Қаржы инклюзиясы дегеніміз не және ол не үшін қажет?

Жарияланды
Қаржы секторындағы бар тағы бір ұзақ мерзімді тренд

Алдымен оның не екенін түсініп алайық және қоғамға не себепті ауадай қажет екенін ашып көрейік.

Сонымен «қаржы инклюзиясының» қандай қажеттілігі бар? Бұл – қазіргі әлем қолданысындағы барлық қаржы құралдарын пайдаланудың қолжетімділігі. Ол банктен шот ашу немесе ақша салу, несие немесе ипотека алу, өзіңізді немесе мүлкіңізді сақтандыру мүмкіндігі сияқты ең жиі кездесетін мүмкіндіктерден бастап, компания акцияларын сатып алу немесе инвестицияға қатысу сияқты жиі емес қолданыстағы және нақты мүмкіндіктерге дейінгінің бәрін қамтиды.

Қаржымен қамту деңгейі барлық осы қаржылай қызметтер мен ресурстарға қолжетімділік деңгейін анықтайды.

Қоғам үшін қаржы инклюзиясы не себепті маңызды?

Қысқаша айтқанда, қазіргі заманда қаржы құралдарынсыз өмір сүру өте қиын, тіпті кейде мүмкін емес. Егер елде қаржы инклюзиві төмен болса, онда адамдар біраз нәрседен қағылады. Мысалы, қажет тауарларға несие ала алмайды. Сондай-ақ тұрақты негізде тек қолма-қол ақшаны пайдалануға мәжбүр болады. Бұл көбіне түрлі қауіп-қатерге, ұрлыққа себеп болуы мүмкін.

Шағын бизнес үшін жалпы банк өнімдеріне қолжетімділіктің болмауы – оның табысына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Мұндай компаниялар барлығына тиесілі болатын несиелер түрінде банктен қолдау ала алмайды. Банк шотынсыз қолма-қол емес ақша төлемдерімен байланысты кез келген қызметті жүзеге асыра алмайды. Бұны біздің «онлайн» ғасырымызда елестету тіпті қиын екені айдан анық.

Сонымен қатар халықтың бір бөлігі үшін банк өнімдерінің қолжетімсіздігі экономикаға да кері әсерін тигізеді. Төмен инклюзив қаражаттың көп бөлігі қолма-қол ақша түрінде жүретінін аңғартады. Көп жағдайда, әсіресе жеке жинақ туралы айтатын болсақ, мұндай ақша жұмыс істемейді, айналымға түспейді, «матрастың астында» сақталады. Егер бұл белгілі бір кәсіптің қаражаты болса, онда ақша айналымы көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлықтың өсуіне ықпал етеді.

Мұнда сонымен қатар кері тәуелділік те байқалады: қаржы инклюзиясы неғұрлым жоғары болса, елдің экономикалық даму деңгейі мен азаматтардың әл-ауқаты соғұрлым жоғары болады. Мысалы, Скандинавия елдерінде халықтың 100%-ы банк қызметтеріне қол жеткізе алады, Австрия мен Ұлыбританияда бұл көрсеткіш – 98%. Бұл елдердің экономикасында үлкен проблемалар бар деп айту екіталай. Сонымен қатар Lund University Research зерттеуі бойынша, елдегі инклюзивтілік деңгейінің 10%-ға артуы оның ЖІӨ-нің орта есеппен 0,3%-ға өсуіне ықпал етеді.

Дүние жүзіндегі қаржы инклюзиясының қиындықтары

Қаржы инклюзиясының проблемасы, оның төмен деңгейде болуы – әлемнің көптеген елінде бар жағдай. Бірақ әр елде мәселенің түп тамыры әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, батыс елдерінде халықтың ең осал топтары, көбіне еңбек мигранттары қаржы құралдарының қолжетімсіздігіне тап болады. Бұл адамдар көбіне құжаттар бойынша, сондай-ақ жалпы қаржы сауатының төмен болуы қиындықтарына жолығады. Сонымен қатар олар жай ғана қаржы институттарына сенбеуі мүмкін және өздерінің сенімдері бойынша қолма-қол ақшаны пайдалануды жөн көреді. Банк өнімдеріне қолжетімсіздік мәселесіне студенттер де жиі тап болады, әсіресе шетелдік білімгерлер.

Дәл осы кезде бұл мәселені шешуге финтех көмектеседі. Осыған байланысты кей мемлекет арнайы жобалар әзірлеген. Мысалы, АҚШ-та SoLo Funds жобасы жұмыс істейді. Бұл компания жалақысы төмен, «айлықтан айлыққа» дегендей өмір сүретін адамдарға жылдам несие береді. Сондай-ақ X1 және MPOWER Financing сияқты салалық ізашарлар бар, олар бакалавриат пен халықаралық студенттер үшін оқу ақысын несиелендіреді. Әдетте бұл ақша оқуды жалғастыруға немесе білім деңгейін жоғарылатуға жұмсалады.

Бірақ қаржы инклюзиясы мәселесін шешу үшін ең әуелі халықтың қаржы сауатын арттыру қажет. Бастама қаржы институттарынан да, ел басшылығы жүзеге асырып жатқан жалпыұлттық бағдарлама деңгейінде де болуға тиіс.

Қазақстандағы қаржы инклюзиясының мәселелері

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдар бөлінбей, қоғамның толық бөлігі саналатын инклюзив қоғам құруға вектор берілді. Бұл туралы ел басшылығы мәлімдеп отыр. Ал бұл үшін ресми түрде белгілі қадамдар жасалып жатыр. Атап айтқанда, Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция ратификацияланды. Мемлекет қолданыстағы заңнаманы осы конвенцияға сәйкестендіреді: 2015 жылдан бастап ратификацияланған сәттен бастап бірқатар заңға мүгедектер мүддесіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сонымен қатар елімізде «Қайрат Иманалиев атындағы мүгедектердің құқықтары жөніндегі комиссия» қоғамдық бірлестігінің қаржы өнімдеріне қол жеткізу мәселелерін көтеретін «Финансовая инклюзия» жобасы жұмыс істейді. Олар банк инфрақұрылымы мүгедектігі бар клиенттерге қызмет көрсетуге дайын емес екенін жиі көтереді. Мысалы, қаржы институттары ғимараттарында көбіне пандустар болмайды, ал мүгедектігі бар кәсіпкерлерге несие беруден бас тартып жатады. Сонымен қатар:

  • мүгедектер арбасындағылар үшін банкоматтар тым биік, сондықтан экран көрінбейді;
  • картаның PIN-кодын енгізу мүмкін емес, дыбыстық жүйе, Брайль шрифті жоқ;
  • көру қабілеті нашар адамдарға арналған тактильді жолдар аз;
  • банкоматтардың жанында кедергілер бар, соның салдарынан мүгедектер арбасын өзі жүргізе алмайды және қолма-қол ақша алу үшін бейтаныс адамдарға жүгінуге мәжбүр болады (яғни PIN-кодты оларға сеніп айтуы керек).
  • ғимарат ішінде кассаның терезесі биік және кассирлермен сөйлесу ыңғайсыз. Осындай тәрізді мәселелер болмауы мүгедектігі бар адамдардың қаржылай мүмкіндігін де шектейді.

Қазақстанда мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар бар. Қазір оның келесі кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Мәселе мынада – жоспар 2012 жылы қабылданған, бірақ 2019 жылы 2025 жылға дейін ұзарып, процесс баяулап қалған.

Айта кетейік, елімізде 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Әлемнің барлық елінде мүгедектігі бар жандардың саны 10 пайызды құраса, бізде бұл көрсеткіш 4 пайызға да жетпейді. «Финаносвая инклюзия» жобасының өкілдерінің айтуынша, екінші деңгейлі банктерді мүгедектермен жұмыс істеу үшін мемлекет субсидиялағанда әлемдік тәжірибеге жүгінуге болады. Мысалы, дауыспен басқарылатын мобайл қосымшаларды әзірлеу және тағы басқа сияқты. Әзірге елімізде мұның бәрі бастапқы деңгейде қалып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз