Бала бағып, үйде отырған әйелдер көбіне дамуды тоқтатпас үшін жұмыс істегенді жөн көреді. Ондайда ойға ең алдымен онлайн жұмыстар еске түседі. Иә, интернет дамыған заманда техниканың тілін біліп, оған қоса түрлі скилз болса, қосымша табыс табу қиын емес. Бүгінгі материалымызда үйде отырып қандай жұмыс істеуге болатыны және ата-аналарға арналған тайм-менеджмент туралы айтамыз.
Балалы әйелдерге арналған жұмыстар
- Әлеуметтік желілермен жұмыс. Расында, қазір әлеуметтік желі арқылы табыс табуды үйрететін курс көп. Оның ішінде SMM-маман, сторисмейкер, модератор және т.б. Мұндай мамандарға сұраныс жоғары. Себебі бизнес, қызмет ұсынатын кез келген компания қазір желідегі парақшасын жөндегенді жақсы көреді. Уақытылы жауап беру, парақшаны әдемі әрлеу, сауатты контент, сапалы қызмет көрсету жоғары бағаланады. Сондықтан әлеуметтік желілердің қыр-сырын бір ұғып алған адамға жұмыс табу оңай. Заманауи трендтерді түсіну, тез қағып алу ғана керек. Әлбетте, жазу сауатының мықты болғаны маңызды. Ол грамматикалық қана емес, стилистика тұрғысынан да керек.
- Таргетолог. Бұл да — желі арқылы табыс табудың бір жолы. Дегенмен таргет жүргізе білу үшін сараптама жасай білетін қабілет керек. Яғни таргетолог — тауар мен қызметті клиентке ұсынып, алуға «көндіріп» беретін маман. Қызметтің клиент көзіне түсуіне бар жағдайды жасайды. Жасы, жынысы, тұратын жері және т.б фактордың бәрін есепке ала отырып, дөп тигізуі керек. Әрі минимум шығынмен жасауға тырысады. Егер таргетті бір үйреніп алсаңыз, бір уақытта бірнеше клиентпен қатар жұмыс істей аласыз. Ақшасы да жақсы.
- Онлайн-мектептің әкімшісі. Онлайн оқуды ұйымдастырып, клиенттермен байланыстырып, жаңасын іздеумен айналысады.
- Дизайнер. Егер графикалық редакторлармен жұмыс істей алатын болсаңыз, онда дизайнерлікке бет бұрып көрсеңіз болады. Иллюстрациялар жасау арқылы да әжептәуір табыс табуға болады. Кей клиент әр визуалға төлейді, енді бірі айына бір төлейді. Бұл енді келіскеніңізге қарай. Жалпы шығармашылық көзқарасыңыз болса, сурет өңдеуге арналған редакторларды үйреніп алу қиын емес. Ондай курстың ақылы да, тегін де түрі толып жатыр.
- Рерайтер, копирайтер. Жақсы жазатын адамдарға қосымша табыстың таптырмас жолы. Мақала не пост жазу арқылы табыстан бөлек, таным көкжиегін де кеңейтуге болады. Өйткені бір материалды әзірлеу үшін сіз бірнеше дереккөзге сүйенесіз.
- Есепші, заңгер. Бұл мамандықты меңгергендер үйден де аталған қызметтерді ұсына береді. Көбіне маманды толыққанды штатқа алуға мүмкіндігі жоқ компаниялар керек кезде көмектесетін заңгер, есепшінің көмегіне жүгінеді. Мысалы, жеке кәсіпкер болса, құжаттарын реттеп, тоқсандық есепті жабуға дегендей.
- Блогер. Өз блогын дамыту арқылы жақсы табыс тауып отырғандар аз емес. Мысалы, үйде отырған ана өміріндегі осы кезеңін сипаттап, күнделікті қызықты контент ұсына берсе, сол арқылы жарнама алып, ивенттерге шақырылып, ақылы курстар жүргізуі мүмкін.
- Репетитор. Пандемия кезінде көпшілігі онлайн оқуға үйреніп алды. Әрі қазіргі технологиялардың мүмкіндігі офлайннан еш кем емес. Сондықтан бұрын мұғалім болып істесеңіз, сол жұмысыңызды жаңа форматта жалғай аласыз. Айталық, ағылшыннан берсеңіз, шамаңыз келетін оқушыға тіл үйрететін курс жүргізіңіз. Топпен оқытасыз ба, жеке ме — өз еркіңіз. Бастысы, уақытты жоспарлап, мүмкіндікті сайласаңыз болғаны.
- IT-маман. Бағдарламалаушы, мәліметтер базасының мамандары сұранысқа ие. Олар жұмыс істейтін жер талғамайды. Американың компаниясында істеп, іс жүзінде Мальдив аралдарында жатуы мүмкін. Өйткені олардың жұмысы толықтай қашықтан істеуге қолайлы десек болады.
- Мамандық бойынша не бұрынғы қызметі бойынша жұмыс. Егер декретке дейін әйтеуір компьютер, құжат, коммуникацияға қатысты жұмыс істеген болсаңыз, соны онлайн атқара аласыз. Жолын таба білсеңіз болады. Айталық, жұмыс орныңызда сыйлы маман болсаңыз, үйден жалғастыратын тәсілді сұрастырып көріңіз. Басшылық келісіп қалса, үлгере алатын болсаңыз, онлайн жалғастыра берсеңіз болады. Сонымен қатар, тігінші, шаштараз, нэйл-мастер, визажист сынды мамандар да керек-жарақты толықтырып, үйінен істей алады. Бастысы, уақытыңызды дұрыс жоспарлаңыз. Күшіңіз жететініне көз жеткізіңіз.
Ата-аналарға арналған тайм-менеджмент
Қашықтан жұмыс істеу үшін адам кез келген форс-мажорға бейімдеп, бәрін шама келгенше алдын алуы керек. Өйткені үйде бала бар болғандықтан, неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Көбі бала ұйықтап жатқанда шаруаларын тындыруды жоспарлайды. Бірақ іс жүзінде бәрі ойдағыдай болмауы мүмкін. Себебі баланың ұйқысы бірде олай, бірде былай. Болмаса, балалар ұйықтап жатқанда анасы да көз шырымын алғысы келіп кетуі мүмкін. Сол себепті осындай факторларды ескеру керек. «Бәрін қырып-жоямын. Күшім тасып тұр» деп алып, соңында екі жаққа үлгере алмай, бекерден бекер күйіп кетпейсіз бе? Осы сынды сауалдарды өзіңізге қойып көріңіз. Егер «иә, бәрін үйлестіре аламын» деп сенімді болсаңыз, алға!
Баланы кім қарайды? Осыны шешіп алу маңызды. Өзіңіз үлгермей қалмайсыз ба? Әлде жақындарыңыздан біреу келіп көмектесе ме? Ол адамға айтып, кеңесіп алыңыз. Біреу үшін сырттай шешім шығарып алып, жеме-жемге келгенде ол кісі келіспей қалмасын. Егер келіссе, уақытын да нақтылау маңызды. Неше сағатқа, қай күндері келе алады? Мынаны ескеріңіз: қашықтан істеу сіз ойлағандай жеп-жеңіл емес. Иә, жұмысқа ерте тұрып, кептелісте тұрмайсыз. Бірақ оның да қиындығы бар. Қалай болған күннің өзінде офлайн істеген адам қандай жауапкершілік алса, онлайн мамандыкі де дәл сондай. «Баласы бар екен» деп жеңілдік жасайды деп күтпеңіз. Форс-мажорды түсінуі мүмкін. Дегенмен ондай жағдай жиі қайталанса не қызмет сапасы нашар болса, онда сізбен жұмысты тоқтатуы ықтимал.
Ал, сонымен қашықтан істеуге бел будыңыз. Енді не істеу керек? Бастысы, ұстамдылық. Бір уақытта бірнеше міндетті мойнына алған адамда кейде жоспар бұзылуы мүмкін. Мұндайда ересек адам ретінде мәселені реттеуді үйреніңіз. Бала құсап уайымдап, қобалжығаннан пайда жоқ. Ал енді сіз шеше алмайтын, орнына келмейтін дүние болса, сол күйі қабылдап, өз-өзіңізді ұстаңыз. Болмаса, көмек сұраңыз. Тынығып, қалыпқа келу маңызды. Жұмыс баласы жоқ адамның өзін шаршатады. Ал баласы бар болса, екі есе қиын. Сондықтан уақытылы ұйықтап, шаршауды басып тұру керек. Өзіңізге ұнайтын нәрселермен айналысып, демалып, өзіңізге күтім жасап тұруды ұмытпаңыз. Приоритеттерді бөліп қойыңыз. Бір күндік не апталық жоспар құрғанда отбасыңызды, өзіңізді, жақындарыңызды ұмытпаңыз. Оларға да уақыт керек, көңіл бөлу қажет. Бірінші кезекте не істейсіз, одан кейін — ойластырыңыз. Жолдасыңызбен жақсы қарым-қатынаста болыңыз. Жұмыс істеу, ақша табумен жүріп, отбасыңыздағы атмосфераға кері әсері тиіп кетпесін. Үйдегі міндеттерді бөліп алу қажет. Қанша жерден «терминатор» болсаңыз да, күндердің бір күнінде шарайсыз. Шаруаңыз бастан асып кетеді. Ондай дәрежеге дейін апарсаңыз, жақындармен араңызды суытып алатындай жағдайлар болып қалуы мүмкін. Сол себепті ересек балаларыңыз, жұбайыңызбен міндеттерді бөліп алыңыздар. Керек кезде көмек сұрап тұруды әдетке айналдырыңыз. Шаруаңызды баланың ояу кезінде істеп үйреніңіз. Сонда бала сізге қарап үлгі алып өседі. Одан қала берді бала ұйықтап жатқанда бәріне үлгеру үшін қапылып жүрмейсіз. Қаласаңыз, емін-еркін көз шырымын ала аласыз.
Егер баланың тәрбиесі мен кәсіби қызметті ұштастыру қиын екенін сезсеңіз, демек бірдеңе өзгерту керек. Жағдайдың өздігімен реттеліп кетуін күтудің қажеті жоқ. Өзіңіз шешпейінше, араласпайынша мәселе шешілмейді. Ол үшін өзіңіздің тараптан қадам жасалуы керек. Күн тәртібін дұрыстаңыз, приоритеттерді анықтаңыз, не нәрсені өзгертуге болады, қайтсе екі жаққа да тиімді нұсқа табылады — ойланыңыз.
Тайм-менеджментте кез келген саладағы адамға келе беретін әмбебап ережелер бар. Қашықтан істесеңіз де осы ережелерді ұстанып көріңіз:
- Егер қандай да бір шаруаның ұзақтығы 2-5 минуттан аспайтын болса, онда оны дереу істеп тастаңыз. Сонда миыңызда ұсақ-ұсақ мәселелер жүрмейді. Орындап отырсаңыз, басыңызды артық ойдан арылтасыз.
- Бақа әдісі туралы бұған дейін айтқанбыз. Уайымға салатын, жасалуы ауыр шаруалар болады. Ондайды негізі таңертең бітіріп тастаған жақсы. Мұны тайм-менеджментті «бақаны таң атпай жеп қою» тәсілі дейді. Ең қиын дегенді бітіріп тастасаңыз, әжептәуір жеңілдеп, өзге шаруаларға құлшыныспен кірісесіз.
- Паретте заңы деген бар. 20 пайыз тырыссаңыз, ол 80 пайыз нәтижеге әкеледі. Үй жұмысын да, қызметті де қатар алып жүріп, керемет боламын десеңіз, қателесесіз. Әйтеуір бір жағы сәл ақсап жүреді. Ондайда ең тиімді дегенін таңдап, соған назар салыңыз. Осылайша уақытты да, күш-қуатты да үнемдейсіз.
- Пайдалы әдеттер қалыптастырыңыз. Кемі 21 күн соны ұстанып, бойға сіңіріңіз.
- Кішкентайлары бар үйде тазалық сақтау қиын. Әйтсе де, қатты қаласаңыз, жинайтын жерді бірнеше бөлікке бөліңіз де, әрқайсысына 20 минуттан уақыт бөліңіз. Сонда қатты шаршамайсыз, үй де жиналады.