«Бизнестегі әйелдер». Кәсіп бастауға қаржыны қалай алуға болады?

Жарияланды
«Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы қалай және қандай шартпен жұмыс істейді?

Бүгінгі материалда еліміздегі «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасының әйелдер бизнесін қолдау ретін түсіндіреміз.

«Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы 2015 жылдың күзінен бастап іске қосылды. Оны Еуропалық қайта құру және даму банкі және Қазақстан Республикасының үкіметі қаржыландырады. 

Қазақстандық әйел кәсіпкерлерді Еуропалық қайта құру және даму банкі жиі қолдайды. Жыл сайын 1000-нан астам әйел осы банктен қаржылай қолдау табады. Сондай-ақ қазіргі таңда бизнес-ледилерге арналған несиелендіруді БанкЦентрКредит те жүзеге асырып отыр.

 «ASMAR – бірлік дәстүрлері» әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық конгресінде Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков мемлекет әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдау үшін айтарлықтай күш-жігер жұмсап отырғанын мәлімдеді. Бұған шағын және орта бизнестегі әйелдер үлесінің артуын дәлел ретінде келтірді. Кейінгі онжылдық кезеңінде, яғни 2010 жылы бизнестегі әйелдер үлесі 26% болса, 2021 жылы 43,3% болып артқан. Елде жасы 29-ға жетпеген әйел кәсіпкерлердің саны 90 мыңға таяп қалған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 37 пайызға көп.

Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Ұлттық жоба шеңберінде мемлекет тарапынан қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылып жатыр. Сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігі дамыту бойынша мемлекеттік қолдау халықаралық қаржы институттарының және «Даму» КДҚ» АҚ-ның түрлі бағдарламасы іске асып жатыр.

ҚР ҰЭМ Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп кәсіпорындарға техникалық көмек көрсету, сондай-ақ қаржылық қолдау арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін арттыруға бағытталған «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы бірнеше бағытты қамтиды. Банк кәсіпкерлерді қаржы ресурстарына, ноу-хау мен ақпаратқа қол жеткізумен қамтамасыз ете отырып, бизнесті ынталандырудың түрлі құралын ұсынады. Сонымен, бағдарлама ішіне қызметтер кіреді:

Консалтинг

Банк консалтингт қызметтерге жұмсалған жалпы соманың 60%-ын қайтарады:

  • стратегияны әзірлеу;
  • маркетинг және сандық технологиялар;
  • ұйымдастыру құрылымы;
  • операциялық қызметті құру;
  • автоматтандыру;
  • сапаны басқару;
  • қаржыны басқару;
  • сертификаттауға дайындық;
  • басқа да қызмет түрлері.
  • Бизнес-коучинг

Банк бизнесті дамыту бойынша ең маңызды үш бағыт анықталатын бизнес-коучинг жобалары бойынша шығындардың бір бөлігін өтейді.

Тәлімгерлік

Басшы әйелдер бизнес-жаттықтырушылардан тәлімгерлік сабақтар мен кеңестер ала алады және «отбасы-жұмыс» оңтайлы теңгерімін құра алады.

Тренингтер

Көшбасшылық, ұйымдастырушылық дамыту, интернет-маркетинг, қаржылық басқару, ақпараттық және компьютерлік технологияларды пайдалану сияқты негізгі дағдыларды дамытуға бағытталған тренингтерді ұсынады.

Несие беру

 «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы бойынша несие алуға болады. Ал егер ісіңіз экономиканың басым секторына жататын болса, онда «Даму» қорынан субсидия алуға үміттене аласыз.

Шетелдік сарапшылар

Егер бизнесіңіз өсіп, табысты болса және жылдық түсіміңіз 1 миллион еуродан асатын болса, онда банк одан әрі даму стратегиясын әзірлеу үшін халықаралық сарапшыларды шақыруға дайын. ЕҚДБ осындай жобалар құнының 80%-ына дейін жабады.

Банк ЦентрКредит – 1 260 000 000 теңгеге дейін

Банк ЦентрКредит ұсынып отырған әйелдер кәсіпкерлігіне бағытталған бағдарлама 2023 жылғы 27 наурызға дейін жалғасады. Мұндағы кредиттеу мақсаты – айналымдағы капиталды толықтыру, инвестиция жасау, сондай-ақ басқа банктерден және басқа кредит ұйымдарынан бұрын алынған қарызды қайта қаржыландыру. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 13,5% (СЖТМ – 14,35%-дан бастап). Ұзақтығы – 60 ай.

Несиелендіру шарты – кәсіпорын басшысы әйел адам болуы керек немесе бірнеше басшысы бар кәсіпорында басшы әйелдердің пайыздық мөлшері 50%-дан көп болуға тиіс. Сонымен қатар төлем қабілетін растайтын құжаттар талап етіледі. Мәліметті толығырақ алу үшін «605» нөміріне немесе қалалық телефоннан +7(727)244-30-44 нөміріне қоңырау шалыңыз.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағдарламалары бойынша мына кәсіп түрлері қаржыландырылмайды:

  • қару-жарақ немесе әскери құрал-жабдық жасау немесе сату;
  • қаржылық қызмет көрсететін қаржы мекемелері немесе компаниялар;
  • сақтандыру;
  • темекі өндіру немесе сату;
  • күшті спирт ішімдіктерді өндіру немесе сату;
  • казино және басқа да ойын мекемелері;
  • мүлікке немесе валютаға алыпсатарлық инвестициялар жасау немесе басқа алыпсатарлық инвестициялық қызмет;
  • басқа компанияның жарғылық капиталына жасалған инвестицияларды қоса алғанда, кез келген түрдегі бағалы қағаздарға инвестиция жасау.

Айта кетейік, 2021 жылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша кәсіпкер әйелдердің шамамен 10 мың жобасы, кредиттерге кепілдік беру құралы бойынша 7 мың жобасы қолдау тапты. Былтыр ақпараттық-қамтамасыз ету бойынша әйелдерге 84 мыңға жуық консультация, ал сервистік қолдау бойынша 17 мыңнан астам консультация көрсетілген. Сондай-ақ бүгінде республика бойынша әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 17 орталығы жұмыс істейді. Мақсаты – әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру.

Жыл сайын елдегі мыңнан астам кәсіпкерге қолдау біл­діре­тін Еуропалық қайта құру және даму банкінің мәліметінше, «экономикаға әйелдердің қаты­суы елдің орнықты дамып жат­қанын және әрбір адамға теңдей мүмкіндік берілетінін аңғар­тады». Олардың есептеуін­ше, қазір ШОБ-тағы әйелдер үлесі 43 пайызға жеткен. ҚР Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың мәлімдеуінше, елімізде әйелдер кәсіпкерлігі ішкі жалпы өнімнің 40 пайы­зын толтырып отыр. Ал халықаралық McKinsey консалтинг компаниясы 2025 жылға таман әйелдердің ерлермен тең дәрежеде экономикада жүруі әлемдік ІЖӨ-ге 28 триллион доллар қосады деп болжайды. Бұл өз кезегінде Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Афри­кадағы ішкі жалпы өнім көрсет­кішінің де 9 пайызға артарынан хабар бере­ді дейді сарапшылар.

Сондай-ақ оқыңыз