«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 25 жылдық мерейтойын атап өтуде
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысты. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оған Орталық Азиядағы Қытай ұлттық мұнай-газ Корпорациясының президенті Биан Дыжы, кәсіпорынның ардагерлері мен үздік қызметкерлері, акционерлік қоғам бөлімшелерінің, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Аймақ басшысы шараға қатысушыларды Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың 25 жылдығымен, сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтады.
«Мұнай-газ өнеркәсібі мемлекет экономикасының дамуында маңызды рөл атқарады және біздің өңірдегі негізгі қозғаушы күш болып табылады. Үлкен еңбек ұжымының арқасында бұл сала үнемі дамып келеді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – өңірдегі мұнайдың 60 пайызын, газдың 75 пайызын өндіретін ең ірі кәсіпорын. Ширек ғасырда компания 140 миллион тонна мұнай мен 80 миллиард текше метрден астам газ өндірді. Мұнай мен газды өңдеу бойынша ірі жобаларды жүзеге асырды, 13 млрд. АҚШ долларын инвестициялады. Компания өзінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бірнеше әлеуметтік-мәдени нысандар салды. Ақтөбеде «Өнер орталығы» ғимараты салынса, Астанада облысымыздың елордаға тартуы «Бейбітшілік қабырғасы» монументі бой көтерді», – деп атап өтті облыс әкімі.
Ералы Тоғжанов саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек ұжымына ерекше алғысын білдіріп, кәсіпорынның 10 үздік қызметкеріне «Құрмет» грамотасын табыс етті.