Шаңсорғыштан робот құрастырған Талғар тұрғыны әлдеқашан миллионер атанған

Жарияланды
Өнертапқыш-бизнесменді  АҚШ пен Корея шақырып жатыр

Ол тіс дәрігері. Алайда оның өмірі мен мамандығын күрт өзгерткен – Тайландқа барған сапары. Тай елінен көрген робот мүсіні оны қалай миллионерге айналдырды? Бүгін де ескі-құсқы заттарды жинап, олардан құлтемір құрастырып, мұражай ашып миллионер атанған Талғар тұрғыны Қуаныш  Мұхамеджановтан сұхбат алдық.

Қуаныш мырза, өзіңізбен дұрыстап танысып алсақ?

Менің есімім Қуаныш. Жасым 40 –тан асты. Үш баланың әкесімін. Негізгі мамандығым –тіс дәрігері. Әкем де стоматолог. Алайда мен 10 жыл тіс дәрігері болып жұмыс істедім де, оны тастап бизнеске кеттім. Алайда өзімді бизнестен іздеп көрдім. Пиццерия аштым.  Алматыда кафе, мейрамханаларым болды. Бірнеше жыл пицца, бургер жасап, Талғар қаласында бизнесімді дөңгелеттім. Сосын оны тастап, робот жасайтын арт өнеріне бет бұрғаныма алты жыл болды.

Бизнестен неге кеттіңіз?

Бизнесіме пандемия әсер етті. Ұзақ уақыт карантинде отырып, ақыры робот құрастырып кеттім.

Сонда ақша тауып отырған кәсібіңізді тастап, өнертапқышқа айналып шыға келгеніңіз қызық екен?

Бұл арт өнері ғой. Менің бұл өнерге бет бұруыма Тайландқа барған сапарым әсер етті. Туристік сапармен сол елге барған кезде. кафе, мейрамханалардың қасынан роботтардың түр-түрін көрдім. Мен де Талғардағы кафемнің маңайына елді өзіне шақырып,  назарын аударып тұратын бір  арт инсталляция іздедім. Соңғы үлгідегі робот инсталляцияларды Қазақстанның бірде-бір жерінен таппадым.  Сосын әйелім өзің жасап көрсеңші деген ұсыныс айтты. Сосын өзім жасап көрейін деп ескі-құсқы кір машиналарды, шаңсорғыштарды жинап алып, робот құрастырдым. Алғашқы Бамблби роботты өзім жасап шықтым.

Сонда сізге ескі-құсқы заттарды кім әкеліп береді?

Темірлерді СТО машина жөндейтін жерлерден барып, сатып аламын.  Кейде, менің робот құрастыратынымды білетін адамдар әкеліп береді. Экологтармен көп жұмыс істеймін. Пластиктерді солардан аламын. Мәселен 14 дана ескі шаңсорғышты құрастырып робот жасап шығардым. Ескі-құсқы заттарды қабылдаған кезде телевизордан роботтың басын, холодильниктен аяғын, шаңсорғыштан арқасын жасауым мүмкін. Бәрі толық импровизациямен жасалады.  Ескі заттарды қоқысқа тастамай, екінші өмір сыйлап отырғаным бір жағынан экологияға да өте пайдасын тигізіп отыр. Әрі халыққа да өнер туындысы ретінде жетіп жатыр. Өзім де осыдан миллиондап пайда таба бастадым. Сөйтіп арт өнерімді монетизация жасадым.

Пайда демекші, бір роботты қанша теңгеге, кімдерге сатасыз?

Мегатрон, Оптимус Прайм, Бамблбей, Десептикон, Терминатор,  Автобот сияқты роботтарымды Мега сауда орталықтары сатып алды. Олар 2 млн теңгеден жалға да алып тұрды.  Астана Моторс компаниясы 2 мүсінді 5 млн 500 мың теңгеге сатып алды. Құлтемірдің ең арзанын миллион теңгеден саудаладым. Қымбаты 15 млн теңгеге дейін барады. Оптимус Прайм пен Ғарышкеме деген екі роботым бар. Олардың бағасы 15 пен 17 млн теңгенің аралығы. Роботтарымның көбін коллекционерлер сатып алады. Сосын шетелдіктер көптеп сұрап жатыр. Бірақ шетелдіктерге бұл роботтарымды сатпаймын. Келесі жылдан бастап, шетелге барып сол жақта құлтемір құрастырып, сол жақта сатамын. Топтамамдағы барлық құлтемірлерді өзім мұражай ашып, сонда қойып қойдым.

Мұражайды қай жерден аштыңыз? Оған кіру бағасы қанша тұрады?

Мұражайды Талғардың кіре берісіндегі жерден ашып қойдым. Көбінесе балалар мен шетелдік туристер қызықтап келеді. Кіру бағасы қымбат емес. Балаларға мың теңге. Ал ересектерге мың жарым теңгеден белгілеп қойдым. Мұражай ашу бұл туризмді дамытудың ең керемет жолы. Қолөнерді көрсету, одан ақша жасау шетелде керемет жолға қойылған. Ал бізде әзірге бұл үрдіс жақсы дамымай жатыр. Мәселен мен Алматы қаласынан үлкен мұражай ашқым келеді. Оған орын керек. Мемлекет, әкімдік туризмді дамыту үшін осындай мұражайларды көптеп ашып берсе, ел бюджетіне де жақсы табыс түсер еді. Біздің де бизнесіміз алға жылжиды.

Бүгінгі күні өнеріңізді алға жылжыту үшін не қажет?

Маған бүгінгі күнге дейін әкімдік, мемлекет ешқандай көмек берген жоқ.  Әкімдік біледі. Маған тек ірі спонсорлар керек. Мұражайды Алматыдан немесе басқа ірі қалалардан ашсам, құлтемірлерімді сатып алатын демеушілер қажет. Кішкентай мұражайыма шетелдіктер көп келіп жатқандықтан, оларды мұнда сыйғыза алмаймын. Әрі мұражайым қаланың шетінде тұр.

Айтпақшы осы қолөнеріңізді патенттеп алдыңыз ба?

Жоқ. Әзірге патенттеп үлгермедім. Уақытымның барлығы цехта өтеді. Бір роботты үш ай құрайтындықтан, менде құжаттармен жүгіруге уақыт та жоқ.  Сондай-ақ менің құлтемірді жасау әдісімді ешкім білмейді. Ерекше стильмен құраймын.

«Мені шетелдіктер шақырып жатыр» дедіңіз? Нақты қай елдер?

Америка Құрама Штаттары мен Корея. Ол жақтағылар бізбен бірге жұмыс істе деп қолқа салып отыр. Әзерге мен ол жаққа бара алмаймын. Мына мұражайымды қалыпқа келтіріп алып, ірі клиенттер тапқаннан соң бірақ барамын. Алдымен өз елімде осы арт өнерді дамытуым керек. Өсіп келе жатқан балаларға робот жасауды үйретуім керек. Келесі жылы сол шетелге барсам, ол жақта да үлкен мұражай ашатын шығармын.

IT саласында біліміңіз бар ма? Құлтемірлерді компьютерге қосып қимылдату керек дегендей?

Менің IT –саласында ешқандай білімім жоқ. Тек ескі-құсқы заттарды құрағанды жақсы көремін. Бала күнімнен арманым болатын. Дәрігер мамандығымды да арманымды орындау  үшін құрбан еттім. Дәрігер болып жүрген кезде мен клиникамды ашамын деген ой болды. Бірақ мейрамхана ашқан кезде еңбекті ақшаға айналдыруды үйренген соң, осы өнерді қорықпай бастап кеттім. Менің бұл мүсіндерімді басқа адамдар түсінбейді. Тек коллекционерлер мен ірі демеушілер ғана түсінеді. Басында 4 жыл ешкімге сатпай жүрдім. Құлтемірлерімді құрастырып қойып жүрдім. Сосын оны көрген адамдар сатшы, жалға берші деп қолқа сала бастады. Сосын бесінші жылы ғана сатуды бастадым.

Көмекшіңіз жоқ па?  

Жоқ. Екі цехым бар. Біреуі темірлерді өңдейтін, екіншісі пластик ерітетін. Бояймын, ақтаймын. Барлық жұмысты жалғыз өзім жасаймын.

Құлтемірлеріңіздің барлығы дерлік мультфильмнің кейіпкерлері. Балаларыңызбен бірге мультфильмді көп көресіз бе? Сол кейіпкерлерді дүниеге әкелесіз бе?

Бала күнімнен роботтар туралы комикстер оқып, мультфильмдер көп көремін. Қазіргі балалар қандай кейіпкерлерге қызығады сол бағытта жұмыс жасауға тырысамын. Менің өзімде 32 түрлі робот бар.  Маған достарым шетелден әкеп береді. Сол кішкентай робот ойыншықтарға қарап үлкен құлтемір құрастырамын.

Жастарға не айтасыз? Жұмыссыз жүргендерге ақша табудың қандай жолдарын ұсынасыз?

Әр адамда арман болады. Сол арманды жүзеге асыру керек. Бәрі ақшаға тірелмейді. Сүйікті ісіңмен айналыссаң ақша сені өзі іздеп табады. Ерінбеу керек. Хоббиіңді жетілдіру керек.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз