Сұхбаттасу кезінде қандай қателік жібермеу керек?

Жарияланды
Лайықты кандидат екеніңізді дәлелдегіңіз келсе, мына ережелерді есте ұстаңыз

Жұмысқа тұрарда сұхбаттасуға барасыз. Ол жерде сіздің кандидатураңыз қаралады. Түйіндемегені ақпараттан бөлек, көзбе-көз жолығасыз. Вакансия шыққан кезде елең еткен болсаңыз, демек сізге жұмыс керек. Ал олардың іздегені — сіз екенін дәлелдеу үшін сұхбаттасу кезінде есте ұстау керек бірнеше ережені білгеніңіз дұрыс. Бүгінде материалда қандай қателіктерге жол бермеу керегін айтамыз.

  • Барыңды киіп, жарқырап бару міндетті емес. Көбі жұмыс бойынша сөйлесуге барғанда үйіндегі барын киіп барады. Сөйтіп шамадан тыс назарға ілінеді. Мысалы, жылтыр көйлек әдемі болғанымен, жұмыс үшін аса жақсы нұсқа болмауы мүмкін. Сондықтан қандай вакансия бойынша бара жатсаңыз, соған сай киім киюге кеңес береміз. Болмаса, мемлекеттік қызметке орналасу үшін жырты джинса шалбар мен футболка, кеды киіп бармайсыз ғой, солай ма? Болашақ жұмыс беруші сіздің әр қимылыңызды бағып, сіз туралы ой қорытып отырады. Дегенмен бұл киімге мән бермеу керек дегенді білдіреді деп ойлап қалмаңыз. Әрине, тап-таза, жинақы киім кию керек. Үтіктелмеген, мыж-мыж көйлек киіп барған жөн емес. Ең абзалы — жарасымды, қарапайым киім. Сонымен бірге шаш үлгісі, тырнаққа да мән беру керек. Әйелдер макияжды аздап жасаса жеткілікті.
  • Келіскен уақыттан тым ерте барып алмаңыз. Кейбір адамдар кешігіп қалмайын деген қорқыныштан бір сағат бұрын барып, күтіп отыруы мүмкін. Жұмыс істейтін жастағы, жауапты адам ретінде уақытыңызды дұрыс жоспарлай білуіңіз керек. Яғни ол жерге дейінгі жол қанша уақыт алады, нешеде шыққаныңыз дұрыс — есептеп алыңыз. Егер тым ерте барып алсаңыз, көп күтіп қаласыз. Осылайша басқаларға кедергі келтіруіңіз мүмкін. Басшылық болса, сіз ерте келді екен деп жоспарын бұзып, сізді қабылдауы неғайбыл. Шамамен 10 минут бұрын келсеңіз, сол жеткілікті. 11:00-ге белгіленген кездесуге 10:59-да екі өкпені қолға алған күйі жығылып жеткен де жөн болмайды. Он минуттай ерте келудегі мақсат — сол жердің атмосферасын бағалап, сырт келбетіңізді ретке келтіру. Егер қандай да бір себеппен бара алмайтын болып қалсаңыз, сыпайы түрде ескертіңіз. Қоңырау шалып, кешірім сұрап, басқа уақытқа жылжытуға бола ма деп сұрап алыңыз. Ашуланып қалар деген оймен хабарласуға қысылып, жауапсыздық танытуға болмайды. Өмір болған соң, түрлі жағдай болады. Онда тұрған ештеңе жоқ. 
  • Бұрынғы бастығыңызды жамандамаңыз. Жұмыс барысында небір оқиға болуы мүмкін. Алдыңғы жұмыстан әлдебір келіспеушіліктер үшін шығып кетсеңіз де, ол туралы жаңа басшыға тәптіштеп айтудың еш қажеті жоқ. Әрине, «бұрынғы жұмысыңыздан не үшін шығып кеттіңізз?» деген сауал қойылуы мүмкін. Сұрады екен деп, жамандап жөнелуге болмайды. Өзіңіз қалаған талапқа сай болмағанын, карьералық жолды өсім болмағанын, әлеуетініңізді толық ашуға мүмкіндік жоғын, қатынау қиын болғанын айтып, осындай нейтрал себеп айтуға кеңес береміз. Бастысы, ол себеп өтірік болмасын. Тек бас салып жамандағаннан гөрі бұрынғы жұмысыңыздың өзіңізге ұнамаған өзге тұстарын айтқан дұрыс. 
  • Тымырайып отырмаңыз. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» дегенді естіп алып, үндемей отырған жөн екен деп қалмаңыз. Бұл — сұхбаттасу. Мұнда сіз сөйлеуіңіз керек. Өзіңізге қойғылған сұрақтарға қысқа, бірақ нұсқа жауап беріңіз. Өзіңіз туралы айтып беруді сұраса, айдалаға кетіп, жеке өміріңіз жайлы айтып кетпеңіз. Нақты қызмет жолыңызға қатысты ақпаратты бөлісіңіз. 2-3 минутқа сыйғызсаңыз жеткілікті. Тұйық болсаңыз, «ішімдегіні тап» деп тұрсаңыз, мұныңыз жұмыс берушіге ұнамауы мүмкін. Аузыңыздан сөзді суырып алуға мәжбүрлемеңіз. Өзіңізді сенімді ұстаңыз, қобалжымаңыз. Ұялшақ болған да жақсы емес. Әрине, шектен тыс пысықтық не мақтаншақтықтың да кері әсері болуы мүмкін. Артықшылығыңызды да, кемшілігіңізді де жақсы біліп, адекват бағалай алуыңыз қажет. Жұмыс берушімен бетпе-бет жүздесіп отырғандықтан, осы сәтті пайдаланып өзіңіз жайлы барынша мықты презентация жасауыңыз керек. Объектив позицияңыз бары шақырым жерден білініп тұрсын. Адамның бойында сенімділік есіп тұрғаны екінші тарапқа жақсы сезіледі. Сондықтан сізге бұл қасиет керек-ақ. Кемшіліктеріңіз туралы сұрай қалса, кешіге беретін, дедлайнды үнемі созып жүретін қасиеттеріңіз жайлы айтпағаныңыз жөн. Ондай кемшіліктермен күресіп, жоюға жұмыс істеген дұрысырақ. Бірақ енді кемшіліксіз адамның рөлін сомдаған да жөн болмайды. Ендеше не айтуға болады? Мәселен, «жеке өмірімді екінші планға ысырып, жұмысқа беріліп кететінім бар», «жұмыс үшін қатты уайымдаймын, көңіл-күйім де соған байланысты болады» дегендей кемшіліктеріңіз болса, соны тізіп шығып көріңіз.    
  • Тәкаппарлық танытып, жұмысқа мұрын шүйірмеңіз. Егер сіз сұхбаттасуға келіп тұрсаңыз, демек бұл жұмыстың сізді қызықтырғаны. Әйтсе де, кейде қызығушылық білдіргенін жасыруға тырысатындар болады. Сөйтіп олар өтірік тәкаппарланады. Мұндайда есте ұстайтын нәрсе: сіз қызметкер ретінде жұмысыңызды жақсы көруіңіз керек. Егер жұмыс сізге ұнамаса, компанияға пайда келтірмейсіз. Олай болса, жұмысты қажет етпейтін адамның кейпін танытпаңыз. Жұмыс беруші сіздің қызметке қызығушылығыңызды көріп, көз жеткізуі керек. Компанияға, оның бағытына, болашақ міндеттерге шынайы қызығушылық танытыңыз. Әңгіме барысында жұмыс туралы айтқанда көзіңіз жанып тұрса, басшылық тарапынан жақсы ой қалыптасады. Дегенмен өзіңіз түсінбейтін, білмейтін тақырыптарға сөйлей бермеңіз. Жаттанды жауаптарға да үйір болмаған жөн. Барынша шынайы сөйлеңіз. Егер жағымсыз сауалдар қойылса, бірден бас салып ашуланбаңыз. Оның орнына салмақты, байыпты түрмен жауап қатыңыз. Кейде сіздің қаншалықты төзімді, стреске шыдамды екеніңізді байқау үшін осылай әдейі ұнамсыз сұрақтар қоюы мүмкін.   
  • Көп сөйлемеңіз. Үндемей қалған жөн емес дедік. Сол секілді, тым көп сөйлеп кеткен де жақсы емес. Ашық, жарқын болған жақсы. Бірақ шегін біліңіз. Мәселен, сіздің отбасылық мәселелеріңіз, тұрмыстық қиындығыңыз, денсаулық жағдайыңыз жұмыс берушіге қызық болмауы мүмкін. Өйткені бұлардың сіздің болашақ жұмысыңызға еш қатысы жоқ. Мұның бәрі — басы артық ақпарат. 
  • Айлығына бола қызығып тұрсаңыз, оны ашық айтпаңыз. Сұхбаттасу кезінде жұмыс беруші кандидаттан «Не үшін бізде жұмыс істегіңіз келеді?» деп сұрауы мүмкін. Әрине, сізді шын мәнінде өте жоғары жалақысы, әлеуметтік пакеттері қызықтыруы мүмкін. Бірақ оны сол күйі айта салуға болмайды. Өйткені басшылыққа айлыққа қызығатын емес, сол жоғары айлыққа лайық екенін көрсете білетін, жұмысын жақсы көретін қызметкер керек. Сондықтан жоғарыдағы сұраққа жауапты жүйелі түрде жеткізіңіз. Сіздің мықты маман екеніңізге көзі жетсін. Табанды, идеясы мол адам ретінде өзіңізді көрсете білсеңіз, жоғары жалақыға өздері-ақ лайық көреді. Ол — жеке мотив. Сол себепті сұхбаттасу кезінде неғұрлым кәсіби қызығушылық танытсаңыз, соғұрлым жұмысқа қабылдану ықтималы жоғары болады.
  • Кірген бетте ақша туралы әңгіме бастамаңыз. Иә, айлық мәселесі өте маңызды. Көп жерде жұмысқа кіруге қатысты нақты шешім қабылдауға себеп болады. Дегенмен өзіңізді таныстырып болғаннан кейінгі айтатыныңыз ақша болса, бұл жөн емес. Себебі сұхбаттасудың этикасы бар. Алдымен сіз туралы ақпарат біліп алады, көкейдегі сауалдар қойылады, сосын соңына қарай ғана жалақы жөнінде сөз болады. Егер сұхбаттасу барысында жұмыс берушіге ұнағаныңызды байқасаңыз, ақырындап өзіңіз сұрай аласыз. Болмаса, сізді күттірместен жұмыс беруші өзі-ақ айлық мәселесін айтуы мүмкін. Белгілі бір жұмысқа орналасарда нарықтағы орта бағаны біліп алыңыз. Егер әжептәуір аз сома айтса, келіспей, басқа нұсқаларды қарастырып көруге кеңес береміз. 
  • Сұрақ қойып отырыңыз. Егер жұмыс беруші сізге өте аз сұрақ қойса, кандидатураңыз көңілінен шықпағанын білдіруі мүмкін. Көбіне әңгіменің негізгі бөлігінен кейін сізге сөз беріледі. Сондайда жұмысқа қызығушылық барын көрсетіп қалуыңыз керек. Мысалы, компанияның жұмыс жоспары, міндеттері, жұмысты бағалау әдістері, стратегиялық мақсаттары жайлы сұрағаныңыз дұрыс. Бұл жақсы диалог құруға көмектеседі. Қойындәптеріңіз болса, кей жерлерді түртіп алып отырыңыз. Егер сұхбаттасудан кейін сізді жұмысқа алмай қойса, көңід түсірмеңіз. Демек, сізді басқа жұмыс күтіп тұрғаны. Мұндайда әлгі компанияға хабарласып, шешім туралы сұрап көруіңізге болады. Не үшін алмады, қандай кемшілік болды — сұраңыз. Сөйтіп келешекте ондай қателік жібермеуге тырысыңыз. 
Сондай-ақ оқыңыз