Астанада жігіті қызының атына жасырып несие рәсімдеген
Жарияланды
Ол 2 миллион теңгеден астам қаржыға несие рәсімдеген
23 жастағы жігіт қызына айтпай, оның телефоны арқылы компьютерлік және цифрлық техниканы сатып алуға тауарлық несие рәсімдеген. Бұл туралы Астана қаласы ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Қыз бұл туралы оның телефон нөміріне ай сайынғы несиені төлеу туралы хабарлама келе бастағанда ғана білген. Мән-жайларды анықтау үшін жәбірленуші полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін өткізу барысында орын алған жағдайға қыздың кездесіп жүрген жігітінің қатысы бары анықталды. Қызынан телефонын сұрап, іскер жас жігіт оған екі миллион теңгеден астам сомаға ноутбук пен басқа да гаджеттерді сатып алуды рәсімдеп үлгерген.
Аталған фактіге байланысты ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті кінәсін мойындады.