Премьер-министр Қазақстанға ағылған ресейліктерді жұмыспен қамтуды тапсырды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов көші-қон мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, мобилизациядан қашып Қазақстанға ағылған ресейліктерді тіркеу мен жұмыспен қамтуды тапсырған.
primeminister.kz сайтының хабарлауынша, Үкімет басшысы өңірлерде әлеуметтік шиеленіске жол бермеу үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіруді күшейту қажетін атап өткен.
«Елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ келіп жатқан ресейліктерге жәрдем көрсету керек: ЕАЭО заңнамасына сәйкес оларды уақытылы тіркеп, еңбекпен қамту мәселелерін қарастыру қажет. Бұл орайда жалға берілетін тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр уақытша келген шетел азаматтарын жұмысқа орналастыру кезінде еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейтуді тапсырған.
Оған қоса, Премьер-Министр барлық көлік инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, елге келіп жатқан адамдардың бір жерде шоғырлануын болдырмау жөнінде қажетті шаралар қабылдауды, ХҚКО-лардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін қосымша қызмет көрсету терезелерін ашуды тапсырды.