Пәтерді сәтті сатудың құпиясы

Жарияланды
Хоумстейджиң негіздерімен таныстырамыз

Қазір пәтер сату мәселесі өзекті. Кейбірі сатардан бұрын жақсылап жөндеу жұмысын істеп, ішін ретке келтіреді. Жылан жалағандай тазалап, күйіп кеткен лампаны ауыстырып, шаңын сүртіп қояды. Одан қала берді, жетпей тұрған тұрмыстық техника, жиһазды да қосуы мүмкін. Мұның бәрі — пәтерді қымбаттау бағаға өткізудің қамы. Көрер көзге жайлы, жарық болып тұрса, бас-аяғы бірнеше аптада өтіп кетеді. Ал кей пәтерлер жылдап өтпей тұрады. Бүгінгі материалда хоумстейджиң, яғни пәтерді сатып алушының талаптарына сай етіп, нарықты зерттеу туралы айтамыз.

Пәтер сату — сауданың бір түрі. Ол да басқа тауарлар секілді маркетиң амалдарын қолдануды талап етеді. Яғни сатпас бұрын нарыққа анализ жасап, таргет аудиторияны, оның қалауын анықтау керек. Сөйтіп осы жасалған талдаудың нәтиджесінде белгілі бір өзгерістер енгіземіз. Мәселен, бөлмеде ыбырсып тұрған заттарды шығарып тастап, кеңірек қылып көрсету дегендей. Мұны «хоумстейджиң» деп атайды. Ағылшын тілінен аударғанда «үйді реттестіру» дегенге саяды.   

Хоумстейджиң не үшін керек?

Пәтердің артықшылығы көзге көрініп тұрады. Сатып алушыға үйіңіз бірден ұнасын десеңіз, жаманын жасырып, жақсысын асыру керек. Жасыру дегенде алдау емес, кемшілікті реттеу деп түсінгейсіз. Өйткені кейбірі жыртық-жыртық линолеумді көрсетпеу үшін кілем төсей салуы мүмкін. Мұнымен мәселе шешілмейді. Себебі сатып алатын адам кілемді көтере қалса, айдай болып көрініп қалады. Сондықтан көрер көзге жайлы, әдемі қылуға тырысқан жөн.

Үйдің атмосферасын жайлы етеді. Кеңістік көп, жарық үйде адам тұрғысы келіп тұрады. Заты көп, тар әрі тастай қараңғы болса, құты қашады. Мысалы үйді дизайнер жалдап сәндейтін болсаңыз, қандай әдемі болып қалады? Сол сияқты сізге де кеңістікті дұрыс қолдану жағын жақсылап ойлану керек. Хоустейджде де солай. Сатып алатын адамның көңілінен шығатын нұсқа жасайды. Мысалы қонақ бөлмені суретке түсіріп салғанда көбіне теледидар мен қарсы бетте диван тұрады. Ал енді осы жерде диванның алдына кілемше төсеп, бір жағына торшер қойып, кофе ішуге арналған шағын үстел қойып қойсаңыз, қандай аура сезілетінін елестетіп көріңіз. Суреттен-ақ жағымды атмосфера есіп тұрады. Болмаса, балкон керек емес заттар тұратын жер емес, жұмыс істеуге қолайлы бөлме қылып жасалса қалай болады? Осы сынды нұсқалар арқылы хоумстейджер клиент тартады. 

Интерьердің маңызы зор. Бірдей шаршы метр, бірдей бөлме саны бар пәтер болса да, интерьері нашары өтіп болмайды. Бірнеше ай бойы хабарландыру тақтасында тұрған нұсқаларды көрсеңіз, демек хоумстейджиң жасалмаған дей беріңіз. Мұнда да маркетиң тәселдерін қолдану қажет. Иесі ескермесе, жылжымайтын мүлігіні жылжымаған күйі тұра береді. Нарыққа талдау жасау, бәсекелестерді зерттеу, өніміне артықшылықтар қоспау, таргет аудиториясын анықтау, сату тәсілдерін жасау, жарнама материалын реттеу сынды жұмыстарға бей-жай қарауға болмайды. 

Сонымен, неден бастаймыз?

Алдымен, пәтердің артықшылықтарын тізіп, бағалап шығамыз. Нарықта жылжымайтын мүліктің неше атасы бар. Мысалы, пәтеріңізде эркер болсын. Сізге ол ұнамайтындықтан, кемшілік қылып көріп жүрген болуыңыз мүмкін. Сөйтіп пердемен жасырып бағасыз. Одан қымсынбай, керісінше артықшылық қылып көрсетсеңіз, жақсырақ болады. Өйткені эркері бар үй алғысы келіп жүргендер табылуы әбден мүмкін. Ол кеңістікті ұтымды пйдаланса, ерекшелігіне айнала қалады.

Орналасқан жердің артықшылықтарын анықтаймыз. Хоумстейджиң интерьермен ғана айналыспайды. Ол сыртқы факторларды да сараптайды. Мысалы, өндіріс аймағына жақын орналасқан үйді иесі өтіп болмайды деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде сол маңда жұмыс істейтін адам үй таба алмай жүрген болуы әбден мүмкін. Яғни сізге ұнамайтын тұсының бәрін кемшілік деп санай бермеу керек.

Нарыққа анализ жасаймыз. Жақын маңда қанша пәтер сатылып жатқанын қараңыз. Ол үшін арнайы сервистердегі сүзгілерді қолдануға болады. Шаршы метрі бірдей үйлердің бағасын, интерьерін, мәтінін — бәрін шолып шығыңыз. Сатып алатын адамның бейнесін шығару үшін оны елестетіп көру керек. Яғни сіздің ауданнан кім және қандай пәтер алар еді? Мысалы, үш бөлмелі үй, қасында балабақшасы бар болса, онда баласы бар отбасы алып қалуы мүмкін. Үйдің ішін суретке түсіріп, хабарландыру жіберейін деп жатқанда дәл осы үйді іздеп жүрген адамның түрін көз алдыңызға елестетіңіз. 

Престейджиң жасаймыз. Яғни аздап жөндеу жұмысын істеп, кемшіл тұстарын реттейміз. Үй сатқанда бәрібір шағын жөндеу жасау керек болады. Кей жерлерде тұсқағаз жыртылып, ваннаның краны бұзылып қалуы мүмкін. Осындай кемшіліктерді міндетті түрде түзеу керек. Адамның қолы мен көзі жеткен жердің бәрін реттеңіз. Құбыр, есік, құлып, техника, терезе — бәрін қарап шығамыз. Егер кемшілік көзге ұрып тұрса, сатып алушы соны ескеріп, бағасын құлатады. Одан қайта бірден жөндеп, жақсы бағаға сатқан дұрыс емес пе? Престейджиң деген — ұсақ кемшіліктерді түзеу. Төбеде су аққаннан түскен сары дақ, жыртылған тұсқағаз дегендей.

Сценарийді өзгертеміз. Кейде үйдің шаршы метрі үлкен болғанымен, сатып алушы қараған кезде ұнатпайды. Оның себебі — үйдің сценариі дұрыс болмауында. Тіпті бағасын түсірсе де, алатындар табылмауы мүмкін. Ондай кезде кеңістікті тарылтып, пәтердің сәнін бұзып тұрған заттардан құтылуымыз керек. Мысалы, перденің түсі қара болса, оны ашық түске ауыстырыңыз. Шамадан тыс көп зат тұрса, ол үйді тарылтады. Айталық, бөлме гүлі болғаны керемет. Бірақ бір бөлмеде он гүл тұрса, ол әдемілікті құртуы мүмкін. Сондықтан ең үйлесімді деген 2-3 гүлді ғана қалдырыңыз. 

Деперсонализациялаймыз. Бұл дегеніміз үйдің иесінің жеке заттарын, оның иесі екенін көрсететін бүкіл дүниені алып тастаймыз деген сөз. Жеке суреттер, достарының шетелден әкелген сувенирлері, киімдері — ештеңе тұрмасын. Тіпті сіз әлі сол үйде тұрып жатсаңыз да, деперсонализация керек.

Үйді толықтай жинап, жуып-сүртіп шығамыз. Ерінбесеңіз, түкпір-түкпірді өзіңіз тазалап шықсаңыз болады. Ал жалпы қазіргі уақытта клиниң шақырып, бәрін реттестіріп алған оңай. Жиһаз, терезе тазалайтын арнайы аппараттары барын ескерсек, үйіңіз тап-таза болып қалатыны хақ. Одан қала берді кварцтап, дезинфекция жасатып шығуға да болады. Әсіресе, үйде ит-мысық болса, тіпті керек. Кілемдерді де бір жуып алған артық болмайды. 

Пәтерді бағалаймыз. Сіз тек шаршы метр не бөлме сатып жатқан жоқсыз. Оның ішінде бәрі бар: локация, инфрақұрылым, терезедегі көрініс, жиһаз, ыдыс-аяқ және т.б. Егер бүкіл затты қалдырып кететін болсаңыз, оны хабарландыруда міндетті түрде жазыңыз. Ыдыс жуатын машина бар ма, оны суретте айқындап көрсетіңіз. Таза ағаштан жасалған жиһаз қойсаңыз, ол да көрініп тұрсын. Сонда жұрттың ойында «неге қымбат?» деген сауал болмайды. Қайта жайлы пәтерді алып қалуға ұмтылады. 

Пәтерді бірнеше бөлікке бөлеміз. Үйдің ішін ауыстырып шығу керек болуы мүмкін. Бөліктер мынадай болса болады:

  • Тынығатын жер. Ол көбіне қонақ бөлмеде орналасады. Мұндай зонаға кофе ішетін үстел, теледидар тұратын жиһаз, диван және т.б кіреді.
  • Ұйықтайтын жер. Ол енді жатын бөлмеде болады. Егер бір бөлмелі үй болса, онда қонақ бөлмеде. Бұл зонада төсек-жабдық, киім салатын шкаф тұрады.
  • Тамақ ішетін жер. Ас бөлмесі бөлек үй де — асүйде, егер студия болса, қонақ бөлмемен бірге орналасады. Мұнда үстел, орындық және ас үй жабдығы болса жеткілікті.   
  • Кіреберіс. Бұл зонада аяқ-киім шешетін жер, киім ілетін жер, пуфик және аяқ-киім кигенде отыратын орындық болса дұрыс. 
  • Жұмыс істейтін жер. Бөлек бөлме болмаса, балконды ыңғайластыра аласыз. Компьютер не жазу үстелі, орындық жетіп жатыр.
  • Қосымша зона. Бұған қонақ бөлме не жатын бөлмеден бір орын табыңыз. Бұл зонада кітап сөресі секілді заттар тұрады.
  • Жуынатын жер. Орамал ілгіш, декор заттар, май шам, сөрелер тұрса болады.
  • Тамақ пен заттарды қоятын жер. Түрлі шкаф, киім ауыстыратын бөлме не қойма осы зонада орналасады.

          Осылай зоналарға бөліп қойса, үй жайлырақ болады. Әр бөлменің функциясы айтқызбай көрініп тұрады. Мысалы бүкіл бөлмеге диван қойып қойсаңыз, бұл жатын бөлме ме, жоқ әлде қонақ бөлме ме — түсініксіз. Сондықтан қонақ бөлме болса, диван қойыңыз. Жатын бөлме болса — төсек.

Интерьерлерді әсемдеп, орналастырыңыз. Пәтерді жоғарыда айтқандай зоналарға бөліп қойғаннан кейін, интерьерге арнап бірнеше зат алуыңыз керек болып қалуы мүмкін. Мысалы, ас ішетін үстел немесе жатын бөлмеге төсек-орын дегендей. Әлбетте, сатамын деп қымбатқа ұрынып қалмаңыз. Бүкіл үйді жаңадан істеп шығудың да қажеті жоқ, ортасын ұстансаңыз жетеді.  

Фотосессия жасаймыз. Хабарландыру арқылы сатып алушыларды келтіретін басты нәрсе — фотосуреттер. Егер сәтсіз түсірілсе, шын өмірде әдемі үйдің өзі сұрықсыз көрініп қалады. Сондықтан сізге бірнеше кеңес айта кеткіміз келіп отыр. Үйіңізді әдемі қылып көрсеткіңіз келсе, былай істеңіз:

  • Телефон не фотоаппаратты дірілдетпей ұстаңыз. Суреттің шеті мен қабырғалар параллель тұруы керек. Әйтпесе, қисайып кетеді.
  • Төбені көп түсіре бермеңіз. Кадрда төбеден гөрі еденге көбірек назар берілгені жақсы.
  • Кеңбұрышты объективке түсірмеңіз. Сурет онша емес болып көрініп қалады. Кей жағдайларда ғана, мысалы, жуынатын бөлме өте тар болғанда қолдансаңыз болады.
Сондай-ақ оқыңыз