Қоғам

Төртінші курс студенті айына миллион теңге табыс қалай тауып жүр?

Дрон құрастыратын Бексұлтан Әйтенмен сұхбат

Suleyman Demirel атындағы университеттің ІV курс студенті Бексұлтан Әйтен бірер жыл бұрын курьерлердің қызметін алмастыратын дрон ойлап тапқан. Бұл дрондар тапсырыс берушіге бургер, пицца сынды фаст-фудты тез арада жеткізе алады. Кәсіпкерлердің қызығушылығын оятқан құрылғы жайын білмекке Бексұлтанмен тілдестік.

Фото: жеке архивтен

– Сіз кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдететін ерекше дрон ойлап тауыпсыз? Сіздің ұшатын құрылғыңыздың басқа дрондардан ерекшелігі неде? 

Мен құрастырған тасымалдаушы дрондар тек тамақ қана емес, жүктерді де қажетті жерге жеткізе алады. Бірақ, қазіргі уақытта бұл дронға тамақ, яғни фаст-фуд жеткізетін кәсіпкерлер қызығып жатыр.  Мысалы, тамақ таситын курьер күніне 10-15 тапсырыс орындап, 200 -300 мың айлық алса, бұл дрондар да тура солай тапсырысты орындап, көп қаражатты үнемдей алады. Бұл тасымалдаудың өте тиімді және арзан жолы.

– Фаст-фуд сататын қай компаниялардан ұсыныс түсіп жатыр?

–  Ондай компаниялар өте көп. Бірақ нақты қай компаниялар екені жасырын қалсын. Негізінен жылдам дайын болатын тамақтар. Әсіресе бургер мен донер сататын кәсіперлер тапсырыс беруде.

– Қазіргі уақытта сізде неше дрон бар?

– Менде алты түрлі дронның прототипі бар. Егер тапсырыс келсе барлығын ойдағыдай жасап беремін.

Робототехникаға тапсырыс қаншалықты жиі түседі?

– Жобаларыма қатысты әртүрлі тапсырыстар түседі. Робототехника сабағына слайдтардан бастап стартап жобаларына дейін. Жобаларымды әлеуметтік желіге салып тапсырыс қабылдайын.

–  Дрондарды сатып, айына қанша қаражат табасыз?

– Айына 1 млн теңгеге жуық қаржы табамын. Бір айда 3-4 жобаға тапсырыс қабылдаймын. Бос уақытым жоқ.

Осы заманауи құрылғыларыңызды қай жерде құрап шығарасыз? Әлде арнайы ғимарат жалдайсыз ба?

– Біздің Жоғарғы оқу орнында арнайы роботтарды құрап шығаратын зертхана бар. Сол жерде жұмыс істеп, тапсырыс қабалдаймын.

– Болашақта тағы қандай өнертабыспен елді таңғалдырғыңыз келеді?

–  Болашаққа жобалар мен идея өте көп.  Енді әскери мақсатта қолдануға болатын робот дрондарды жасау ниетім бар. Бұл адам шығының азайтуға көмектеседі. Дрондардың тек тамақ пен әскери бағытта емес, медицина саласында пайдасы көп боларына сенемін. Мен болашақта адам таситын дрон құрап шығарғым келеді. Осы дрондар арқылы әуеде ұшып жүруге. Ол үшін Алматы өте тиімді қала. Ғимараттар өте биік емес, ыңғайлы. Бұның бәрі уақыт пен болашақтың еншісінде.

Сұхбатыңызға рақмет.