Қазір қаржылық сауатты болу – ең маңызды талап. Ақшаның құнсыздануы да қаражатты ұқыптап пайдалануды талап етеді. Бір компания тұрмақ, бір адам ретінде тек өзіңнің қаржыңды басқара білу де үлкен өнер. Қазір қаржы ұйымдарының ауқымы кеңейді. Түрлі мобилді қосымшалар жарық көріп жатыр. Олардың бәрімен бірдей жұмыс істеу және түрлі жалған идеялар мен бастамаларға еріп кетпей, қаржы әлемінде салқынқандылық таныту өте қиын.
Егер сіз міндетті түрде баюды мақсат еткен болсаңыз, онда қазірден бастап әр тиыныңызға тиянақпен қараған жөн. Ол – өте күрделі әрі қызық міндет.
Бұл ретте әлемге әйгілі адамдардың тәжірибесі мен ақыл-кеңесіне құлақ түре жүрудің артығы болмайды.
«Вавилондағы ең бай адам» – Джордж Клейсон
Бастап кету үшін таптырмас ыңғайлы кітап. Біріншіден, кітап көлемі шағын. Енді оқып жүрген азаматтар үшін қалыңдығымен «қорқытпайды». Екіншіден, қарапайым тілмен ең негізгі 3 қаржылық ақыл-кеңесті береді.
- Ақшаның бір бөлігін бөліп қою керек. «Әуелі өзіңе төле» деген қанатты сөзі Клейсоннан соң бүкіл қаржы қауымының өкілдері қолдана бастады;
- Ақша өз-өзінен көбеюі үшін инвестициялау керек;
- Қарыз берме. Қарыз алма.
«Қәне сенің табысың мен шығының туралы сөйлесейік» – Карл Ричардс
Ричардстың ойынша, тіпті ең білім, ең ақылды адамның өзі жеке бюджетін қалыптастырудан қорқады. Бұл қиын сияқты, оны зерттеуге уақыт пен күш жоқ, ал шын мәнінде ақша – стресс, сондықтан бәрін бұрын қалай бар, солай қалдырған дұрыс.
«Бай әке, кедей әке» – Роберт Кийосаки
Америкалық кәсіпкер, инвестор, жазушы, мұғалім Роберт Тору Кийосаки «Бай әке, жарлы әке» бестселлерін 47 жасында жазды. Ол жалпы 26 миллион данамен тараған он бес шақты кітаптың авторы.
Кітаптың басты идеясы: тек жалақыға жұмыс істеу – тұйыққа тірейді. Сен мейлі қанша жалақы алсаң да бәрібір бастықтың пікіріне, компанияның жағдайына тәуелдісің. Жұмыстан кетіп қалсаң, немесе күтпеген жерден дағдарыс туындаса, еңбек қабілеті жоғалған жағдайда сен ақшасыз қаласың. Тіпті қарызға батуың да ықтимал.
Бұл жерде «кедей әке» – Кийосакидің туған әкесі. Жалпы алғанда ол бәрін дұрыс істеген: жақсы білім алған, тәуір қызметке орналасқан, несиеге үй сатып алған. Бірақ отбасы қаржылық қиындықтан қашып құтыла алмай қойған, ал «кедей әкенің» өлімінен кейін оның артында мұра болып тек қарыз қалған. Есесіне «бай әке» – Кийосакидің жақын досының әкесі ақшасын пассивке емес, активге арнап, байлыққа ие болған. Актив – табыс әкеледі, пассив – шығынға батырады.
Кітап мысалдарға, қарсы мысалдарға және қорытындыларға құрылғандықтан оқуға және қорытуға оңай. Балалар мен жасөспірімдерге арналған нұсқалары бар.
Кітап үзіндісі:
«Бірі бірнеше долларды үнемдеуді ойласа, екіншісі жай ғана инвестициямен айналысатын. Бір әкем мені ғажап түйіндеме жазуға үйретсе, екінші әкем жұмыс күшін ұйымдастыратын бизнес жоспарды құрастыруды үйретумен болды. Екі мықты әкемнің болуы маған оларды салыстырып, ой түйіндеуге ықпалын тигізумен болды. Менің байқағаным, адамдар өз өмірін өзінің ой-пікірі арқылы құрастырады».
«Қаржылық еркіндікке апарар жол» – Бодо Шефер
Шефердің айтуынша, бізге өзіміздің кейбір қағидаларымыз кедергі келтіреді. Мысалы, «Мен – шығармашылық адамымын, қаржы – менің мәселем емес». «Үлкен ақша – үлкен проблема». Осы және басқа да толып жатқан мысалдарды келтіре беруге болады. Ондай ой-сенімнен арылу үшін санадағы қалыптасып қалған өмір бойғы мысалдардың көзін жойып, басқаша ойлану қажет.
Көптеген оқырмандар кітапта «бос сөз» жоқ екенін, оның ойлауды өзгертуге көмектесетінін және керемет шабыт беретінін айтады.
«Инвестордың манифесті» – Уильям Бернстайн
Бернштейн инвестициялаудың қалай жұмыс істейтіні, қайдан бастау керек және қандай қателіктерден аулақ болу керектігі туралы айтады. Көптеген жаңадан бастағандар алғашқы сауда-саттықта күйіп қалады және инвестициялаудан көңілі қалады. Акцияларды тиімді сатып алу және сату үшін сіз көптеген ақпаратты ескеріп, талдауыңыз керек: валюта бағамдары, мұнай бағасы, компания есептерінің деректері, елдің экономикасы мен саясаты және тағы да басқа толып жатқан факторларды назарға алу қажет.
Кәсіпқой емес адамдар үшін Бернштейн биржалық қорлардың акцияларына (биржадағы сауда қорлары немесе ETF) инвестициялауға кеңес береді. Бұл әртүрлі елдердің, фирмалардың қағаздарының бір қорға жиналуы. Олардың әрбірінің акциясын алған жағдайда әрқайсысынан аз-аздан пайда көруге болады. Бұл әлдеқайда оңай және тыныш.
«Инвестиция психологиясы» – Карл Ричардс
Инвестордың басты жауы – ол өзі. Жаңадан бастағандар да, кәсіпқойлар да эмоциялардың салдарынан қателеседі: ашкөздік, қорқыныш, шатасу, толқу. Ричардстың кітабы зиянды импульстарды басқару және ұтымды инвестициялау туралы.
Карл Ричардс өз кітаптарында саналы түрде сауда жасауға көмектесетін кеңестер береді. Жеке қаржылық жоспарды ұстануды үйретіп, маркетингтік қулықтың құрығына түсіп қалудан сақтандырады. Қаржылық жетістік қатал тәртіпті қажет етеді. Кітаптан әмияніңізде және миыңызда тәртіп орнататын бірнеше кеңестерді білесіз.