Қазақстанда әуе апаты азайып келе жатыр ма?
1941 жылдан бері елімізде 89 әуе апаты болыпты. Бұл Ресеймен салыстырғанда 16 есе аз болғанымен, Қырғызстанмен салыстырғанда 4 есе көп көрсеткіш. Соңғы 10 жылдықтың өзінде екі ірі әуе апаты болды. Қазақстан азаматтық авиациясының сапасы аса жоғары емес. Қызмет ұсынушы компания саны өте аз. Бәсекелестік жоқтың қасы. Ал тұтынушылар саны жыл санап өсіп бара жатыр.
Finprom порталы дәл осы әуе апаты мәселесіне тереңірек талдау жасап көрген.
Қазақстанда 2022 жылдың басынан бері бір ғана әуе апаты болды. Ақпан айында санитарлық рейсті орындаған ұшақ өртенді. Борте экипаждың екі мүшесі мен бір дәрігер болған. Төтенше жағдайдан құрбан болғандар жоқ. Былтыр үш әуе апаты тіркелді. Соның бірі – бортында Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің алты адамы болған әскери ұшақтың құлауы. Алты адамның төртеуі қаза тапты. Өзге екі әуе апаты азаматтардың ажал құшуына әкеліп соққан жоқ және жолаушылар рейсіне де қатыстары жоқ.
Бұл ретте пандемия жылы ретінде есте қалған 2022 жылы әлем бойынша ірі коммерциялық жолаушылар ұшағының қатысуымен 40 әуе оқиғасы тіркелген. Соның бесеуі өкінішке қарай 299 адамның қаза табуымен аяқталды. Бұл туралы To70 әуеконсультациялық фирмасы хабарлады. Мұны әлі де өте сирек кездесетін жағдайларға жатқызуға болады, өйткені сол жылы халықаралық әуе көлігі қауымдастығының бағалауы бойынша әлемде ішкі және жаһандық әуе тасымалының саны 16,4 млн адамды құраған.
Авиациялық қауіпсіздік (ASN) желісінің дерегі бойынша 1941-2022 жылдар аралығында елімізде 89 әуе апаты болыпты. Оның ішінде жолаушылар ұшағы да, ауыл шаруашылық ұшағы да, әскери әуе кемесі де бар. Орташа қисынға салғанда жыл сайын бір апаттан болып отырған. Ең көп апат 1976 жылы тіркелген – 4 әуе оқиғасы. Бұл ретте жалпы алғанда 26 жыл ішінде осы кезеңде бірде-бір әуе апаты тіркелмеген.
ASN ақпараты бойынша, 80 жылдан астам уақыт ішінде болған әуе апаттарынан 804 жолаушы қаза тапқан. Бүкіл есепті кезеңдегі 89 әуе апатының 50-інде кем дегенде бір адам қаза болды. Коммерциялық ұшақтардың тек үш апаты ғана бүкіл өлім жағдайының 43 пайызын құраған. Олар – Ту-134, Ту-104 және Ту-154 (ең көп таралған кеңестік реактивті жолаушылар ұшағы) ұшақтары.
«1980 жылы Ту-154 ұшағының құлауы Қазақстан территориясындағы ең ірі әуе апаты болып саналады. «Аэрофлот» компаниясының әуе лайнері Алматы – Дондағы Ростов – Симферополь бағыты бойынша рейсті орындаған, бірақ ұшып шыққаннан кейін 1 минут 40 секундтан соң жерге құлап түседі және түгелдей қирайды. Бортта болған 166 адамның барлығы ажал құшты. Басқаларға қарағанда жиі апатқа ұшырайтын (соның бәрінде бірдей адам өлімі тіркелмеген) ұшақ үлгілерін негізінен жүк тасымалдауға маманданған «Антонов» компаниясы шығарған. Апат бойынша рекорд Ан-2Р ауыл шаруашылық ұшағына тиесілі. Оның еншісінде 18 апат және 26 өлім жағдайы бар, өзге ұшақтардың барлығының бұл реттегі көрсеткіші 10-нан көп емес», деп жазады Finprom.
Ресеймен салыстырғанда Қазақстандағы әуе апаты әлдеқайда аз, көрші елде 1941-2022 жылдар аралығында 1395 әуе апаты болыпты. Бұл біздің елдің көрсеткішінен 16 есе көп. Дегенмен, Ресей бойынша деректер де ертерек жағдайларды – 1919 жылдан бастап жазады. Содан бері осы уақытқа дейін 1416 әуе апаты болды. Оның 613-і жалпы саны 9 432 жолаушының қазасына әкелді. Бірақ әуе апатының саны бойынша Қазақстан Орталық Азияда бірінші орында тұр. Екінші орында – Өзбекстан. Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан үшінші, төртінші және бесінші орындарды иеленген.
To70 деректері бойынша, 2020 жылы әрбір 1 миллион ірі коммерциялық ұшақ рейсі үшін 0,27 өлімге әкелетін апат немесе әрбір 3,7 миллион рейс үшін бір өлімге әкелетін апат болған. Салыстыру үшін: 2019 жылы 1 миллион рейске 0,18 адам өліміне әкелетін апат болған.
Әуе апатының аз болуы үшін ұшақ паркі жаңаруы тиіс. Кесапаттың кесірі ескі ұшақтардан басталады. Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бүгінгі таңда әуе көлігіндегі жолаушылар ағынының күрт өсуі байқалатынын, бұл өз кезегінде самолеттердің жетіспеушілігі, рейстердің кешігуіне әкеп соғып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отырғанын айтты.
«Қызметіме алғаш кіріскен күннен бастап мәселені зерделеп, оны шешу мақсатында қазақстандық әуе тасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырған болатынмын. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа әуе кемесі пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, SCAT авиакомпаниясы – 9, Fly Arystan – 3 және Air Аstаnа 2 ұшақпен толықтырылады», дейді министр.
Осылайша, SCAT әуекомпаниясының флоты дәл бүгін жаңа бортпен толықтырылды. 174 орындық «Boing-737 МАХ 8» заманауи ұшағында бизнес-кластағы орындар да қарастырылған. Қыркүйек айының ортасына дейін компания тағы 4 Boeing әуе кемесін сатып алмақ. Жалпы аталған авиакомпанияның флоты 27 ұшаққа дейін ұлғайтылады.
Сонымен бірге әуе тасымалдарына қатысты сұраныс жылдан жылға артып келе жатқандықтан, қазақстандық әуе кемелері паркі 2025 жылға дейін 51 бірлікке ұлғаятыны мәлім болды. Министр Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостермен кездесуінде әуе рейстерінің кешігуі мен ауыстырылуы, сонымен бірге билеттердің тапшылығына байланысты алаңдаушылық білдірді.
Кездесу барысында министр жаңа әуе кемелерін жеткізу үрдісін жеделдетуді және рейстердің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтары бұзылмауын қадағалауды тапсырды.
«Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін 5 жаңа ұшақ сатып алынады деп күтілуде. Атап айтқанда, Fly Arystan әуе компаниясының әуе кемелері паркі 2 ұшақпен, Air Astana 3 самолетпен толықтырылады. Жалпы 2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ, оның ішінде 3 Boeing 787 Dreamliner ұшағы келеді деп күтілуде», дейді ведомство басшысы.