Алматы тұрғындары көмірді банктік мобильді қосымша арқылы сатып ала алады

Жарияланды
Егер келген көмір сапасыз болған жағдайда оны сіз қайтара аласыз

Бүгіннен бастап Алматы қаласының тұрғындары қатты отынды Halyk Homebank қосымшасы арқылы сатып алу мүмкіндігіне ие. Кеше жаңа пилоттық жобаға Қостанай облысы қосылса, аптаның соңына дейін Павлодар облысы да қосылады деп күтілуде. Бұл туралы ҚР ИИДМ Баспасөз қызметі хабарлады.

Мобильді қосымша арқылы сату нүктесін, көмірдің қажетті маркасын және көлемін таңдау мүмкіндігі бар. Сонымен бірге онлайн төлем жасап, тауарды 3 айдан 6 айға дейін бөліп төлеуге болады.

Аталған заманауи шешім қатты отынды тікелей және кезексіз сатып алуға, сондай-ақ халықтың жылыту маусымына дайындығын айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Тиісті жұмыстар басқа да өңірлерде жүргізілетін болады. 

«Егер келген көмір айтарлықтай сапасыз болған жағдайда оны сіз қайтара аласыз. Бұл мәселе өңірлік көмір операторлары мен көмір разрездерінің жауапкершілігінде», – деді Т.Жолмағамбетов.

Айта кетерлігі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, көмірді жеткізіп беру мен бөлу мәселелерін ерекше бақылауда ұстап отыр.

2022 жылғы қаңтар-тамызда елімізде 73,7 млн тонна көмір өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ға артық. Көмір өндіруші кәсіпорындардың деректері бойынша баға өткен жылғы деңгейде сақталған. Ал сату орындарында көмір бағасының өсуіне жол бермеу үшін оны үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету және автомобиль көлігімен елден тыс жерлерге әкетуді 6 айға шектеу жөнінде шаралар қабылданды. 

Сондай-ақ оқыңыз