Фермерлерге субсидия беру тәртібі қалай өзгереді?

Жарияланды
Ауыл шаруашылығы министрі түсіндірді

Елімізде фермерлерді толғандыратын мәселе көп. Соның ішінде өзектісі – қаржыландыру жайы. Нақтырақ айтқанда, фермерлерді келесі жылдың басында күшіне енетін АӨК субсидиялаудың жаңа ережелері қандай болады деген мәселе толғандырады. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, қаражат бойынша субсидиялаудың барлық бағыттары сақталады. Бұл – инвестсубсидиялау, несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сақтандыру жарналарын субсидиялау, сондай-ақ қарыздарды кепілдендіруді сақтандыру. Алайда бірқатар өзгертулер де енгізіледі.

Ауыл шаруашылығы министрі жақында Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңірдің фермерлерімен кездесті. Ербол Қарашөкеев Үкіметтің агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жұмысы туралы айтып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қойған сұрақтарына жауап берді.

«Мал шаруашылығы бойынша субсидиялаудың 5 түрін (өндірушілердің, олардың ұрығының, эмбриондарының құны, өндірушілерді жалдау, сондай-ақ жасанды ұрықтандыру жөніндегі қызметтерді) алып тастау және олардың орнына субсидиялаудың жойылған түрлері үшін өтемақы ретінде субсидиялау нормативтерінің едәуір ұлғаюымен селекциялық-асыл тұқымды жұмысты қаржыландыруды ғана қалдыру ұсынылады», деді министр.

Ол сондай-ақ субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу жоспарланғанын атап өтті. Атап айтқанда, жыл сайын өз өнімдерін өткізу көлемін кемінде 3 пайыз ұлғайту, еңбек өнімділігін арттыру және өнімді форвардтық келісімшарт бойынша тұрақтандыру қорларына жеткізуді қамтамасыз ету, сонымен бірге өндіріске кемінде 5 жылда бір рет инвестициялар салуды көздейді. Бұған қоса, кездесуде мал экспорты туралы мәселе көтерілді. Ведомство басшысы ВАК 31 тамызда бұқашықтарды әкетуге 60 мың бас (жалпы мал басының 9 пайыз) көлемінде квота белгілеу және қошқарларды әкетуге – 120 мың бас (мал басының 10 пайыз) квота белгілеу туралы шешім қабылданғанын түсіндірді.

Аналық малды әкетуге толық тыйым салынады.

Кездесуде министр өңірдің сүт-тауар фермаларын дамыту бойынша зор әлеуетін атап өтті. БҚО-да оны кеңейту мүмкіндігі бар жақсы жемшөп базасы бар, яғни облыс өзін сүтпен толық қамтамасыз ете алады. Министрлік басшысы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне ұқсас ӘКК арқылы өңір аумағында СТФ құрылысын жеңілдікпен кредиттеу жобасын қолдауға дайын екенін, бұдан басқа, министрлік жергілікті фермерлерге жаңбырлатып суару жүйесін енгізуге жәрдемдесетінін айтты.

Ербол Қарашөкеев биыл ауыл шаруашылығына қосымша қаражат бөлінгенін де жеткізді.  

Субсидиялаудың жалпы көлемі 451 млрд теңгені құрайды, «Кең дала» бағдарламасы бойынша қаржыландыру 2 есеге артып, 140 млрд теңгені құрады, сондай-ақ форвардтық сатып алуға бөлінген сома өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 80 млрд теңгені құраған.

Бұдан басқа, кредиттер мен лизинг бойынша сыйақының қолданыстағы нарықтық мөлшерлемесі 20 пайыз болған кезде фермерлер үшін небәрі 6 пайыз мөлшерлеме көзделген, қалғанын мемлекет өтейді.

Осыған дейін салалық ведомство агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға биыл 309 млрд теңге қарастырылып отырғанын хабарлаған еді. Атап айтқанда:

  • Өсімдік шаруашылығына – 79,7 млрд теңге;
  • Мал шаруашылығына – 100 млрд теңге;
  • Ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге – 8,4 млрд теңге;
  • Қаржы құралдарына – 120,4 млрд теңге.

Осы мәселе төңірегінде «Атамекен» палатасында да жиын өтті. Егер елімізде фермерлер шаруашылықта энергия үнемдеп, жаңартылған энергия көздерін (ЖЭК) пайдаланатын болса, оған БҰҰ Даму бағдарламасы қаржылай қолдау көрсетеді. Яғни, «Жасыл жобалар» үшін несие алған кәсіпкерлердің несиесіне 25 пайыз және 40 пайыз мөлшерінде субсидия береді және сол несиеге 85 пайыз кепілдік те ұсынады.

Агроөнеркәсіп департаменті ұйымдастырған онлайн-семинарға еліміздің түкпір-түкпірінен фермерлер қатысып, БҰҰ Даму бағдарламасының мамандарыны қандай субсидия ала алатынын баяндады.

«Біздің кәсіпкерлер, фермерлер өндірісте жаңартылатын энергия көздерін тұтынып, тиімді қолдау бағдарламаларын пайдалана алады. Энергия бағасының өсуін, энергия үнемдеудің маңыздылығын ескере отырып, бұл бағыттың перспективасы жоғары деп санаймыз. Тұтастай алғанда, біздің табиғатымыздың биоалуантүрлілігін сақтау маңызды. Сол себепті мұндай бастамаларды қолдаймыз», дейді АӨК департаментінің директоры Ербол Есенеев.

«Агропрофи» ЖШС басшысы Николай Денисовтың айтуынша, кәсіпорын екі жоба үшін банктен 196 млн теңге алған.

«Біздің кәсіпорын Солтүстік Қазақстанда орналасқан. Жылу энергиясымен айналысамыз. Қазандық орнатамыз. Екі жоба үшін банктен 196 млн теңге алдық. 2018 жылы сол жобаларға субсидия алуға «Даму» арқылы өтініш бердік. Субсидия алдық. Қазандықтар әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Қазандықтардың жұмысы арқылы жылу сапасы жоғарылады. Екіншіден, атмосфераға шығатын қалдық 73 пайызға қысқарды. Үшіншіден, біз жергілікті фермерлерден сығымдалған сабан ала бастадық. Яғни, біздің жылу көзіміз сол фермерлердің өнімі», дейді Денисов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі «Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттын жүйесін» әзірлеген еді. Жүйенің міндеті – коррупция тәуекелдерін төмендету және субсидия алу үшін жиналатын құжат процедурасын жеңілдету. Онымен қоса бүкіл процесті максималды ашық және тегін ету де – басты мақсат. Дегенмен субсидия бүкіл проблеманы шеше алатын қуатты қару емес. Дамыған елдерде коммерциялық банктер пайыздық ставканы субсидиялайды және мемлекеттің кепіл болуымен шаруаларға кредит береді.

Германия, Франция, Жапония, Польша елдерінде агроөнеркәсіп кешені кооперативті банктер арқылы қаржыландырылады екен. Ал АҚШ пен ЕО елдерінде несие кооперативтері мен банктік емес ұйымдар шаруаларға қаржы бөледі.

Бізде бұл мәселе толыққанды жолға қойылмаған. Фермерлер көп жағдайда «ҚазАгро» арқылы несие алады. Бірақ оның әуресі көп екенін екінің бірі айтады. Қалай болғанда да фермерлерді қаржыландыру бойынша мемлекет әлі күнге тиімді схема сызып бере алмай отыр.

Сондай-ақ оқыңыз