Инвестиция

Балаларға инвестициялауды үйретудің жолы қандай?

Қазақстанда талантты инвесторлар қалай көбеймек?

Қазір қор нарығы көпшілікке танымал бола түсті. Бұрынғыдай емес, азаматтар инвестициялауға атүсті қарамайды. Ақша салсақ, пайда тапсақ деген адамдар көбейді. Бірақ кәсіби мамандар инвестициялаудың букмекерлік ойын түрі секілді емес екенін қайталап айтудан жалықпайды. Себебі, инвестиция – ақыл-ой мен кәсіби біліктіліктің тоғысуынан туындайтын нақты қаржылық қадам.

Қазіргі балалар смартфонмен етене дос болып кетті де, оның ішіндегі құрылымдардың барлығын жаттап алды десе де болғандай. Олардан өркениет игілігін жасыра тұрудың өзі мүмкін болмай қалды. Демек, ақыры бала барлығына бейім екен, ендеше оған заман игілігін үйретудің де еш зияны бола қоймас. Осы ретте балаларға инвестициялауды үйрететін бастаманы Jusan банктің қолға алғанын естідік. Аталған екінші деңгейлі банктің бұл бастаманы қолға алуына не түрткі болғанын, бағдарламаның мақсаты қандай, қанша мерзімде перспективада нақты нәтижеге жете алатынын сұрап көрген едік.

Jusan Bank-тің Kursiv тілшісіне ұсынған ақпаратында Jusan Junior-дің басты мақсаты – балалардың қаржы сауаттылығын арттырып, оларды жастайынан қор нарығымен таныстыру делінген.

«Болашақта Қазақстан халқының қаржылай сауатты болуын қаласақ, онда бүгіннен бастап балаларға қаржы әлемін таныстыра бастауымыз керек. Ал қазір балалардың басым бөлігі смартфон қолдану мәдениетін жақсы меңгергенін ескерсек, оларға қаражат туралы білімді мобилді қосымша арқылы берген жөн. Сіздің сұрағыңыздың бірінші бөліміне тоқталатын болсақ, Jusan Junior-дің басты мақсаты – балалардың қаржылық сауаттылығын арттырып, оларды жастайынан қор нарығымен таныстыру. 

Мысалы, АҚШ-тағы балалардың 6 пайызында инвестициялық шот бар. Ал америкалық жаcөспірімдердің 49 пайызының банкте депозиті бар. Балаларға арналған инвестициялық қосымшада әлі ақша ұстап көрмеген балаларды қаржы әліппесімен таныстыратын курстар да қарастырылған. Курстар балаларға ыңғайлы болуы үшін видео және ойын түрінде жасалған. Әр сабақты орындап болған соң, жаңа жетістікке жетеді. Балалар тілімен айтқанда оны «ачивкалар» деп атаймыз. Қаржы әліппесімен танысып болған бала инвестициялық шотты ата-анасының көмегімен ашады. 

Олар өз кезегінде баланың қор нарығындағы барлық әрекетін бақылап отырады. Қандай акциялар алды, қандай бағалы қағаздарға өтінім берді және ай сайын ақша жұмсау лимиті сияқты дүниелерді толыққанды қадағалайды.

Өйткені, бала өзіне ұнаған қағазды алу үшін өтінім жасаған кезде оны ата-анасы өзінің Jusan Invest қосымшасы арқылы не растайды, не кері қайтара алады. Бұл қосымша арқылы біз болашақ инвесторларды дайындап шығамыз. Ал болашақ инвестор дегеніміз – Қазақстан экономикасына қомақты қаржы алып келетін, ақшаны дұрыс жұмсап, қаржы пирамидасы сияқты алаяқтарға алданбайтын сауатты адам.

Jusan Junior қосымшасы арқылы қор нарығымен танысқан балалар арасында Қазақстанның «болашақ Уоррен Баффеті» бар шығар. Кезінде Уоррен Баффет 11 жасынан инвестициялауды бастаған. Біз Jusan Junior арқылы Баффет сияқты мықты инвесторлардың шығуына үміт артамыз. 

Cұрағыңыздың екінші бөліміне тоқталатын болсақ, Jusan Junior – болашаққа бағытталған қосымша. Бұл бағдарлама балаларды қаржы әлемімен таныстырып, инвесторлықты үйретіп бастайды. Қор нарығы ережесімен танысады, акцияларға қалай өтінім береді, қалай дивиденд алады, компаниялар секторымен танысады. Перспективасына тоқталатын болсақ, жақын болашақта Jusan Junior қосымшасы арқылы, балаларға арналған инвестициялық бағдарлама көмегімен Қазақстанда біршама инвесторлар буыны пайда болады деп үміттенеміз», делінеді банк жауабында.

Біз банктен жобаның нарыққа әсері жайлы да сұрадық. Олардың айтуынша, балаларға арналған инвестициялық қосымшаны ересек адамдар қолданатын Jusan Invest қосымшасының бір бөлігі деп қарастыруға әбден болады.  

«Нарыққа әсер ету жағын айтатын болсақ, Қазақстан биржасына жаңа инвесторлар легін алып келеді. Бұл өз кезегінде нарықта сатылатын акцияларға деген сұраныс деңгейін арттырады деп ойлаймыз. Жастардың қаншалықты креатив әрі ақылды екенін ескерсек, бұған дейін көпшілік байқамаған секторлар мен бағыттар акциялар мен портфельді қалыптастыру стратегиясына жаңа көзқарас алып келуі мүмкін», дейді банк өкілдері.