Мемлекеттік кірістер комитеті мүлік салығын төлемейтіндердің ең көп саны бар облыстардың антирейтингін жасады.
2022 жылдың 1 қазанында жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелерінің 2021 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда мүлік салығын төлемеген жеке тұлғалардың ең көп саны шоғырланған 5 облысы мынадай:
- Алматы облысы-179 820;
- Қарағанды облысы -139 498;
- ШҚО-135 056;
- Түркістан облысы-129 339;
- Шымкент қаласы-120 456.
2022 жылдың 2 қазанынан бастап жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламаларды борышкерлерге жіберетінін еске салады.
1 айлық есептік көрсеткіштен астам берешек сомалары бойынша хабарлама табыс етілген соң отыз жұмыс күнінен кейін берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі. Бұл салық бұйрығы 5 жұмыс күні өткеннен кейін жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін беріледі.
Сонымен қатар, 40 АЕК-тен қарыз болған жағдайда азаматқа Қазақстаннан кетуге тыйым салынуы мүмкін.
Бұл ретте, жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа шоттарға тыйым салу және шығуға шектеу қоюдан туындаған қолайсыздықтар туралы айтпағанда, салық берешегі сомасының 25%-на дейінгі мөлшерде қосымша төлемді өндіріп алады.
Осылайша, артық шығындар мен проблемаларды болдырмау үшін мүлік салығын уақытылы төлеуге кеңес береміз.
Салықты «e-Salyq Azamat» және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, «Электрондық үкімет» порталы арқылы, екінші деңгейдегі банктердің бөлімшеріндегі немесе төлем терминалдарындағы қолма-қол ақша қаражатымен, сондай-ақ банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталары арқылы төлеуге болады.
Сонымен қатар, салық берешегі болған кезде банктер жеке тұлғаларға банк шоттарын ашудан бас тартуға міндетті. Бұл шоттарға жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, зейнетақылар, алименттер алуға арналған банк шоттарын, сондай-ақ білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ашылатын банк шоттары жатпайды.