Өз ақшамызды сұрауға неге ұяламыз?
Қарыз алу, қарыз беру — күрделі іс. Әрине, мүмкіндік болып тұрса, көмектескен жақсы. Дегенмен кей жағдайда аларын алып алып, қайтармай жүріп алатындар болады. Біреуі уәделі уақытта бермесе, біреуі қоңырау шалсаң, қашқақтайды. Енді бірі сұрағаныңа ренжіп, өзіңді састырады. Жалпы алғанда берген қарызды сұрауға адам неге қысылады? Арадаға келіспеушілік туа қалса, оны қалай шешкен дұрыс?
Неге біз өз ақшамызды сұрауға ұяламыз?
Психологтар мұның басты себебі ретінде жақын адамды мазаламауға тырысатындықта дейді. Яғни «қазір онда ақша жоқ шығар. Болса, берер еді» деп ойлаймыз. Сондықтан өзі бермейінше күте тұрғанды жөн көреміз. Енді бірі бұрын көмектесе алмаған не көп хабарласпай, кездеспей жүрген кездері үшін қысылады. Сөйтіп «ақша керек кезде ғана хабарласады екен» деп қалмас үшін өз ақшасын сұрауға батпай жүреді. Мұның бәрі — психологиялық фактор. Ақыры өзіне ақша қажет болса да, айтпай екі ортада мазасыз күй кешіп жүреді.
Мұндай мазасыздық ақшасы қайтпай жатқан адамның барлығында дерлік болады. Өйткені сұраған кезде қалтасынан бергенімен, енді келіскен уақыттан кешіктіріп жатыр. Сондай-ақ, қарыз адамдардың арасын бұзады деген оймен, достыққа не туыстыққа сызат түсірмес үшін шыдап жүреді. Әрі ол адамның көзінше жаман көрініп қалмауға тырысуы да мүмкін. Енді бірі «жоқ» деп айта алмайды. Ондай адам жұртқа көмектесуді басты миссиясы көріп, ақыры өзіне зиян тигізуі де ғажап емес. Қалтасындағы соңғы тиынын беріп тастап, ертесіне өзіне қарыз сұрап кетеді. Сонда да әлгі адамнан ақшасын сұрамайды. Бір жаманы, ондай типтегі адамдарға қарызын қайтармайтындар көп болады. Ақыры ұмытылып кеткендей түр танытып жүре беруі мүмкін. Себебі қарыз берген адамның айтуға ұялып, ақыры іштен тынатынын жақсы біліп алатындар бар.
Келесі бір себеп — «жағдайы жоқ адам құсап көрініп қаламын» деген қорқыныштан. Мысалы, ол бір адамға ақша берді. Сомасы маңызды емес, бастысы қарыз туралы келісім жасалды. Бірақ айтқан уақытында әлгі адам хабарсыз кетсе, өзі сұрауға батпайды. Өйткені ішінде өзін бай қылып көрсеткісі келетін, «қайыршы деп ойлап қалмасын» деген уайым тұрады. Мұндай типтегі адамдар бірге отырып тамақтанғанда не таксиге мінгенде «бөліп төлейік» деуге ұялып, өзі шығынға батып жүреді. Zelle мобайл қолданбасы 2018 жылы сауалнама жүргізгенде әрбір үшінші қатысушы әйел «қарыз алған адам қайтармайынша, сұрамаймын. Өзім бірінші болып есіне салмаймын» деп жауап берген екен. Ал сол қатысқан 9 мың әйелдің әрбір он алтыншысы мұндай жағдайда жиі түсіп тұратынын айтқан.
Мынадай тенденция бұрыннан бар: адамдар жалпы ақша туралы сөз қозғауға қысылады. Қаржылық сауат мәселесіне қаласақ та, қаламасақ та үңілуге тура келеді. Өйткені қоғамда бұл проблема бар. Сол сауат болмағаны үшін өтелмеген қарыз туралы айта алмаймыз. Сөйтіп іште сақтап жүріп, жүріп бір күні атыламыз. Ал оның соңы екі адамның ит пен мысықтай қырылып, бір-бірін көрместей болып кетуімен аяқталады. Негізі мәселені солай ушықтырмай, басынан жөнді диалог орнатуға болар еді. Дегенмен негізсіз қысылудың соңы осындай жайсыз жағдайларға себеп болып жатады.
Адам болған соң, сезім бар. Көбіне біз басқаларды аяп қаламыз. Өзімізге ыңғайсыз болып тұрса да, мұқтаж болып тұрсақ та қарыз алған адамды айналып өтуге тырысып жатамыз. Өйткені жай күні, еш керек болмаса ақша алмайтынын білеміз. Сөйтіп «демек, бұл қазір қиналып жүр. Онсыз да ақша жеткізе алмай жүргенде соққы бермей-ақ қояйын» дейміз.
Өзіңді кінәлі сезінбей-ақ қарызыңды қалай сұрауға болады?
Ол үшін адамды сынап көруге болады. Біріншіден, адамдар әр түрлі. Бірі қарызды қайтарғысы келсе де, еш ретін таба алмай жүреді. Енді бір адамдар қарыз алғанда қайтару жайлы ойламайды, ол үшін жауапкершілік сезінбейді. Әдетте, ондай адамдар көп адамға көлемді ақша қарыз болады. Міне, сондай қарызды аларда іші-бауырыңа кіріп, қайтарарда жоқ болып кететін адамдарға көмектесудің қажеті шамалы. Өйткені олармен қанша сөйлессең де, келісімге келуге тырыссаң да, тіпті қорқытып-үркітсең де еш көмектеспейді. Оның еті үйреніп кеткен. Әрине, бір көргенде адамның сенімді не сенімсіз екенін білу қиын. Сол үшін көбі әлгіндей қарыз қайтармайтын адамның қақпанына түсіп қалады. Қарыз алып үйренген адам әккі болатыны сонша, қолдағы ақшадан қалай айырылып қалғаныңды білмей қаласың.
Осы ретте бір кеңес айтайық. Адамның қаншалықты сенімді екенін білмейтін болсаң, оған қарыз бергенде сұраған сомасын емес, садақа сияқты бере салатын, қайтарымын күтпейтіндей сома беріп көр. Егер ол адам қайтарса, сенімді адамдар тізіміне қоса аласың. Ал енді қайтармай, жоқ болып кетсе — әлгі ақшаны садақа деп сана. Есесіне, келесіде оған ақша беруге болмайтынын білесің. Өзің үшін норма деп есептеген соманы бергенің жақсы болады дейтініміз содан. Өзіңді жегідей жеп, көп сома беріп қойдым демейсің.
Өзіңмен жұмыс істе: ақ адал еңбекпен тапқан ақшаны сұраудың еш әбестігі жоқ
Берген ақшаңды сұраудан ұялма. Сұрағаның кедей екеніңді білдірмейді. Бар болғаны қаржылық жағдайыңды ойлайтыныңды, жоспармен жүретініңді көрсетесің. Қайта қарызын ала алмай, өзі қарызға батып, төлемдерді уақытылы жасай алмай жүрген әлдеқайда жаман. Сондықтан досыңа да, туысыңа да қарыз туралы есіне салудан қысылма. Әлбетте, кейде адам өте қиын жағдайда жүрген болуы мүмкін. Оның қайтарғысы-ақ келеді, бірақ мүмкіндігі болмай жатады. Мұндайда түсіністік танытуға болады. Бірақ күнде «ертең берем» деп еріншектің ісін істеп жүрсе, айтарлықтай себебі болмаса да қашып жүрсе, онда қысылатын ретің емес.
Дұрысы, қарызға ақша берер кезде нақты қайтаратын уақытын белгілеп алу керек. Біреуден ақша алатын болсаң, әйтеуір ақша алуды емес, дәл сол уақытта анық қайтара аласың ба — соны ойлан. Егер ірі көлемдегі ақша жайлы әңгіме болса, қолхат жаздырып ал. Қанша жерден дос, таныс десе де, ақша жүрген жерде ресми рәсімделгені дұрысырақ. Сонымен бірге форс-мажор жағдайларды да келісіп алған жөн. Айталық, уәделі уақытта қайтара алмай жатса, жоғалып кетпей, айтсын. Сенен қоңырау күтіп, інде жатқан тышқандай болмауын ескертіп қой. Әйтпесе, ол бере алмай қысылып, сен сұрауға ұялып, екі арада келіспеушілік туындауы мүмкін.
Қарызды еске салу үшін арнайы уақыт керек деп жүре берме
Айтқандай, алған ақша туралы сөз бастау қиын. Мұндайда қипақтап кетеміз. Ең ыңғайлы тәсіл — бір сәтін күтпей, сөз арасында еске салу. Қазір ақпарат ағыны көп. Соның салдарынан адамдар ұмытшақ болып барады. Сенен ашған ақшасы естен шығып кетуі әбден мүмкін. Оған айта алмай қысылып, қайтармай жүргені үшін ол туралы жаман ойлап жүре бермей, әңгіме барысында «алдында 5 мың теңге алып едің ғой. Ұмытып кеткен жоқсың ба?» дей сал. Ол шынымен ұмытып кеткен болып шығып, дереу сол жерде қарызын қайтаруы мүмкін. Сол сияқты түскі асты бірге ішкенде екеуіңе сен төлеп тастаған болып, ол кейін саған аударатынын айтқан болса, есінен шығып кетуі ғажап емес. Оны да есіне салғанда тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, жеткізу тәсілі сыпайы болсын.
Ақшаңды қайтарып алудың басқа жолдарын қарастыр
Кей адамдар біреуге бере тұрған ақшасын алудың өзіне ұялады. Қарызды қайтарған кезде көңілің біртүрлі болатын болса, онда қайтарымның басқа жолын қарастырып көруге болады. Түсініктірек болу үшін мысал түрінде қарастырып көрейік. Мәселен, досыңмен бірге киноға бірге бардыңдар, одан бірге тамақтандыңдар делік. Ақшаны сен төледің. Бірақ жолдасыңнан ақшаны сұрауға қысылдың. Ондайда былай істеп көр: келесіде басқа бір жерге барғанда ол төлейтін болып келіс. Немесе ақша бере тұрдың, бірақ оны қайтарсын деп бермеген болсаң, досыңа қалаған сыйлығыңды әперсе болатынын айтып көр. Бастысы, бағасы сен берген ақшадан асып кетпесін. Сонда құда да, құдағи да тыныш. Бір айта кетерлігі, мұндай тәсілді тек тұрмыстық деңгейде, азын-аулақ ақша болса қолдану керек. Ал енді әжептәуір ірі көлемдегі қаражатты бұлай бет алды бере салуға болмайды. Мұндай қолы ашық, жомарт болудың астарына үңіліп көр. Неліктен маңдай термен тапқан нәрсені қайтарымсыз бере салуға құмарсыз?
Қатты кеш еске салма
Біреу сенен қарыз алды. Қайтармай жүр. Олай болса, әңгімені созып жүре берме. Өйткені ұзаған сайын екеуара жағымсыз атмосфера орнауы мүмкін. Сондықтан кешіктіріп жатса, дереу еске сал. «Бұл — менің ақшам. Оны сұрауға толық құқылымын. Қайыршы құсап сұрап жатқан жоқпын. Мен бар болғаны қажет кезде көмектескен мейірімді адаммын» дегенді өзіңе жиі айт.
«Жоқ» деп айтып үйрен
Жақындарына көмектесіп, жақсы көріну үшін соңғы ақшасын беруге даяр адамдар болады. Бірақ мұндайда мына бір маңызды принципті есте ұста: адам қолында бар, жағдайы жақсы кезде ғана көмектеседі. Егер өз комфортын құрбан етсе, онда өзіне жайсыздық тудырғаны. Достарың сенің өзіңде жоқ кезде қарыз сұрап, «жоқ» деп айта алмайтын болсаң, мына сауалдарды өзіңе қойып көр: «Мен оларға неге көмектескім келіп тұрады? Дәл қазір оларға көмектесуге міндеттімін бе?». Кейде адам бойында қарыз бермеуге ұялатын кінә сезімі пайда болады. Одан қала берді құтқарушы комплексі тағы бар. Сондай-ақ, өзі де бір кездері дәл сондай күйде болып көрген болуы мүмкін. Қарыз сұрап, ешкім бермеген кездерді бастан кешірген ол өзінен біреу сұрағанда қолындағы барын ұстатып жібереді. Жалпы алғанда дәл қазір ондай қаражат бере алмайтыныңды анық біліп тұрсаң, қысылмай айт. Есесіне, қарызды қайтара алмай не өзің ақшасыз қалып, басқалардан қарыз сұрап кетпейсің.