа, дәл жеткізіп қалсаңыз, әңгіме жақсы өрбиді. Әрине, ешкім ешкімнің жағдайына бағынышты болуға міндетті емес. Дегенмен нетворкиңді де үйренген артық болмайды. Кейде ығына жығылғаннан ұтылмайсыз. Бұл жерде басшы болған соң бас шұлғи беру керек деген сөз екен деп қалмаңыз. Бар болғаны қарым-қатынас құру өнері ғана. Диалог кезінде пікір қайшылығы туа қалса, паузаларды ұтымды пайдаланыңыз. Ойыңызды дұрыс жеткізіп үйренген қай жағдайда да пайдасын тигізеді.   

Мобайл немесе икемді коммуникант деген бар. Бұл әлгінде айтқанда жұма не демалыс күнгі сұхбаттасушы туралы. Онымен сөйлесу — бір ғанибет. Көңіліңіз жайлы, қуанышты күйде боласыз. Әңгімелесіп кету оп-оңай, қасындағылардың басын қатырмайды, кез келген тақырыпты шыр айналдырып іліп әкетеді. Ортаны жандандырып жібереді. Егер бір-бірімен толық таныс емес ортаға тап болса, екі ортада көпір болып, ортақ тақырып тауып бере қояды. Мұндай коммуникант әңгіме айтуды да, тыңдауды да қатырады. Ондай адамдармен араласу үшін белгілі бір ережелерді ұстану міндетті емес. Себебі сөйлесіп кету оп-оңай. Айтар әңгіме өзімен-өзі табыла береді. Байланыс орнату керек деп бас қатырып жүрмейсіз. Мобайл коммуниканттар ондайды сіз үшін өздері істеп береді. Бірақ олардың бір кемшілігі бар: ондай коммуниканттар әңгіменің басты ауанын қатысы жоқ басқа бағытқа тез бұрып жіберіп, диалогты қалай үзгенін байқамау қалуы мүмкін. Сөйтіп басы мен аяғын байланыстыра алмай қалады. Тұрмыстық деңгейдегі әңгімелер үшін мұны кемшілік деуге келмес. Әйтсе де, бизнес, қаражат, жұмысқа келгенде кедергі тудыруы мүмкін. Солай бола қалса, «негізгі тақырыптан ауытқымайық» деп сыпайы жеткізгенде тұрған ештеңе жоқ. Өйткені мұндай типтегі адамдар анау-мынауды көңілге ала бермейді. Адекват қарым-қатынас құра біледі. Басты төрт типтің ішіндегі ең әлеуметке бейімделгені осылар деп айтсақ болады. Ірі корпорациялар компанияның басты бейнесі болатын коммуникант іздегенде осы мобайл адамның типіндегілерді іздейтіні сондықтан. 

Қатаң немесе ригидті коммуникант әдетте әңгімеге қосыла бермейді. Жаңа адамдарға ашылмайды, өзіне қызық емес тақырыпқа сұхбат құрмайды. Мұндай коммуниканттарға байланыс орнату өте қиын. Бірақ пернесін дәл тапсаңыз, ондай адаммен әңгіме әдемі жүреді. Өйткені ол нық, құрылымды, адекват ой айтады. Ортақ тіл табыссаңыз, екі ойлы болып қалу, әлденені жасырып қалу дегендер болмайды. Шешім іздегенде де олар нақтылыққа шебер келеді. Ондай адамдармен байланыс бірден орнамайтындықтан, бүгінгі ауа-райы не соңғы жаңалықтар сынды тақырыптарға сөз тартып көріңіз. Осылай «қыздырып» барып басты мәселеге көшкен оңайырақ. Себебі оған бас салып негізгі әңгімені айтқыза алмайсыз. Ең дұрысы байланыс орнатпас бұрын қыздыратын бір тема тауып алғаныңыз дейтініміз сол себепті. Егер бірден негізгі тақырыпты сөйлеп кетсеңіз, ол ашылмай, байланыс орнамай қалу қаупі бар. Жай ғана «білмеймін», «ойланып көрейін» дегеннен әрі аспайтын әңгіме болуы ғажап емес. Ригидті адамдар сөз айтпас бұрын он ойланады. Әр сөзіне жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан аздап сабыр етіп, қыздырып алсаңыз, нәтижесі көңіліңізден шығады.  

Интроверт коммуникант өзін көрсетуге тырыспайды. Доминантқа қарама-қарсы тип десек болады. Әңгімеге өзі ұмтыла бермейді. Басты назарды өзіне қарату оның мақсаты емес. Сонымен қатар, аса таныс адамдардың назарына ілігуді қаламайтын ол барынша ондайлардан алшақ болғысы келеді. Ашылмайды. Сұрағыңызға тиісті жауап бермеуі де мүмкін. Ал енді ондай адаммен қалай байланыс орнатуға болады? Қатаң коммуникантты қыздыру жеткілікті болса, интровертті қыздырғаннан бөлек, оған өзін жайлы сезінетін жағдай жасау қажет. Олай етпесе, сөйлемей қояды. Әңгіме айтып жатқанда сөзбен не қимылмен қолдап қойыңыз. Басыңызды изеп, күліп отырыңыз. Арасында «оо, мынаны білмеппін», «керемет екен» деп қойсаңыз, ол өзін еркін ұстай бастайды. Ал егер ұялтатын болсаңыз, интроверт коммуникант «жабылып» қалады да, сізбен байланысқа түспей қояды. Нәтижесінде сауалыңызға жауап ала алмаған күйі қайтасыз.  

 Жалпы алғанда коммуникацияға түсетін адамдардың басты типтері осындай. Әрқайсысын қалай тіл табысуға болатыны жайлы да қысқаша айтқанда осылай. Қай жағдайда болса да, әңгіме жүріп жатса, ол жерде коммуникация орнап жатқанын білдіреді. Мейлі ол бизнес талқы болсын, мейлі құрбымен өсек айтып жатсаңыз да — біз белгілі бір рөлдерді ойнаймыз. Әрі әңгіменің бір мақсаты болады. Тыңдау, айту, қолдау білдіру, ақпарат алу және т.б.

Егер салмақты әңгіме жайлы айтатын болсақ, мақсаты тіпті айқын болады. Яғни коммуникация құрудан кейін күтілетін нәтиже бар. Айталық, коммуниканттың мынадай негізгі мақсаттары болуы мүмкін:

  • Сұхбаттасушыға ақпарат жеткізу;
  • Ақпарат алу;
  • Белгілі бір тақырыпта білім беру не үйрету;
  • Бір адамға, фактіге не оқиғаға қатысты ой түю;
  • Бірдеңеге не біреуге деген қарым-қатынасты өзгерту;
  • Бір әрекетке шақыру;
  • Эмоциялық байланыс орнату.

Коммуникация мақсаттарының түрі мен деңгейінің сан түрі бар. Бір адам өмірлік жағдайды әр қырынан қарап, әр түрлі коммуникация құруы мүмкін. Мәселен, кезінде өзіңіз сабақтан талай қашқансыз, «екілік» алғансыз. Оны сыныстастармен кездескенде күліп еске аласыз. Дегенмен дәл соны балаңыз жасаса, күлмей, ашуланып, ұрсуыңыз мүмкін. Яғни бір адам бұл өмірде неше түрлі рөл ойнай береді. Айталық, сіз бір бөлімді басқарғанда қол астындағылар басшысыз. Әйтсе де, сізден жоғары басшыларға сіз — бағыныштысыз. Балаға ата-ананың рөлін ойнайсыз да, ол балаңыз да уақыт өте келе өз балаларына ата-ана болады.

Ғалымдар әлеуметтік коммуниканттардың түрлі рөлі барын айтады. Әрі оларды негізгі белгілеріне қарай бірнеше түрге бөліп қарастырады. Әлеуметтік коммуниканттың басты үш рөлі бар:

  • Статустық рөл. Мұнда адамның тумысынан белгіленген рөлдер болады. Ер, әйел, белгілі бір елдің азаматы, белгілі бір ұлт өкілі дегендей.
  • Әлеуметтік статус, жас, білім деңгейіне қарай анықталатын рөл. Яғни оқушы, студент, оқытушы, инженер, дипломат, топ-менеджер, кәсіпкер, ата-ана, зейнеткер және т.б
  • Ситуацияға байланысты рөл. Яғни белгілі бір жағдайға байланысты бөлінуі. Мысалы, жаяу жүргінші, оқырман, көрермен, турист, дос, дұшпан, қонақ дегендей.