Қазақстанға келген ресейліктер қандай жұмыс істеп жүр?

Жарияланды
22 мың ресейлік ресми түрде жұмысқа тұрған

Қазақстандағы ресейліктердің 70%-дан астамы қызмет көрсету саласында жұмысқа тұрған. Бұл деректі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келтірді.

Ресей азаматтарының тағы 16 пайызы – өнеркәсіп саласында, 9 пайызы – құрылыста, 2 пайызы ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүр. Министр сонымен қатар ресейліктердің арасында бухгалтер, клиент менеджерлері, сатушы, жүк тасымалымен айналысатындар, жүргізушілер көп екенін айтты.

«Қазіргі кезде Қазақстанда Ресей Федерациясының 22,5 мың азаматы жұмыс істеп, зейнетақы жарналарын төлеп жүр. Соның ішінде биылғы жылдың басынан бері 8 мың адам жұмысқа орналасты», – деп қосты Дүйсенова.

Соңғы мәлімет бойынша, Ресейде моблилизация басталғалы бері Қазақстанға 300 мыңға жуық ресейліктер келген. Ресми дерек олардың басым көпшілігі басқа елдерге кетіп қалды дейді. Қазақстанда қалуға шешім қабылдағандар тұруға ықтиярхат (рұқсат) немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға өтініш береді. 4 қазанда Ішкі істер министрлігі осындай 68 өтініш түскенін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз