Күзге салым қандай мамандыққа сұраныс жоғары?
Күз – еңбек маусымы. Жаз бойы тынығып, әл-қуат жинаған жұрт қара күзде еңбекке белсене кіріседі. Күз – жаңа маусым айы. Көп мекемеде өзгеріс те болып жатады. Сондықтан күзге қарай еңбек нарығының критерийлері де, заңдылықтары да өзгеріп кетіп жатады.
Биыл қыркүйекте отандық еңбек нарығының барометрі болып отырған Электронды еңбек биржасында 115,6 мың бос жұмыс орны және 82,3 мың түйіндеме орналастырылған екен. Өткен аймен салыстырғанда бос орындар саны 3,6 пайызға, ал өзекті түйіндемелер саны 12,4 пайызға азайыпты. Жалпы, бос жұмыс орындарының саны түйіндеме санынан 29 пайызға асып түскен.
«Қыркүйек айының қорытындысы бойынша Электронды еңбек биржасында орналастырылған түйіндемелер саны 11,7 мыңға азайды, олардың басым бөлігі жоғары білікті қызметкерлерге тиесілі. Оның ішінде, тамызбен салыстырғанда, білім беру саласы мамандарының ұсыныстары айтарлықтай қысқарды, түйіндеме саны 8,7 мыңға азайды. Бұл ретте біліктілігі жоқ қызметкерлер тарапынан ұсыныстар саны өсті. Осы санаттағы ізденушілер саны алдыңғы аймен салыстырғанда артып, 2,4 мың түйіндемені құрады», дейді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская.
Сарапшы қыркүйекте еңбек нарығындағы мамандардың жоғары тапшылығы:
- Алматы (бос орындар саны түйіндеме санынан 7,4 мыңға көп);
- Астана (5,2 мың) қалаларына,
- Қостанай (6,6 мың);
- Қарағанды (6,5 мың) облыстарына тән екенін хабарлады.
Ал кәсіптік салалар бөлінісінде білім беру және тәрбие (7,5 мың), құрылыс (6,1 мың) және өндіріс (5,4 мың) салаларының мамандары арасында қатты тапшылық байқалды.
Қыркүйек айында білім беру саласының мамандары үлкен сұранысқа ие болды, олар Электронды еңбек биржасындағы барлық бос жұмыс орындарының бестен бір бөлігінен астамын құрапты – 24,8 мың. Бұл ретте кейбір өңірлерде осы салада мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Осылайша, кадр тапшылығы Қарағанды облысында (1,4 мың) және Алматы қаласында (1,3 мың) тіркелді.
Қыркүйекте өткен аймен салыстырғанда бос орындар санының серпіні айтарлықтай өзгерді: 7 өңірде бос орындар саны жиынтығында 5,6 мыңға өсті, ал басқа 10 өңірде 10 мың бос орынға төмендеу байқалды.
Бос орындарды төмендету бойынша ең жоғары көрсеткіштерді Қарағанды (2 мың бос орын), Алматы (1,6 мың бос орын) және Атырау облысы (1,5 мың бос орын) көрсетеді. Түркістан облысы (2,4 мың бос орын) және Алматы қаласы (1,6 мың бос орын) бос орындар санының ең көп өскенін көрсетті.
Өткен аймен салыстырғанда өңірлер бөлінісінде ізденушілер санының серпіні Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарын қоспағанда, барлық өңірлер бойынша төмендеп кеткен. Ізденушілер арасында белсенділіктің ең көп төмендеуі Алматы облысында (2,7 мың түйіндеме) және Алматы қаласында (2,2 мың түйіндеме) тіркеліп отыр.
Қыркүйек айында өткен аймен салыстырғанда жоғары білікті қызметкерлерге сұраныс 16 пайызға немесе 6,5 мыңға төмендеп, 33,6 мың бос орынды құрады. Бұл ретте біліктілігі төмен (5,1 пайыз немесе 1,5 мың) және біліктілігі орташа қызметкерлерге (1,1 пайыз немесе 0,5 мың) сұраныстың артуы байқалады, олар бойынша бос орындар саны тиісінше 31,9 және 50,1 мыңды құрады.
«Ұсыныс тарапынан да осындай жағдай байқалады – жоғары білікті жұмыскерлер арасынан ізденушілер саны төрттен біріне азайып, 29 мың түйіндемені құрады, орташа білікті жұмыскерлер арасында – 8 пайыз, 26,1 мың түйіндемені құрады, ал төмен білікті жұмыс іздеушілер саны 1,7 пайызға артып, 27,2 мың түйіндемені құрады», деді Александра Молчановская.
Мамандарға сұраныс артқан кәсіби салалардың ішінде:
- Әлеуметтік қызмет көрсету саласын (19 пайыз немесе 171 бос жұмыс орны);
- Ғылым мен консалтингті (18,5 пайыз немесе 128 бос жұмыс орны);
- Заң ғылымын (18 пайыз немесе 96 бос жұмыс орны) атап өтуге болады.
Жалақы деңгейлері өңірлерде де, кәсіптер арасында да ерекшеленеді. Алдыңғы айдағыдай, бұл жолы да ұсынылатын еңбекақының ең көп мөлшері Атырау облысында байқалды, осы өңірде орташа жалақысы 764 мың теңге болатын 21 бос орын жарияланды.
Аса жоғары жалақыны іздеушілер қатарында сақтандыру сарапшылары және ғылыми қызметкерлер – 2 млн теңге еңбекақыны қалап, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен директорлар – 1,5 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін жалақыға сұраныс білдіруде.
«Жалпы, қыркүйек айында бос орындар мен түйіндемелер санының біршама төмендеуі байқалады. Бұл ретте білім және ауыл шаруашылығы саласының жұмыскерлеріне сұраныстың маусымдық тұрғыдан өсуі көрініс табуда», деп қорытындылады Александра Молчановская.