Инвестиция

Краудфандиң арқылы қалай қаражат тартуға болады?

Есте ұстайтын кеңестер топтамасы

Краудфандиң жайлы естігенсіз бе? Бұл — көпшіліктің ерікті түрде әлдебір адамға, яки оның жұмысына қаржылай қолдау көрсетуі. Яғни crowd — көпшілік, funding — қаржыландыру деген сөзден шыққан. Былайша айқанда, Асанның керемет бір жобасы бар. Сол идеясын іске асырып, әрмен қарай жалғастыру үшін ол басқалардан көмек сұрайды. Ал оның жұмысына көңілі толғандар қалауынша қаржылай қолдау жасайды. Мұны қайырымдылықтың бір түріне жатқызға болады. Кейбірі алдағы уақытта краудфандиң «өледі» дейді. Енді бірі «керісінше, кеңірек таныла түседі» деседі. Жалпы алғанда адам қашан да көмекке әзір тұрады. Соның ішінде жарқын идеялар, әлеуметке пайдалы қызметтер үшін қосымша ақша төлеуге, қолдауға әзір. Соған қарағанда, бұл ешқашан өлмесе керек.   

Жобаға қаржы тартуды жеке сайт арқылы немесе делдал алаңдары арқылы іске асыруға болады. Алғашқы моделі біздің елімізде танымал. Ал екіншісін көбіне Батыс елдері қолданады. Негізі көпшілігі делдалдардың алаңдары арқылы краудфандиңмен айналысады. Бүгінде ең белгілі сервистер деп Kickstarter мен Idiegogo-ны айтуға болады. Мұндай алаңқайлар ақша жинау әдісіне қарай екі түрге бөлінеді. Біріншісінде, «не толық жинайсың, не түк те алмайсың» деген принцип бар. Яғни сіз өзіңізге керек соманы белгілейсіз. Егер жиналған ақша оған жетпесе, ештеңе алмайсыз. Асып кетсе, бәрін аласыз. Бұл әдістің тәуекелі жоғары десек болады. Екнішісі бұған қарағанда жұмсағырақ. Алаңқай сіздің айтқан сомаңыздың қанша пайызын жинау керегін айтады. Айталық, сізге 1 миллион теңге керек болып, алаңқай талабы бойынша 50 пайызы жиналуы тиіс десе, демек 500 мың теңге жинай алсаңыз, қалаған сомаңызға жетпей тұрса да ала бересіз. Екі түрінде де сайт көрсеткен қызметі үшін аздаған комиссия алатынын айта кету керек.   

 Алаңқайлар арқылы краудфандиң жасарда бастысы, жинай алатын соманы жазу керек. Кейбірі көрсеткен сомаға жеткізе алмай жатса, өзі қосады. Ол ар тұрғысынан дұрыс емес екені түсінікті. Соның кесірінен краудфандиңге қатысты алып-қашпа сөздер, келіспеушіліктер болып тұрады. Кейде аталған алаңқайларда қажет соманы жинамаса да, артынша әлдекімдерден демеушілік тауып, қаржы тартатындар да болады. Сол жағынан алып қарағанда Кикстар сияқты сервистерді жарнама құралы десек, артық емес. Өйткені жобаңыз белгілі бір уақыт сол жерде көрініп тұрады.  

Краудфандиңнің ең танымал бағыттары

  • Кино және видео
  • Гаджеттер мен жаңа дүниелер
  • Бизнес-стартаптар
  • Кітап шығару
  • Ғылыми зерттеулер
  • Кәсіпкерлік
  • Сән
  • Әлеуметтік жобалар
  • Музыка

Негізі кез келген бағытта көзге түсіп, қолдау табуға болады. Бұл жерде бастысы, идеяңыздың болуы мен оны дұрыс жеткізе білуіңіз. Сонымен бірге жоба кем дегенде 25-50 пайызға әзірленген болғаны жақсы. Яғни жұмыс басталып, енді әрмен қарай жылжуға қаражат керек десе, қолдаушылар жақсы табылады. Айталық, сіз режиссер болсаңыз, түсіретін фильміңіздің трейлері дайын, командаңыз жасақталған, сценарий жартылай болса да жазылған болсын.

Есте ұстайтын жайттар

  • Идея керек. Жалпы қазіргі заманда талантты адам жерде қалмайды. Сондықтан идея болса, алға! Барлығын үтір-нүктесіне дейін дайындаңыз. Біреудің ақшасы болған соң, оған аса жауапкершілікпен қарау керек.
  • Команда жасақтау керек. Көбіне жоба аясында бірнеше адам жұмыс істеуі қажет болады. Сондықтан команда жасақтап алыңыз. Ақша жинауды бастамас бұрын маңызды дүниелерді толықтай талдап шығыңыздар. Кім не істейтінін нақтылау керек.
  • Қай сайт арқылы жұмыс істейтініңізді шешіп алыңыз. Қаражат жинауға арналған платформаларда мынадай ереже бар: бір жобаны басқа платформаға салып, қаржы жинауға болмайды. Сондықтан нақты біреуіне тоқталмас бұрын бәрін қарастырыңыз. Артықшылықтары мен кемшіліктерін тізіңіз. Сөйтіп қолайлы деп тапқан біреуіне жобаңызды жолдаңыз. Есіңізде болсын: әр тиынына есеп бересіз. Әйтпесе, беделіңізге нұқсан келеді. Әрі желіге шыққан әр ақпарат іздеу жүйелерінен жоғалмай, есінде сақталады.
  • Жобаны сипаттаңыз. Бұл шығармашылық процесс десек, қателеспейміз. Жобаны әзірлеу қандай жауапкершілікке толы іс болса, сипаттамасын жазу да сондай. Өйткені қолдаушылар алдымен осыған мән береді. Қызықтырса, әрмен қарай жоба туралы оқиды. Адамның бойына сенім ұялататын бейнеролик жасаңыз. Жобаны соңына дейін апарып, жақсы әсер беретініне жұртты сендіру керек. Ал ол үшін ондай сенімділік сіздің өзіңізде болмаса, бәрі бекер. Жобаға қатысты жасалып жатқан дүниенің бәрін халыққа көрсетіп, хабардар етіп отырыңыз. Әйтпесе, іс жүзінде жұмыс жүріп жатқанымен, ол процесс көрінбесе, көпшілігі сізді тоқтап қалды деп ойлауы мүмкін. Сондықтан олармен үнемі байланыста болыңыз. Әлеуметтік желіде парақша ашып, сонда белсенді жүргізіңіз.
  • Идеяны іске асырыңыз. Қажет соман жинап болсаңыз, онда жұмысқа кірісіңіз. Соңына дейін апарыңыз. 

Краудфандиң қадамдары

  1. Алдымен жобаның мақсатын анықтап алу керек. Яғни әлеуметтік жоба ма, инвестициялық өнім бе, әлде бар бизнесті жандандырғыңыз келе ме? Осы мақсатына байланысты краудфандиңнің қай түрі сізге қолайлы екені белгілі болады.  
  2. Бұдан кейін жобаның қаржыландыру тәсілін таңдайсыз. Айталық, сіз кәсіппен айналысып жүрген адамсыз. Қысқа мерзімге қаражат керек болып қалса, онда краудлендиң тәсілі дұрыс. Яғни қарапайым адамдар не өзге компаниялар сізге қарыз бере тұрады. Ал енді жаңа бизнес-жобаның шымылдығын түргелі жатсаңыз, краудинвестиң жақсырақ. Мұнда инвесторлар ақша салып, оны компанияңыздың бағалы қағаздарына ауыстырады. Айталық, сұранысы бар тауар өндіріп, қызмет көрсетесіз. Ондай жағдайда инвесторларға еңбегіңіздің нәтижесін айырбастауды ұсынып көрсеңіз болады. Мысалы, маникюр жасайтын студияңыз болса, бір жылға сертификат түрінде дегендей. Краудфандиңнің бұл түрін қаржылай емес сыйақы негізінде деп те атайды. Бұдан бөлек, қайырымдылық бағыттағы түрі бар. Аты айтып тұрғандай, бұл қайтарымсыз негізде жүреді.  
  3. Қаржыландыру көзін тапқан соң алаңды белгілеу маңызды. Яғни қай түрін таңдасаңыз да, инвестициялық платформа яки делдал-сайтпен бірлесіп жұмыс істеуге тура келеді. Яғни бұл платформада жекелеген инвесторлар қаражат қажет етіп жатқандарды табады. Бір айта кетерлігі, осы жолмен екі ортада ақша табуға тырысатын алаяқ аз емес. Сондықтан әлдекімге инвестор болмас бұрын фаундердің сенімді екеніне көз жеткізу керек. Ол үшін платформаның қашаннан бері жұмыс істеп келе жатқанын, қанша жемісті жобаны жүзеге асырғанын, қазіргі таңда қанша адам бұған қаражат салып жатқанын, желіде бұл жоба жайлы қандай пікірлер айтылып жатқанын шолып шығу міндетті. Олай болмаса, қаражатыңыздың табан астында айырылып қалуыңыз бек мүмкін. Бәлкім, осы платформаға бұрын-соңды қаражат салып яки не жинаған адам тауып, сонымен тілдесіп көрерсіз. Сөйтіп жұмысына қатысты баға алуға болады. Сонымен бірге келісімшарт жасасарда бәрін мұқият оқып шығыңыз. Қажет болған жағдайда заңгер көмегіне жүгініп, заң жүзінде қаншалықты дұрыс жасалып жатқанын бір тексертіп алу артық болмайды. Егер көңіліңізді кішігірім болсын күмән болса, тәуекел етпеген жөн. Одан қайта сенімдірек басқа алаң іздеп көріңіз. Ал енді бір қарағанда бәрі дұрыс, таза жұмыс істейтін алаңға ұқсап тұрса, серіктесіп жатқандардан жобаны іске қосу үшін қандай құжат керегін сұрап, жекелеген инвесторларға арнап инвестициялық ұсыныс рәсімдей ала ма, жоқ па біліп алыңыз. Сондай-ақ, ақша аударымы үшін бөлек комиссия төлене ме, әлде ортақ бір ғана комиссия алына ма — анықтау керек. Асықпаңыз. Бірнеше платформаға бас сұғып, қарастырыңыз. Сөйтіп бірнеше нұсқаның ішінен ең дұрыс дегенін таңдаңыз.
  4. Инвестициялық ұсыныс жасаңыз. Ол үшін инвестициялық платформамен келісімшарт жасасу қажет. Алдымен алаңда тіркеліп, аккаунт ашасыз. Сөйтіп сізден талап етілген құжаттарды көрсетесіз. Платформада жобаңызды таныстырасыз. Сайт мамандарымен бірлесе отырып, инвесторларға арналған ұсыныс жасап шығуыңыз керек. Оның ішінде сіздің мойныңызға алатын міндеттемелер тізіледі. Мәселен, инвесторларға қандай көлемдегі қаражатты қанша мерзім ішінде төлеп бересіз немесе олар инвестиция құйғаннан кейін қандай құқыққа ие болатынын көрсетесіз.  
  5. Құжат түрінде бәрін рәсімдеп болсаңыз, ақша жинауға кірісіңіз. Негізі әр платформада инвесторлардың аударған ақшасы түсетін белгілі бір есепшот болады. Яғни заң аясында қаражаттың айналымы реттеліп тұрады. Қаржыландыруды сұраған кәсіпкерлерге керек сумма жиналған соң аударып, тиісті жобасын таппай не ақшасын салмайтын болып ойы өзгерген инвесторларға ақшасын қайтарып, платформаға тиісті комиссиясын береді. Банктер тарапынан әлгі қаражаттың түпкі мақсатына жеткеніне көз жеткізу үшін бақылау жүргізіледі.     
  6. Ең соңғы қадам — есеп айырысу. Яғни жоба сәтті жүзеге асса, инвесторлармен есеп айырысып, салық төлеу керек. Әу баста келісімшарт жасалғанда бәрі жазылған. Енді қалғаны соны орындау ғана. Бұл дегеніміз бағалы қағаз түрінде беру, цифрлық құқық тарату не ақшасын қайтару деген сөз. Краудлендинг арқылы іске асырсаңыз, инвесторларға платформаның инвестициялық есепшотына ақша салу арқылы қайтарасыз. Краудфандиң арқылы тартылған қаражат табыс түрінде саналатындықтан, цифрлық құқық сататын болсаңыз, ол үшін салық төлеуге міндеттелесіз.