Жаңалықтар

Теңге бағамына қандай факторлар әсер етіп жатыр?

Ұлттық валюта бірқатар қолайсыз сыртқы факторлардың қысымына ұшыраған

Қыркүйек айында теңге бағамы 0,9%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары 476,53 теңгеге жетті. ҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ұлттық валюта бір ай бойы бірқатар қолайсыз сыртқы факторлардың қысымына ұшырағанын айтады.

 Бірінші кезекте, нарық қатысушыларының сентиментіне әсер еткен геосаяси қақтығыстардың өрши түскенін атап өтуге болды. Сонымен қатар, бұрын атап айтқандай, қыркүйек айы бойы әлемдегі монетарлық жағдайлар күшейе түсіп, мұнай бағасы төмендеген.

Әлия Молдабекованың айтуынша, теріс факторлардың әсеріне қарамастан, валюта нарығы теңгерімді болды. Ұлттық Банк интервенция жүргізген жоқ. Теңге-доллар жұбы бойынша биржалық сауда-саттық көлемі тамызбен салыстырғанда біршама қысқарды.

«Квазимемлекеттік сектордың сатылымдары валюта нарығына қолдау көрсетті. ЕДБ арқылы валюта нарығында сатылған кіріс көлемі 583,5 млн долларды құрады. Қыркүйекте Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату
85,1 млн АҚШ долларын құрады», – дейді ҰБ Төрағасының орынбасары.  

Ұлттық банк дерегі бойынша, алтын-валюта активтерінің көлемі бір айда 90 млн АҚШ долларына ұлғайып, айдың соңындағы жағдай бойынша 32,8 млрд доллар болған. Жағымды факторлардың ішінде ЕДБ қаражатының Ұлттық Банктегі валюталық шоттарға әкелінуі, ал жағымсыз факторлардың арасында мемлекеттік борышты төлеу мен алтын бағасының төмендеуі негізгі рөлді атқарған

«Қыркүйек айында алтын бағасы барынша құбылмалы болды, айдың қорытындысы бойынша «алтын» бағасын белгілеу 1712 доллардан/унциядан 1673 долларға/унцияға дейін немесе 2,3%-ға төмендеді. Қыркүйектің соңғы күндерінде алтынның өз позициясына ішінара «оралғанына» қарамастан, бір ай ішінде баға белгілеу 1618 долларға/унцияға дейін төмендеп, 2020 жылғы сәуірден бергі екі жылдық ең төменгі көрсеткішті жаңартты», – дейді ҰБ Төрағасының орынбасары.  

Қымбат металл бағасының төмендеуі көптеген орталық банктердің ақша-кредит саясатын күшейтуіне, сондай-ақ АҚШ долларының жаһандық нығаюына байланысты. Жоғарыда айтып өткенімдей, негізгі валюталар қоржынына қатысты доллар индексі қыркүйекте 20 жылдық ең жоғары көрсеткішке жеткен.