«Жалған сайт ашып, аударма қызметін ұсынатындар көп»
Оның мамандығы – аудармашы. Осыдан бір жыл бұрын ол АВС TRANSLATE аударма ісі агенттігін құрды. Азамат Әділханұлы бүгінде 11 аудармашыны жұмыспен қамтып отыр. Отыз жасқа дейін кәсіп ашып, аударма қызметін жолға қойған Азамат Әділханұлынан сұхбат алдық.
– Бұған дейін жеке кәсіппен айналысып па едіңіз?
– Бұған дейін басқа компанияда жұмыс істедім. Аудармашы болдым. Ал қазір өз компаниямды ашқаннан кейін, 11 аудармашыны фрилансер ретінде жұмысқа қабылдадым.
– Бір мәтінді аударып беру қызметі қанша теңгеге бағаланады?
– Аударма бағасы 990 теңгеден басталады. Орыс, қазақ, ағылшын, испан тілі сыншы көптеген тілдерге аударамыз. Бағасы мәтіннің қиындығына қарай жоғарылай береді.
– Аударма бизнесінің табысы қандай?
– Негізгі бизнес ретінде аса табысты деп айта алмаймын. Тауар емес, алып-сататын. Бір парақ мәтінді аудару үшін 1 сағат кетеді. Одан мың теңге аласыз. Оның жартысын аудармашыға бересіз. Үштен бір бөлігін жалға төлейміз, жарнамаға, одан бөлек канцелярлық тауар шығынына кетеді. Коммуналдық төлемдер тағы бар. Негізі үлкен компаниялардан көлемде тапсырыс алсаң, аударма ісі өзін-өзі ақтауы мүмкін. Жарты жылдай ешбір табыссыз жалға төлеуге ғана (арендаға) жұмыс істедік. Одан кейін халықтың сеніміне кіріп, қазір тұрақты түрде компаниялармен жұмыс істеп жүрміз.
– Сіздер клиенттерді қайдан табасыздар?
– Біз көбінесе googl-да жарнама жасаймыз. Тұтынушылар бізге Olx, instagram арқылы, abc-translate.kz, ABC Translate арқылы келеді. Күніне жарнамаға 25 пен 50 доллар аралығында қаржы кетеді. Кейбір күндері жарнама өзін ақтамауы мүмкін. Бұл жерде де жарнама тез клиент әкелмеуі мүмкін.
– Бұл бизнес өзін ақтамаса, неге басқа кәсіп ашпайсыздар?
–Алдымен атағыңды шығарып, абырой жинау үшін сен көп жұмыс істейсің, кейін сенің атың өзіңе жұмыс істейді. Қазір компанияның атына жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге клиенттерге, сапалы әрі жылдам қызмет түрін ұсынамыз да, бізбен жұмыс істейтін адамдар санын көбейтеміз. Әзірге аударманың бағасын көтермеуге тырысамыз. Мұғалімдер мен зейнеткерлерге жақсы жеңілдік жасаймыз.
– Бұл кәсіпте қандай кедергілер бар?
– Бұл басқа бизнестер сияқты тез дамып кететін кәсіп емес. Өз шектеуі бар. Ерте ме, кеш пе адам ресурсы таусылады. Шаршайды. Шаршататын жұмыс. Бүкіл уақытымыз құжаттарды қабылдау, аудару, тексерумен кетеді. Біздің филансерлердің барлығы кәсіби деңгейдегі аудармашылар. Әр қайсысының кем дегенде 5 жыл тәжірибелері бар. Компаниялардан жиі тапсырыс түседі деп айта алмаймыз. Ірі компаниялардың өзі тез келісімшартпен аудартып алады да, сонымен тоқтайды.
– Ай сайын аудармашылар қанша жалақы алады?
– Ай сайын бір аудармашы 200-300 мың теңгені үйде отырып таба алады. Фриланс болған өте қолайлы. Қосымша басқа компаниялармен жұмыс істесе 500-600 мың теңгеге дейін табыс табуларына болады. Бір параққа 1200 теңге алсақ, кейде 50 немесе 65 пайызы аудармашыларға береміз. Редакторларға төлейміз. Сондықтан компания бұл жерде көп таппайды. Біздің елдің жастары тым құрығанда бір шет тілін біліп алса, оларға аударма агенттіктерінен сұраныс жоғарылайды. Ютубта арнайы тіл оқытатын бағдарламалар бар. Сол курстар арқылы кез-келген жастағы адам испан, француз, корей, жапон тілдерін үйреніп алса, үнемі қажет мамандар тізіміне енеді.
– Бәсекелестеріңіз көп пе?
– Көп. Олар жалған сайт ашып алып, арзан аударма ұсынады. Салдарынан опық жегендер, қайта аударып беріңіздерші деп бізге хабарласады. Аударма бағасын құнсыздандырып жібереді. Ал науқас адамның медициналық құжатын аудару деген жауапкершілікті қатты жүктейді. Бір науқас адам Түркияға емделуге кетсе, ондағы дәрігерлер тура сенің аудармаңа қарап ем жүргізеді.