Инвестиция

ҚазМұнайГаз IPO-сы желтоқсанның басында өтеді

Акцияларды орналастыру сол айдың 10-на дейін аяқталады

«ҚазМұнайГаз» компаниясының IPO-сы желтоқсан айының басында жоспарланып отыр. ҚМГ акцияларының 90,42% иелік ететін «Самұрық-Қазына» АҚ процесті 10 желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы 7 қазанда журналистерге «Самұрық-Қазына» АҚ-ның дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жұмаділ хабарлады.

«ҚазМұнайГаз» IPO-сын желтоқсанның басына жоспарлап отырмыз. Осы айдың ортасындағы мерекелермен қабаттасып қалмас үшін, 10 желтоқсанға дейін аяқтаймыз», — деді ол.

Компанияя акцияларын AIX және KASE биржаларының брокерлері арқылы, сонымен қатар Tabys мобильдік қосымшасы немесе Қазпошта бөлімшелерінде тікелей өтініп беру арқылы сатып алуға болады.

Қор өкілінің айтуынша, дәл қазір бағалау жүргізіліп, инвесторларға қандай акциялар пакеті ұсынылатыны шешіліп жатыр.

Бұл ретте Ернар Жұмаділ компания акциларының негізі үлесі «Самұрық-Қазына» АҚ-да қалатынын айтты (кемінде 50 пайыз). Қажетті бүкіл ресми іс-шара 9 қараша дейін аяқталып, сол кезде нақты ақпарат жарияланбақ.

Акцияларды орналастыру барысында мемлекеттік холдинг инвесторларды үш топқа бөледі. Бірінші топқа қазақстандықтар кіреді. Екінші топқа қазақстандық институционалды инвесторлар жатқызылады. Ал үшінші топ – шетелдік қорлар, брокерлік компаниялар, сақтандыру компаниялары сынды халықаралық институционалды инвесторлар.