Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге жазаны қатаңдату қажет – Ә.Смайылов

Жарияланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлайды.

Ішкі істер министрі Марат Ахметханов жыл басынан бері елімізде апаттар бойынша барлық көрсеткіштердің өскенін айтты: ЖКО (9 429), қаза тапқандар (1 478) және жараланғандар (12 394) саны артты. Бұл орайда талдау автомектепте оқымай, көлік айдауды «өз бетінше үйренгендер» адам өліміне алып келетін ЖКО-ның 50%-на жауапты екенін көрсетіп отыр.

Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жолдар аса қауіпті. Аталған өңірлерге Қазақстан бойынша барлық ЖКО-ның 56%-ы, жарақат алғандардың 55%-ы және қаза тапқандардың 41%-ы тиесілі. Жалпы есепті кезеңде полиция 4,5 млн-ға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісінің жолын кесті, 17,5 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды, 20 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды.

Министр техникалық тексеру орталықтарын ашуға қойылатын талаптар төмендегеннен кейін тексеруден өту туралы жалған талондар беріле бастағанын атап өтті. Мәселен, 106 мың жүргізуші техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін көлікті басқарғаны үшін жауапқа тартылды, тағы 80 мың жүргізушіге жалпы техникалық тексеруден өтпегені үшін айыппұл салынды

Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстан жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік рейтингте 107-орында тұр: дамыған елдерге қарағанда, бізде жол апаттарынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары. 

«Жалпы біздің елімізде жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай өте күрделі: 8 айда жол апаттарының саны 14%-ға, қаза тапқандардың саны 18%-ға көбейді. Орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады. Бұл өте ауыр жағдай», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы елімізде жүргізушілер арасында көлік жүргізу мәдениеті өте төмен екенін атап өтті. Жол ережесін жиі бұзатын шамамен 71 мың жүргізуші анықталды. Олардың кейбірі биыл жол ережесін 150 рет бұзған. 

«Әрине, мұндай жүргізушілерді қатаң жазаға тарту керек», — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Премьер-Министр жүргізушілерді даярлау сапасы да күмән тудыратынына назар аударды. Үкімет басшысының ойынша, автомектептер жұмысындағы тәсілдерді өзгерту қажет, себебі бүгінде оларды бақылап жатқан ешкім жоқ, лицензия берілмейді. 

«Көлік жүргізуге арналған автодромдар жеткіліксіз. Әкімдіктер бұл мәселені бизнеспен бірге қарауы тиіс», — деді ол. 

Әлихан Смайылов жалпы білім беретін мектептерде балаларға жол жүру ережесі оқытылмайтынын айтып өтті. Автокөліктерді техникалық тексеру сапасына қатысты да сұрақтар көп. 

Премьер-Министрдің сөзінше, көлік апаттарының негізгі себептері – жолдардың нашар жағдайы.

«Қазақстандықтар тарапынан жолдың сапасына қатысты шағым өте көп. Мәселен, 26 қыркүйекте Ақтөбеде тұрғындар айналма жолды жауып тастады. Себебі ол жолда не жарық жоқ, не жаяу жүргінші өтетін жер, не қауіпсіздік элементтері жоқ. Мұның бәрі жол апатына алып келеді», — деді Әлихан Смайылов. 

Жалпы, Премьер-Министрдің ойынша, жол қауіпсіздігі саласында бейнекамералар мен басқа да техникалық бақылау құралдары жеткіліксіз. Мәселен, республикалық маңызы бар автожолдарда бейнебақылау жүйесі тек Ақмола облысында ғана бар. 

«Біздің басты міндетіміз – жол қауіпсіздігі, жол апаттары мен одан қаза болу жағдайларын азайту бойынша кешенді шешімдер қабылдау», — деді Әлихан Смайылов

Сондай-ақ оқыңыз