Өткен аптада елімізге мемлекеттік сапармен Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алғаны үшін алғыс айтып, бұл сапардың маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз үшін Түркіменстан – дос ел, маңызды әрі сенімді серіктес. Біздерді тіл, мәдениет, дін, діл, дәстүр және ортақ тарих жақындастырады деді Президент.
«Біздің халықтарымыздың түбі түркіге барып тіреледі. Әрқашан бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Ортақ міндетіміз – ағайындық қарым-қатынасты нығайта беру. Мен өткен келіссөз нәтижесін жоғары бағалаймын».
Қасым-Жомарт Тоқаев
2021 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 250 млн доллардан асты. Биылғы 7 айдағы тауар айналымы 2021 жылдың көрсеткішінен екі есе асып түсті.
Мемлекеттер алдағы уақытта тауар айналымы құнын 500 млн долларға дейін жеткізуді көздейді. Одан кейінгі меже – миллиард долларлық көрсеткіш.
Қазақстандық «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен «Түркіменгаз» түркімен газын импорттау бойынша келісімшартқа қол қойды. Қазақстан газ импортын жылына миллиард текше метр көлемге дейін жеткізуге ниетті.
Қазақстан Түркіменстанның ірі энергетикалық жобаларына қатысуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ газ өңдеу және газ химиясы салаларында ынтымақтастық орнатуға, тәжірибе алмасуға ниетті.
Алдағы уақытта Қазақстан астығы түркімен нарығына экспортталмақ. Түркіменстан-Ауғанстан шекарасында астық терминалының құрылысын салу қарастырылады.
«Қазақстан Түркіменстанға экспортты 80 тауар позициясы бойынша күшейте алады. Түркіменстандық кәсіпкерлердің де өз өнімдерін біздің нарыққа көбірек жеткізе бастайтынына сенемін. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мүмкін шаруаның бәрін істейміз. Перспективалы коммерциялық келісімшарттарды «KazakhExport» экспортты сақтандыру компаниясының желісі бойынша жүзеге асыруға болады. Екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың 2024 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын жүзеге асыру сауда-экономикалық әріптестікті тереңдетуге ықпал етеді», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында транспорттық-транзиттік салаға ерекше назар аударылды. Алдағы перспективасы аса жоғары жоспар – «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржол желісін толық қуаттылықпен іске қосу.
Жақын келешекте қазақстандық Ақтау, Құрық порттарының Түркіменбашы портымен кооперациясы іске асырылмақ. Сонымен бірге біз үшін «Түркіменбашы – Қарабұғаз – Қазақстан шекарасы» жаңа автомобиль жолының құрылысы да айырықша маңызды.
Екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынас та ерекше қарқынмен дамымақ. Мемлекеттер астанасында арнайы мәдени күндер ұйымдастырылады. Жақын арада Түркіменстан елінің өнерпаздары елордаға келмек.
Пандемиядан кейін тоқырап қалған әуе байланысы да қалыпқа келтіріледі.
Іскерлік байланыстардың өрістеуі үшін жеңілдетілген виза режимін енгізу де қарастырылып отыр.
«Қазақстан Президентімен кездесу екі мемлекет басшыларының барлық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға деген ізгі ниеттілігін, табандылығын және дайындығын, сондай-ақ бұл үшін зор мүмкіндіктердің бар екенін толық растады деп дәлелді айта аламын. Біз тұрақты даму және оның құрамдас бөлігі – энергетикалық қауіпсіздік, халықаралық көлік және транзиттік коммуникацияларды дамыту, экология және қоршаған ортаны қорғау сияқты жаһандық күн тәртібінің маңызды саласында күш-жігерімізді үйлестіруді жалғастырамыз».
Сердар Бердімұхамедов
Жалпы, Мемлекет басшылары 14 маңызды құжатқа қол қойды.