Фобияның түрі көп. Соның бірі — телефонға тәуелділіктен шыққан қорқыныш. Оны «номофобия» деген терминмен сипаттайды. Бұл no mobile-phone phobia деген ағылшын сөзінен шыққан. Яғни телефонсыз қалудан қорқу. Ең алғаш рет аталған терминді Nomophobia is the fear of being out of mobile phone contact — and it’s the plague of our 24/7 age («Номофобия — телефонсыз қалудан қорқу, әрі ол біздің ғасырдың дерті) деген мақалада қолданылған. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты талдаймыз.
Номофобияның белгілері және салдары қандай?
Психоневрологтар номофобияның бірнеше симптомы бар дейді. Егер осы белгілер сізде болса, демек телефонға тәуелділікке шалдыққаныңыз.
- Телефоныңыздың қуаты азайса, бірден қобалжып, уайымдай бастайсыз;
- Жаңа хат, хабарлама келмеді ме деп сәт сайын қарағыштай бересіз;
- Жаңалықтар лентасын қайта-қайта жаңартып, бұрын оқып тастаған болсаңыз да, жаңа хабарлама келмесе де қарай бересіз;
- Хабар алмасуға арналған онлайн-платформаларда — мессенджер, әлеуметтік желіде үнемі қосулы отырасыз;
- Гаджетті бұзып алудан қатты қорқасыз;
Басты бес белгісін айттық. Мұндай сезім бар болса, демек сізде мазасыздық та болатыны белгілі. Соның салдарынан жүйке жүйесіне де кері әсер болады. Болмаса, алаңғасар болып кетесіз. Жүрек соғысы жиілеп, алақан терлеп, дене мүшелері тырысып қалуы мүмкін. Номофобияның салдарын да айта кетсек:
- Үнемі шаршаңқы жүріп, ұйқы қашады;
- Коммуникатив қабілет әлсірейді;
- Адамдардан алшақтап, социопатқа айналып кетуі мүмкін;
- Ашушаң, қатыгез болып кетеді;
- Есте сақтау қабілеті, интеллект, назар концентрациясы нашарлайды;
- Эмоциялық салқындық;
- Сезімін сөзбен білдіруі қиындайды.
Оған не себеп болады?
Жалпы алғанда номофобияға шалдығатындар сауаты төмен адамдар деуге келмейді. Тіпті оқыған-тоқыған адам болса да, еріксіз осындай күйге түсіп кетуі мүмкін. Яғни бұл жерде интеллектуал қабілеттің қатысы жоқ. Ендеше, номофобияға не себеп болуы мүмкін? Психотерапевтер ең жиі кездесетін мынадай бес себепті айтады:
- Жеке өмірінде мәселе көбейіп кеткендіктен, соны ойламас үшін телефонға «кіріп», ұмытуға тырысады;
- Офлайн өмірде біреумен коммуникация құру, байланыс орнату қиын. Сондықтан онлайға ауысқанды жөн көреді;
- Виртуал әлемде өзін керемет қылып көрсеткісі келгендіктен, электрон құралдарды пайдаланады;
- Өзін бәрінен хабардар болып жүретін, маңызды адам қылып көрсеткісі келгенде;
- Әлеуметтік, ақпараттық және өзге де изоляциядан қорқады.
Әсіресе, соңғы себеп өте өзекті. Себебі пандемияда өміріміз онлайнға ауысып кетті. Бәрі қашықтан жұмыс істеуге көшіп, қандай да бір жаңалықтан құр қалып қоймас үшін гаджеттің үнемі қосылып тұратынына үйреніп кеттік. Жалпы бұл қасиет қазір екінің бірінде бар. Номофобияны сипаттаған кезде «эскейпизм» терминін қолданады. Бұл дегеніміз — өмірдегі ұнамсыз тірліктің бәрінен телефонға үңіліп, кіріп кету арқылы қашуға тырысу. Сол жерде тұңғиыққа батуды айтады. Сөйтіп солай жоғалып кеткісі келген кезде қолында телефон болмай қалса, мазасыздықтың көкесі басталады. Негізі номофобияның себебі бұдан да тереңде жатыр. Одан қала берді, эскейпизмнің де сипаттамасы жалғыз ғана телефонға кіріп кетумен шектелмейді. Мәселе бұдан да тереңірек. Осы ретте номофобияның пайдасы мен зиянына да тоқтала кеткен жөн.
Зиян екені белгілі. Пайдасы бар ма?
Әлбетте, жоғарыда атап өткеннен кейін номофобияның зиян екені түсінікті. Өйткені мазасыздық, жағымсыз қылықтар, жадтың әлсіреуі сынды небір мәселе туындатады. Осыған қарап, номофобия деген адамға зиян деген ой қалыптастырамыз. Бұл тақырыпта ғалымдар түрлі мақала жазып, небір әлеуметтік эксперимент жасап шыққан. Нәтижесінде қаншалықты зиян екені дәлелденген. Десе де, пайдасын көргендер де жоқ емес. Мысалы No more phobia about nomophobia, яғни «номофобия туралы ойлап, қорқудың қажеті жоқ» деп есептейтін ғалымдар бар. Айталық, оңтүстіккореялық ғалымдар тобы зерттеу жасап, мынадай қорытынды жасаған: номофобияға шалдыққан адамдар жұмысын беріліп істейді, нәтиже үшін барын салады. Жұмыс уақыты біткен бойда үйін тұра қашатындарға қарағанда, жұмысын көбірек жақсы көреді. Яғни номофобтар көлемді жұмысты керемет нәтижемен алып шыға алады деседі. Осындай пайдалы тұсы бар екен. Дегенмен авторлардың өзі мұндайға шектен тыс әуес болмаған жөн дейді. Өйткені желіде таңнан кешке дейін отыру жақсы емес. Оның салдарынан эмоциялық түрде жанып кетуіңіз мүмкін. Ақырында құлшыныс жоғалып, шаршап, өнімділік азайып кетеді. Қорыта айтқанда, номофобияның пайдасына қарағанда зияны әлдеқайда көп. Сол себепті өзіңізден мұндайды байқай қалсаңыз, тезірек режимді реттеуге тырысыңыз. Шама келсе, осындай дәрежеге жеткізбеген жөн. Әйтпесе, кері әсері тым көп. Құтылу да ұзақ уақытты қажет етеді.
Номофобиямен күресті қалай жүргізу керек?
Мұны дерттің бір түрі деп қарастырсақ, демек, емделетін жолды да іздеу керек. Осы тұрғыдан алғанда диджитал детокс жайлы кеңестерге құлақ түреміз. Бұл туралы біз бұрын жазған едік. Одан бөлек, интернетте ондай кеңес жетіп артылады. «Номофобияны қалай жеңуге болады?» десеңіз, неше түрлі кеңес бар. Жалпы алғанда бірінші кезекте өзіңізге шектеу қоюдан бастаңыз. Ең қарапайым ереже: белгілі бір уақыт мүлдем телефон ұстамаймын деп шешіңіз. Күніне бірнеше сағат, аптаның белгілі бір күні дегендей. Хабарламаны қарағыштай бермей, «тәулігіне мынанша рет қана қараймын» дегендей ереже бекітіңіз. Одан қала берді назарыңызға аудара беретін, жұмысыңызға кедергі келтіретін қолданбаларды өшіріп не хабарлама келмейтін қылып тастаған жөн. Браузерде де артық терезені жауып тастап отырыңыз. Бұл — ең қарапайым әрі бастапқы ережелер.
Дегенмен фобияның бұл түрінен толықтай жазылу үшін мәселеге тереңірек үңілген жақсырақ. Сіздегі номофобияға не себеп? Соны анықтап алған соң ғана, емдеу жолдарына кіріссеңіз жөн болады. Яғни сізде белгілері бар ма — анықтаңыз. Жоғарыда бірнеше симптомын айттық. Одан бөлек, мына сұрақтарға «иә» немесе «жоқ» деп жауап беріп көріңіз.
- Ұйықтар алдында міндетті түрде телефон шұқып, тексересіз;
- Көзіңізді тырнап ашқан бойда телефонды қолға аласыз;
- Телефоныңызды мүлдем өшірмейсіз;
- Смартфон қуаты 30 пайыздан азайса болса, уайымдай бастайсыз;
- Далаға қоқыс төгуге шықсаңыз да, телефоныңыз болуы керек. Үйде ұмытып кетсеңіз, ерінбей қайта барып, алып шығасыз;
- Бір бөлмеден екіншісіне барсаңыз да, қолыңыздан телефон түспейді;
- Хат пен хабарлама келсе болды, бірден жауап беруге ұмтыласыз;
- Біреумен кездесіп, сөйлесіп отырсаңыз да арасында ой бөліп, телефонды тексере бересіз. Хабарлама келмесе де, сондай әдетіңіз бар;
- Мобайл желі немесе уай-фай өшіп қалса, күйгелектеніп кетесіз.
Егер осы сұрақтың басым бөлігіне «иә» деп жауап берсеңіз, демек сізде номофобия белгілері бар, бұл дертке шалдыға бастағаныңызды білдіреді. Үшеуден көбіне жауабыңыз «иә» болса, онда сізге дұрыстап ойлану керек. Телефонсыз қалудан қорқуыңыздың себебі не? Шынымен сізге үнемі байланыста болу керек пе? Әлде ішкі мазасыздық қана ма? Бәлкім, бастығыңыз маңызды шаруа тапсыратын кезде таппай қалады деп қорқатын боларсыз? Егер солай болса, онда белгілі бір ережелер енгізіп қоюға кеңес береміз. Мысалы хатқа ұзақ дегенде 1 сағат ішінде жауап беретініңізді ескертіңіз. Телефон алмасаңыз, қолыңыз бос болмағаны. «Кейінірек міндетті түрде хабарласамын» деңіз. Әлде жұбайыңыз тым қызғаншақ па? Қоңырау шалғанда екі гудоктан кейін алмасаңыз, үйде айқай-шу бола ма? Ондай жағдайда, қарым-қатынасты реттеу керек. Қызғануына себеп бар болса, екеуара сөйлесіп, шешіңіздер.
Айтпағымыз, мәселенің түпкі себебін анықтаған жақсырақ. Сонда мазасыздық азаяды. Осы ретте номофобиядан құтылудың бірнеше себебін қоса айта кетейік. Назарыңызда жүрсін!
- Нағыз керек кезде қуаты отырып қалмас үшін үнемі толық қуаттап жүріңіз. Болмаса, пауер-бэнк алып жүріңіз. Сонда көңілде мазасыздық болмайды. Байланыссыз қалмайсыз. Қуаттағышты да сөмкеге салып жүріңіз.
- Жұмысты аяғына жеткізіп істеп жүріңіз. Сонда жұмыстан кейін әріптестер қоңырау шалып, мазаңызды алмайды.
- Жұмыстан тыс уақытта айналысатын ермек керек. Спорт, би, достармен бас қосу, курс және т.б. Ол іс сізге қуаныш сыйлап, телефонға телміртпей қоятын болсын.
- Тайм-менеджментті реттеңіз. Тек жұмыспен, үй шаруасымен, хоббимен айналысатын белгілі бір уақыт бөліңіз. Сонда әлеуметтік желіге, хаттарға бас қатырмай, беріліп істейсіз.
- Шұғыл жауап беруді қажет етпейтін болса, хабарламаларды өшіріп қойыңыз. Әйтпесе, назарыңызды аудартып, уақытыңызды алатын түрлі фактор болуы мүмкін. Ол сіздің өнімділігіңізге кері әсер етеді.
- Телефоныңыздың өз орны болсын. Жұмыс үстелінде, бөлмеде дегендей. Сонда қай жерге тастағаныңызды ойлап, бас қатырмайсыз. Тек сол жерге қоюға әдеттеніңіз.
- Ақпарат алудың түрлі тәсілін пайдаланыңыз.