Транзиттік әлеуетті көтерудің жолы қандай?

Жарияланды
Алқалы басқосуға 14 елден 350-ден астам делегат келген

Қазақстан әу бастан Азия мен Еуропаны жалғайтын маңызды транзит мемлекет. Осы уақытқа дейін осы артықшылықты дұрыс пайдалана алмадық. Енді туындап отырған геосаяси ахуал жағдайында сол мүмкіндігімізді кәдеге жаратудың реті келіп тұрған сыңайлы. Алматыда өткен «NEW SILK WAY» V Халықаралық көліктік-логистикалық бизнес форумында транзиттік әлеуетке қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді.

Қазақстанның көлік апталығы шеңберінде ұйымдастырылған алқалы басқосуға 14 елден 350-ден астам делегат келген. Олардың қатарында қазақстандық және шетелдік салалық министрлік басшылары, жетекші көлік және тасымалдау саласындағы компания өкілдері мен сарапшылар бар.

«Бүгінгі таңда елімізде көлік дәліздерінің тармақталған желісі бар. Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік беретін негізгі халықаралық көлік желілерімен байланысы өте тығыз. Қолданыстағы транзиттік бағыттарды дамыту және жаңаларын құру, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту біздің елдер үшін тиімді және осы тараптағы жұмысты одан әрмен жалғастыру өте маңызды», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов.

Оның айтуынша, қазірде Қазақстан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізі, Ляньюньган теңіз портындағы (ҚХР) логистикалық терминал, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА сынды жобаларды табысты жүзеге асырды. Сондай-ақ қазіргі күнде Транскаспий халықаралық көлік бағыты негізінде теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымалдау көлемін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Осыған орай Ақтау теңіз порты базасында контейнерлік хаб құрылатын болады.

«Контейнерлік хабты құру жобасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілді. Жобаның жалпы құны 10,4 млрд теңгені құрайды. Оны іске асыру Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді тасымалдау жылдамдығын және Түркменбашы – Ақтау – Қытай транзиттік дәлізінің өткізу қабілетін дамытуға мүмкіндік бермек», деді өз сөзінде вице-министр.

Жоба нәтижесінде 2025 жылға қарай Ақтау теңіз порты арқылы жүк тасымалдау көлемі 40 мыңнан 133 мың жиырма футтық эквивалентке артпақ. Бұдан бөлек, логистикалық маршруттарды жалғайтын 10 паром, 18 жүк тиеу танкеріне арналған флот құрылысын жүзеге асыру жұмыстары қолға алынуда. Сонымен қатар Дарбаза – Мақтаарал темір жол желісінің құрылысы мен Достық – Мойынты темір жол дәлізін жаңғырту жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобаларды іске асыру Ресей – Орталық Азия, Қытай – Еуропа транзиттік бағыттары бойынша жүктерді тасымалдау жылдамдығын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік бермек. Осы ретте айта кетерлігі, жыл басынан бері Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік жүктер ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артып, 499 мың ЖФЭ-ні құраған.

Қазіргі таңда елімізде транспорттық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. ИИДМ вице-министрінің айтуынша, барлық көлік дәліздеріндегі құрылыс жұмыстары 2030 жылға қарай толық аяқталмақ.

Форумға қатысқан «РТС Holding» ЖШС басқарма төрағасы Тимур Қарабаев контейнерлік жүк тасымалының құны төмендеуі керек дейді.

«2020 жылы контейнерлік жүк тасымалы бойынша импорт пен экспорт көлемі 3 пайызды, 2021 жылы 5,4 пайызды құрады. Бұған себеп – тарифтің жоғары болуы. Егер мультимодальдік тасымалды ілгерілете алсақ онда бұл отандық кәсіпорындардың дамуына ықпал етер еді. Бірақ саланы тежеп тұрған тариф секілді мәселелер бар. Бізде бір тонна жүкті тасымалдау құны басқалардан 2-3 есе жоғары», дейді Қарабаев.

Оның айтуынша, біздегі 445 теміржол станциясының тек 18 пайызы ғана контейнерлерді қабылдауға қауқарлы. Әрине, бұл тым төмен көрсеткіш. Ертеңгі күні сұраныс күрт өссе жүкті жөнелту тұрғысынан сапасыздыққа ұрынып қалмаймыз ба деп алаңдайды сарапшылар.

Халықаралық BCG консалтинг компаниясының басқарушы директоры Григорий Рубиннің айтуынша, қазір Ресей және Беларусь арқылы транспорт тасымалын жасау қиын болып қалды. Бұл өз кезегінде Қазақстанның логистикалық саласына қауіп төндіруде.

«Геосаяси шектеулер жағдайында әлеуеттің төмендейтіні түсінікті. Осыған байланысты балама маршруттарға деген сұраныс өседі. Белгілі бір деңгейде Қазақстан бәрібір жақсы жағдайда, өйткені ол әлі де Қытайдан келетін ағынның кіру нүктелерінің бірі. Қазір қазақстандық жүкті тасымалдауда қиындықтар бар. Негізінен еуропалық нарыққа жеткізу қиынға соғып тұр. Мұндай жағдайда Әзірбайжан және Грузияны, немесе грузиялық, түркиялық порттарды – әуелі Каспий, одан кейін Қара теңіз арқылы өтуді балама маршрут ретінде қарастыруға болады», дейді Рубин.

Ал Латвияның транспорт министрінің орынбасары Улдис Рейманистің айтуынша, Латвия мен Қазақстан арасындағы жүк тасымалы 23 пайызға ұлғайған (былтырмен салыстырғанда).

«Жүк тасымалының артуына негізінен Қазақстаннан келетін теміржол транзиттік жүгінің, әсіресе көмірдің көп тасымалдануы әсер етті. Сонымен қатар өсімге Латвия арқылы өтетін ферроқорытпалар да үлкен ықпалын тигізді. Биыл тауар айналымы тағы 10 пайызға өседі деп күтеміз. Тасымалдау бойынша әзірге түйткіл жоқ, барлық мәселелер шешімін тапқан», деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз