Президент ипотека санын арттыруды тапсырды. Қандай жеңілдетілген бағдарлама енгізіледі?

Жарияланды
Нарық тағы бірнеше бағдарламамен толықпақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама санын арттыруды тапсырды. Нақтырақ айтқанда, президент аймақ жұртшылығымен кездесуде жеңілдетілген ипотека бағдарламасын өзге өңірлерде де қолдану керек деген ұсынысын айтты.

«Жастар бастапқы жарна ретінде баспана құнының 10 пайызын салып, 19 жылға ипотекалық несие алуына болады. Жылына 5 пайыздық өсіммен 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Бұл ипотеканы мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері, журналистер және жоғары оқу орындарының оқытушылары ала алады. Биыл 75 несие берілді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы  аталған бағдарламаның бюджетін көбейтіп, жеңілдетілген несиенің санын арттыру керегін айтты.

«Бұл – жергілікті жас отбасыларды, жас мамандарды қолдауға арналған тиімді әдіс. Олар басқа аймақтарға көшпей, туған жерінде еңбек етуге жақсы мүмкіндік алады. Мұндай тәсілді өзге облыстар да қолдануы керек», деді президент.

Сарапшы Дәулет Мұқаевтың айтуынша, бұл аса тиімді бастама. Енді қаражат мөлшері де, баспаналы болу мүмкіндігі де арта түседі.

«Жастарға баспана. Бұдан былай жастарға берілетін ипотекаға бөлінетін қаражат мөлшері көбеймек. Елімізде «Елорда жастары», «Алматы жастары», «Әулиеата жастары» секілді бағдарламалар кейбір аймақтарда бар. Енді аймақ саны да артады. Үй алушы жастар (35 жасқа дейінгі) да көбейеді. Бұл бағдарлама аясында бастапқы жарна – 10 пайыз. «Отбасы банк» проценті – 5 пайыз. Президент бүгін айтты екен деп ертең ипотека бермейді. Ертең ақша бөліне салмайды. Бұл шамамен келесі жылы іске асады. Келесі жылға ақша бөлінеді», дейді тұрғын үй саласының сарапшысы Дәулет Мұқаев.

Осыған дейін елімізде жаңа ипотекалық бағдарлама пайда болатынын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де хабарлаған еді. Ведомствоның хабарлауынша, несиелеу мерзімі 20 жылды құрайды, ал алғашқы жарнасы тұрғын үй құнының 20 пайызынан кем болмайды. Үйді бастапқы нарықтан немесе салынып жатқан нысандардан алуға болады.

Министрлік дерегі бойынша қазіргі құрылыс қарқыны жағдайында 2023 жылдан бастап ипотекаға деген сұраныс 430-450 млрд теңге немесе 34-35 мың пәтер мөлшерінде қанағаттандырылмай қалуы ықтимал. Бұған басты себеп банктердегі нарықтық ипотеканың тапшылығы болмақ.

Ал Қазақстан құрылысшылар одағы алғашқы жарна төлемінсіз және жылдық 5 пайызбен жаңа ипотекалық мемлекеттік бағдарлама шығарайық деген ұсыныс айтты.

«Елдегі танымал ипотекалық бағдарламалар аяқталуға жақын. Қазіргі бар бағдарламалар критерийлерге байланысты жылжымайтын мүлік нарығы реалиясынан алыс қалды. Бұған дейін талай рет қарапайым қазақстандықтарды қолдайық деп үкіметке өтініш білдірдік. Қазіргі «Ұмай», «Бақытты отбасы» сияқты бағдарламалар жұмыс істеп тұрған жоқ. Бағдарлама бар, бірақ ақшасы жоқ. Мұны бір деп қойыңыз. Екінші ескеретін жәйт – бағдарлама бар, алайда шарттары қатаңдап кеткен, не болмаса клиент ол шарттарға сай келмейді», дейді Құрылысшылар одағы филиалының директоры Уәлихан Нысанов.

Олар сондай-ақ әлеуметтік осал топ пен мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар пайызсыз және алғашқы жарнасыз бағдарлама шығару керек деген де ұсыныс білдірген еді.

Сарапшы Талғат Ерғалиев алдағы он жылдықта баспана қажет ететін адам саны күрт көбейеді деп болжайды.

«Баспана мәселесі ушығып, алдағы 7-8 жылда үйге мұқтаждар саны 10 миллион адамға дейін артуы ықтимал. Үкімет құрылыс саласын қаржыландыру қажет. Содан кейін елімізде  ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру үшін құрылыс материалдары өндірісін дамыту керек. Яғни, оған да жоба жасап, қаржы бөлген жөн. Себебі құрылыс материалдарының басым бөлігі шетелден келеді. Қазақстанда соңғы 20 жыл бойы пәтер бағасы жыл сайын кем дегенде 10-20 пайызға қымбаттайды. Егер қазірден бастап, үкімет құрылыс саласын дамытуға  қатысты тиісті шаралар қабылдамаса бұл үрдіс тоқтамайды», дейді ол.

Соңғы мәлімет бойынша, еліміздегі екінші деңгейлі банктердің ипотекалық портфелі 4 трлн теңгеге жеткен. Жылдық өсім – 47,9 пайыз. Айта кету керек, ипотекалық несиелеу нарығындағы үй алу үшін ең тиімді бағыт – «Отбасы банктің» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесімен несиелеу. Банктің ең танымал өнімі – аралық займдар. Қазірге дейін аралық займдар жылдық 7-ден 8,5 пайызға (ЖТСМ – 7,4 пайыздан) дейін беріліп келді. Кейін ол 5 пайызға дейін төмендейді. Алайда 2022 жылдың 1 қазанынан бастап бағалау көрсеткішіне (ОП) тәуелді (ол өз кезегінде жинақтау мерзіміне тәуелді) дифференциалды сыйақы ставкасы қолданыла бастады. Ставка диапазоны жылдық 7-11,5 пайызды құрайды (ЖТСМ – 7,4 пайыздан).

«Отбасы банкті» есептемегенде үздік ставка мына банктерде бар:

  • «Банк ЦентрКредитте»: 13 пайыздан (ЖТСМ – 14,1 пайыздан);
  • «Банк Фридом Финанста»: 16 пайыздан (ЖТСМ – 17 пайыздан);
  • Halyk Bank-те: 16 пайыздан (ЖТСМ – 17,4 пайыздан).

Сонымен қатар «КЗИ Банк» пен Altyn Bank-те де ставка 16 пайыздан басталады. Өзге қаржы институттарындағы ЖТСМ 17,6-18,3 пайыз аралығында.

Айта кету керек, аталған қаржы институттарынан бөлек бізде Bank RBK, Freedom Bank, Nurbank, ForteBank, «Қазақстандағы Қытай банкі» және «Шинхан банк» ипотекалық несие ұсынумен айналысады.

Қазақстанда қазір 621 мың адам үй кезегінде тұрса, соның 402 мыңы – әлеуметтік осал топ өкілдері.

Сондай-ақ оқыңыз