Сырттан келген адамдарға жеңілдіктер берілмейді – Президент

Жарияланды
Мемлекет басшысы жұмыстың бәрі заң аясында, келісімдер бойынша жүргізілетінін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуі барысында сырттан келгендерге көмек көрсетілгенімен, ешқандай жеңілдік берілмейді деп мәлімдеді.

Президенттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, мемлекет басшысы жұмыстың бәрі заң бойынша жүргізілетінін айтқан.

«Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек.Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі», деді Президент.

Қ.Тоқаев Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді ел мүддесіне сай шешетініне сендірді.

«Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек», деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз