Ұлттық Банктің негізгі мақсаты – қазақстандықтардың күнделікті тапқан табысы мен жинаған қаржысын құнсызданудан қорғау. Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов осылай дейді. Әлбетте, құнсыздануға ұрындыратын басты фактор – қымбатшылық. Ұлттық Банкке де берілген бірегей мандат, сол – қымбатшылықтың жолын кесу: базалық пайыздық мөлшерлемені көтеру арқылы. Бірақ ол құрал айтарлықтай жеміс беріп отырған жоқ. Дегенмен қысқа мерзімді перспективада баға беріп, уақыттың алдын кесуге болмайды дейді Пірматов отандық «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында.
«Құнсызданудан қорғау үшін макроэкономикалық тұрақтылық керек. Ол үшін Үкімет пен Ұлттық Банк бірге жұмыс істеуі керек. Яғни, фискалдық және монетарлық саясаттар бір-бірімен қолма-қол жұмыс істеп, контрциклдық құзыреттерді ұстау керек. «Қыстың қамын жазда ойла» деп айтады ғой. Сонда экономикамыз жақсы өсіп жатқан кезде қор жинап, қандай да бір дағдарыс болған кезде сол қор есебінен экономикамыздың өсуін әрі қарай қолдай білсеңіз – осы макроэкономикалық саясаттың негізгі мақсаты», дейді.
Пірматовтың айтуынша, қазіргідей бағалар қатты өсіп жатқан кезде ақша-кредит саясатын жеңілдетуге болмайды.
«Егер дәл қазір біз базалық мөлшерлемені төмендететін болсақ, оны асау атқа жүгенсіз мінумен салыстыруға болады. Бағалар қатты өсіп жатқан кезде базалық мөлшерлемені төмендетсек, теңгенің депозиттегі тиімділігі төмендейді. Олай болса, артық ақшасы бар адамдар ол теңгелік депозитті ұстағысы келмей, оны жауып, не тауар, не доллар сатып алғысы келеді. Олай болса, экономикамызда долларландыру қаупі жоғарылайды. Артық сұраныс болған соң тауарлардың бағасы одан бетер өседі. Егер тауарлардың бағасы өсіп жатса, инфляция жоғарыласа, банктерге теңгемен несие беру тиімсіз болып қалады. Сол кезде экономикамызда несие беру күрт азайып кетеді. Сондықтан дәл қазір ақша-кредит саясатын жеңілдетуге болмайды», деп түсіндіреді.
Қыркүйек айының қорытындысы бойынша, жылдық инфляция 17,7 пайызға жеткен.
Сондай-ақ Пірматов Ұлттық Банктің экономиканы қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардан шығуы туралы да сөз қозғады.
«Пандемия кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық Банк Үкіметпен бірге несиелеу программаларына қатысып, экономиканы қаржыландыруға қатысты. Ол жағына келетін болсақ, мемлекет әрқашан бизнеске қайта-қайта көмекке келе беретін болса, онда кредиттің маңызы да жоғала бастайды. Біз бизнесті нарықтық шарттармен несие алуға ынталандыруымыз қажет. Әрқашан мемлекеттің көмегіне қарап отыратын бизнес, негізі, ұзақ мерзімде бәсекелестікке жарамай қалуы да мүмкін. Сондықтан біз үшін, мен айтқанымдай, макроэкономикалық тәртіп керек. Инфляцияны төмендетуіміз керек. Инфляцияны төмендетсек, нарық бойынша да несие қолжетімді және тұрақты болады. Осы бағытта жұмыс істегеніміз дұрыс. Сондықтан біз жоспарлап, біртіндеп жаңағы бағдарламалардан шығып жатырмыз», дейді.
Ұлттық Банк басшысы ел экономикасының даму жайы мені көп ойландыратын сауалдардың бірі дейді.
«Біріншіден, макроэкономикалық тұрақтылық. Фискалды және монетарлық саясаттар қолма-қол жұмыс істесе, макроэкономикалық тәртіп болса, инфляция ұзақ мерзімде төмен болып тұрса, теңгемен несие алуға, ұзақ мерзімді инвестиция жасауға болады. Қолайлы жағдайда, экономикалық өсім бар кезде қор жинақтап, сол қордың арқасында түрлі дағдарыстарды оңай еңсеруге болады. Екіншіден, бізге, әрине, құрылымдық реформалар керек. Менің ойымша, мемлекеттің экономикадағы орнын азайту керек. Жеке кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасау керек. Бұл өндірісті әртараптандырып, өнімділгі жоғары салаларды дамытуға септігін тигізеді. Үшіншіден, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарына сенімді күшейту үшін институционалды реформалар керек. Осы үш мәселе жасалса, біздің қазақстандық бизнес ештеңеге алаңдамай, инвестиция жасап, еліміздің экономикасы ұзақ мерзімде әрі тұрақты өсер еді деп ойлаймын», дейді.