Қоғам

Автокөлік рулін қаптау бизнесінен күніне 300 мың теңге пайда табуға болады

Кәсіпкер Елжас Пірімқұлдың айтуынша, елімізде бұл салада бәсеке жоқ

Елжас Пірімқұл 2018 жылы көпшілік біле бермейтін ерекше бизнесті бастаған.  Ол алғаш болып автокөлік рулін қаптау кәсібін . Бұл кәсіпті арнайы Ресейден барып үйреніп келген оның бүгінде күнделікті табысы 300-400 мың теңгені құрайды. Ерекше кәсібі жайлы Ержастың өзінен сұрап білген едік.   

–  Елжас, негізгі мамандығыңыз қандай?

–  Менің негізгі мамандығым энергетика саласы.

–   Мамандығыңыз бен мына кәсібіңіз бір-біріне сәйкес келмейтін сияқты?

–    Иә, өз мамандығым энергетикамен байланысты болса да, одан еш пайда болған жоқ. Сондықтан мен бизнес бастауды жөн санадым. Сөйтіп, автокөлік рулін қаптау қызметін аштым.  Нақтырақ айтсақ, бұл кәсіппен мені досым таныстырды. Қазақстанда ол кезде бұл саламен айналысатын ешкім болған жоқ. Елімізде осы бизнесті дамыту үшін, осыдан 4 жыл  бұрын арнайы Ресейге барып үйреніп келдім.

– Кәсіпті қанша қаражатпен бастадыңыз?

– Кәсіпті бастаған кезде көп қателік жібердім. Ресейден оқып, Алматыға келген кезде, бір жылда 8 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсадым. Қажетті материал мен тігін машинасын дұрыс таңдай алмағандықтан, көптеген шығынға баттым. Сондай-ақ, жалға алған мекеме де дұрыс болмай шықты. Ал қазір осы саланы дұрыс меңгерген адам  1 миллион теңгемен де бастай алады.

–  Бір күндік және айлық табысыңыз қанша?

– Бір күнде 300 мыңға жуық табыс табамыз. Айлық табыс бес миллион теңгеден асады. Мәселен, бір ғана Алматының өзінде 2 млн-ға жуық көлік бар. Соның күніне 10-15 адам міндетті түрде келіп, көлігінің рулін қаптатады. Әр рулдің бағасы әртүрлі.

–Қазіргі кезде қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Қазіргі уақытта менің қарамағымда тоғыз адам жұмыс істейді. Оның ішінде мастер, тігінші, таргетолог және СММ мамандары бар.

–  Мекемені қанша теңгеге жалға алып отырсыз?

– Айына 250 000 теңге төлейміз. Алматыда екі сауда нүктеміз бар. Сондай-ақ, Тараздан тағы біреуін ашып қойдым.

–  Елімізде бұл сала қазіргі уақытта қалай дамып жатыр? Нақты айтқанда, бәсеке бар ма?

–  Елімізде автокөлік рулін қаптау қызметі мүлдем болмаған. Енді дамып келеді. Бәсеке жоқ десек те болады. Қазіргі уақытта біздің топ осы сала бойынша оқыту жұмыстарын жүргізіп жатыр.  Арнайы жаңа бизнес туралы толық ақпарат береміз. Көп қаржыны шығындамай, кәсіпті дұрыс бастауды үйретеміз.

–   Күніне қанша тапсырыс түседі?

–  Бір күнде 20-ға жуық автокөлікке қызмет көрсетеміз.

–   Бір автокөлікке қызмет көрсету бағасы және уақыты қанша?

–    Қызмет көрсету 15 мың теңгеден басталады, 1,5-2 сағат кетеді.

–  Бұл саланың кемшіліктері мен артықшылықтары қандай?

–  Артықшылықтарына келетін болсақ, орын таңдамайтын кәсіп. Мекеме жалдай алмаса, үйде отырып істей беруге болады. Бұл кәсіптің ең үлкен кемшілігі, қаптауға кез келген тері жарамайды.

– Руль қаптайтын шикізатты қайдан аласыздар?

– Бұрын Ресейден тапсырыс беретінбіз. Қазір соғысқа байланысты ол жақтан жеткізу қиын. Қазір өзіміздің тері өңдейтін мекемелерден, дүкендерден аламыз.

– Негізі бұл болашағы бар кәсіп пе?

– Әрине, кез келген кәсіпті қызығушылықпен істеу керек. Нәтижесі жоғары болады.

– Сұхбатыңызға рақмет.