Жаңалықтар

Шетелдік азаматтарға ЖСН беру тәсілдері қарастырылды

Шетелдік азаматтарға ЖСН алу үшін ХҚО-ға екінші рет оралу қажет емес

Алматыда шетелдік азаматтарға ЖСН беру үшін ашылған арнайы ХҚО өз жұмысын жалғастыруда. Бүгінде Жетісу ауданы, Құлагер шағынауданы, Қазыбаев көшесі, 286в мекенжайында  орналасқан спорттық-сауықтыру кешені маңында  ресейліктердің қарасы көп. Күшейтілген ХҚО қызметкерлері таңғы сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін «Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыру» мемлекеттік қызметі бойынша үзіліссіз қызмет көрсетуде. Кезекте тұрғандарға тегін су таратып, барлық жерге диспенсерлер орнатып қойған. Тіпті, шетелдік азаматтардың түнейтін жері болмаған жағдайда жиналмалы төсектер де дайындап қойған.

  «Жетісу ауданының Әкімдігі спорт-сауықтыру кешені ғимаратын тегін беріп отыр.Осында 40-тан аса жұмыс орнын ұйымдастырып, қызмет көрсетудеміз. ЖСН-ді кез келген шетел азаматы бизнес жүргізу және қаржылық операциялық процестер үшін алатынын білесіздер. Бізде күніне шетелдіктердің  3-3,5 мың өтінімі қаралуда. Бұл әдеттегі жүктемеден 50 пайызға артық. Сондықтан, жүктемені азайту мақсатында, ЖСН алу тәсілдері қарастырылуда. Енді Ресей азаматтары ЖСН-ді екінші деңгейдегі банк бөлімшелерінен (ЦентрКредитБанкі),сондай-ақ, онлайн режимінде арнайы бот, банктік қосымша немесе SMS хабарлама арқылы ала алады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Алматы қаласы филиалының директоры Абдурасул Кулдашов.

     Күшейтілген ХҚО-да жұмыс қызу жүріп жатыр. Филиал басшылығы, Ішкі қауіпсіздік қызметі да осында. Көші-қон қызметінің мамандары да ресейліктерге кеңес беріп отыр. Құжаттарды аудару, нотариальды куаландыру қызметі де ұйымдастырылған.

 «Ресейден келіп жатқан азаматтарды жылы қабылдап, қамқорлық көрсетіліп жатқанын көріп жатырмыз. Қазақ халқының қонақжайлығы, адамгершілік қасиеттерін үлгі етіп көрсеткіміз келеді», – дейді ресейлік «Осторожно, Собчак» ютуб арнасының  тілшісі Евгения Сазонова.

   ЖСН алу үшін резидент еместердің өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты, нотариалды куәландырылған сенімхат (көрсетілетін қызметті алушының өкілі жүгінген жағдайда) және өтініш толтырылады.      

     ХҚО-ға кезекті алдын ала «Мобильді ХҚО» қосымшасы, eGovmobile, egovkzbot2.0 telegram-бот, eGov электрондық үкімет порталы және бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі арқылы брондауға болады. ХҚО-да кезекті брондау үшін электрондық үкімет порталының басты бетінде «Шетелдіктер үшін ХҚО-да кезекті брондау» қызметін таңдау, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірін енгізу, мекеменің атауын көрсету қажет. ХҚО, келу мақсаты, күні мен уақыты толтырылады.Сәтті брондау кезінде шетелдік азамат көрсетілген уақыттан 15 минут бұрын ХҚО-ға келіп, кезек талонын алады.

   Еске салайық, шетелдік азаматтарға ЖСН алу үшін ХҚО-ға екінші рет оралу қажет емес. Дайын құжат өтініште көрсетілген қазақстандық телефон нөміріне жіберіледі.

ЖСН алуға болатын «Банк ЦентрКредит» бөлімшелерінің мекенжайы:

  •  Гагарин к-сі, 244 А;
  • Розыбакиев к-сі, 111;
  • Масаншы к-сі, 57 А;
  • Назарбаев даңғ., 226;
  • Айманов к-сі, 140, ғимарат 55 А;
  • Панфилов к-сі, 98;
  • Бөгенбай батыр к-сі, 156;
  • Төле би к-сі, 143 А;
  • Тимирязев к-сі, 42;
  • Ақсай-2 ш.а., 9 А, ғимарат 46-47;
  • Қонаев к-сі, 1;
  • Жандосов к-сі , 1;
  • Назарбаев даңғ., 65;
  • Нұркент ш.а, 5, корпус 16-19;
  • Шевченко к-сі, 140.