Судың тарифы қымбаттаған сайын, қоғамдық монша бизнесінің табысы құлдырап кеткен. Осы бизнес иелерінің өздері 2022 жылдың аяғында көптеген қоғамдық моншалардың жабылу қаупі бар екенін жасырмайды.
Біз тілдескен кәсіпкер Серік Ерешұлы 15 жыл бойы қоғамдық моншалар кәсібін жүргізіп келеді. Қазір кәсіп өзін-өзі ақтамай отырғанын алға тартады.
«Өзім үнемі моншаға баратын адам болғаннан кейін, кезінде осы бизнесті көрейін деп шешім қабылдағанмын», – дейді Серік Ерешұлы.
– 2008 жылдан бастап 2011 жылға дейін монша кәсібі өте табысты болатын. Ол кезде судың кубы арзан болды. Ол кезде кубына суық су 20 теңге, кәріз құдығының кубына 10 теңгеден төлейтінбіз. Ыстық судың да кубы екі жүз теңгедей болатын. 2011 жылы коммуналды мекемелер судың құнын бес есеге көтерді. Суық судың кубы сол кезден бастап 170 теңге болды, кәріз құны 80 теңгеге барды. Ыстық су да бес есеге бірақ көтерілді. Содан бері табыс жоқ. Жыл сайын коммуналдық төлемдер қымбаттап жатыр.
– Табыс жоқ болса, неге осы бизнесте қалдыңыз?
– Бұл жерде байып кету мүмкін емес. Себебі моншаның шығыны өте көп. Мына ғимараттың өзін біз айына бір миллион теңгеге жалға аламыз. Бүкіл тапқан табыс жалдап отырған моншаның ақшасын төлеуге, коммуналдық қызметтерге кетеді. 4-5 қызметкердің айлығын береміз де сонымен өзімізге 400-500 мың теңге ғана қаражат түседі. Өзім осында бастық қана емеспін, сантехник, электрик болып та жұмыс істеймін. Әйелім және екі ересек ұлым да осы жерде жұмыс істейді.
– Қосымша қызметкерден көрі, отбасымен жұмыс істеген тиімді ме?
– Себебі қосымша қызметкерлер алуға қаражат жетпейді. Мәселен, менің әйелім бастық болып жүріп, осында еден жуа салады. Моншаның ішіндегі клиенттерге тамақ тасиды. Шайын қайнатып береді. Екі ұлым кассада отырады. Мен су құбыры бұзылса сантехник боламын. Жарық өшіп қалса электрик боламын. Ақша үнемдеуім керек қой. Электрик пен сантехникке ақша төлемеу үшін өзім таңның атысынан күннің батқанына дейін осында жүремін. Соның өзінде арқа ысатын, еден жуатын, бу қазанын тазартатын, тамақ пісіретін мамандарды жұмысқа алып отырмын. Осылардың әрқайсысына 150 мың теңгеден айлық төлесем, әйелім мен екі ұлыма 100 кейде 120 мың теңге ғана жалақы төлеймін.
– Бұл бизнестің тағы бір осал тұсы қандай?
Монша кәсібін ашсаңыз жазда минусқа кетесіз. Яғни моншаға түсушілер жазда қалада болмайды. Бәрі қыдырып шетелге, ауылға, демалуға кететіндіктен моншаға келуші клиенттеріміздің саны азаяды. Сол кезде шығынға да батып қаламыз. Тек қыс мезгілінде ғана 400-500 мың теңге табыс табамыз. Әрине, кәсіп ауыстырғым келеді. Бірақ басқа бизнеске баруға мүмкіндік жоқ. Бүкіл жастық шағымды осы кәсіпке арнағаннан кейін үйреніп кеттім. Қазір бір Алматыда 2000 мыңнан асатын монша бар. Бәрі бәсекелестеріміз. Олармен жарысып, қызметтерімізді жақсартуымыз керек.