Қоғам

Күйзелістің көзін жоятын әдеттер

Депрессияға түспеу мүмкін емес, бірақ жеңілдеудің жолын табуға болады

Адам болғандықтан, күйзеліске түседі. Оған әсер ететін жағдайлар да сан түрлі. Дегенмен көбіне осы депрессияны адам өзі таңдап алып жатады. Әрине, күйзеліссіз өмір мүмкін емес. Дегенмен қанша жерден пікірі керағар, неше түрлі болып келсе де, психологтар мына ойға келгенде келіседі: әркім өзінің ойы мен реакциясын басқара алады және басқаруға тиіс. Бұл дегеніміз көп жағдайда адам өзін тежей алмағаннан депрессияға беріліп қояды деген сөз. Стресстің қандай деңгейде болатыны да адамға байланысты. Бүгінгі материалымызда оқырмандарға күйзеліске түспеуге, түскен күннің өзінде жедел жинақталуға көмектесетін әдеттер туралы айтамыз.

  • Не қалайсыз, не нәрсеге қол жеткізгіңіз келеді — соны нақты білуіңіз керек. Өйткені мақсаты айқын болмаса, не үшін және немен айналысып жатқанын дұрыс білмейтін адам күйзеліске бейім келеді. Өмірден ләззат алуды үйрену керек. Ал мақсатына ұмтылып, әр қадам жасаған сайын жақындағанын білген адам, әлбетте, көңілді жүреді.
  • Маңызды деген нәрсеге фокус қоя біліңіз. Кейде адам көп нәрсемен айналысуы мүмкін. Бірақ олар қуаныш сыйламайды. Ақыры апатияға әкеп соғады. Ондай болмас үшін маңызды деген шаруалармен айналысуға әдеттеніңіз. Өзіңіз қалаған жетістікке жеткізер жол — сол. Неғұрлым фокусты жоғалтып алсақ, соғұрлым тығырыққа тірелеміз. Ол болса, жағдайда қиындатады. Сондықтан бір күнде әрі кетсе ең маңызды үш шаруамен айналысыңыз. Сол үшеуін өте жақсы орындасаңыз, уақыт қалса қалғандарына кірісесіз. Әйтпесе, ойыңыз шашырайды.
  • Прогресс пен процесс туралы ойлаңыз. Нәтиже туралы көп ойлана бермеңіз. Өйткені тек қорытындысына ден қойған адам невротикке айналады. Яғни жүйке жүйесі жұмысы бұзылады. Әлбетте, нәтиже мен мақсат туралы ойламау қою керек деген сөз емес. Бар болғаны процесстен рахат алуды үйрену керек. Сол арқылы прогресске қол жетіп жатқанын сезіну әлдеқайда жақсырақ.
  • Бір күндегі негатив эмоцияның бәрін шығарып тастап отыру керек. Күніне біз түрлі жағдайға тап боламыз. Оның ішінде жағымсыз жайттар болады. Оған өзіңіз не айналыңыз кінәлі болатыны белгілі. Бастысы, елемей қоя салмай, шығарып тастап отыру керек. Байқасаңыз, бүгінде көбі физикалық түрде емес, психикалық және менталдық тұрғыда шаршайды.
  • Күйзелісті қабылдап үйреніңіз. Негізі стресс бір іске құлшына кіріскенде, қатты толқығанда, белгілі бір жаңалықты күтіп жүргенде немесе қызықтыратын тапсырмаларды орындаған кезде пайда болады. Сондықтан күйзелісті толықтай өлтіріп тастауға болмайды. Болар іс болды. Қатты өкінбеңіз. Сол күйі қабылдап үйреніңіз. Қобалжитыныңызды, толқитыныңызды білесіз. Сол себепті оған бола күйзелмеңіз. Бастысы, қандай да бір шешім қабылдарда не кері әсері тиюі мүмкін сәттерде басқаруды үйренсеңіз жеткілікті. 
  • Денсаулығыңызға мән беріңіз. Тәніңіздің саулығын сақтаңыз. Білесіз бе, спортшылар мен спортпен айналысатын адамдар стресспен жақсырақ күреседі. Сондықтан спортты осы үшін-ақ жақсы көріп, онымен достасып кетуге болады. Кем дегенде жаяу жүруді әдетке айналдырыңыз. Бұл енді «спортпен мүлдем шұғылдана алмаймын» дегендерге арналған қарапайым әдіс. Болмаса, бимен айналысыңыз. Қазір бидің түрі де, курстары да көп. Сол секілді шатыр сатып алып, демалыс күндері жейтін тамақтарыңызды рюкзакқа салып, табиғат аясына тынығуға кетіп қалыңыз. Осы сынды кез келген физикалық белсенділік сізге тек жақсы әсер береді. Ол ағзаға ешқалай кері әсер етпейді. Керісінше, күйзелістің көзін жоюға көмектеседі.  
  • Күн сайын бір игі іс жасауға дағдыланыңыз. Негізі ойлап қарасақ, өмірде орнын таппағандай, ғұмыры босқа өтіп жатқандай сезінетіндер күйзеліске жиі түседі. Ал енді ондай сезімге берілмес үшін не істеу керек? олай болса, өзіңізге пайдалы болатын бір затпен айналысуды әдетке айналдырыңыз. Сонда бойыңыздағы мазасыздық азаяды. Өзіңізге ғана емес, жақындарыңызға, айналадағы бейтаныс адамдарға да жақсылық жасаңыз. Сонда өзіңізді жақсырақ сезінесіз, маңызыңызды түсінесіз. Ол үшін міндетті түрде сыйлық беріп, ақша шығарып жүрудің қажеті жоқ. Бар болғаны, біреуге жылы жымию, есік ашып беру, жол көрсету, емен-жарқын әңгіме айту жетіп жатыр. Бір қарағанда өте қарапайым, бірақ сондай пайдалы әдет. Осы сынды заттар адам бойындағы позитив ойларды тудырады. 
  • Өмірді қиындатпаңыз. Шаруа бастан асып, міндеттер иыққа қатты салмақ салғанда фрустрацияға әкеп соғады. Ол дегеніміз — күйзеліс. Ондайда реттелуге асығыңыз. Көз алдыңызға зат көп болған сайын, миыңызға салмақ түсуі мүмкін. Немесе бір күндік жоспарыңызда тым көп шаруа болса да, қиын. Ең маңызды дегендерін орындауды әдетке айналдырыңыз. Керемет өмірге ұмтыламын деп қолыңыздан келмейтін шаруалармен өзіңізді жүктеп қоймаңыз. Өйткені орындалмаған жоспар адамға жаман әсер етеді. Өзін күйзелтуге себеп болады. Дұрысы, шаруаларды жеңілдетуді үйреніңіз. Ең дұрыс шешімдер қабылдап, сол арқылы мәселені қиындатпай шешуді үйренгеніңіз өзіңізге жақсы.