«Бір айда -10 кг». Желіде арықтау марафоның өткізетіндер неге көбейіп кетті?
Соңғы уақытта әлеуметтік желі кәсіп алаңына айналды. Әлеуметтік желіні ашып қалсақ, «Бір айда -10 кг», «Дұрыс тамақтану», «Арықтау марафонына қатыса аласыз» деген жарнамалардан көз сүрінеді. Сәнге айналған бұл «дұрыс тамақтану» марафоны тиімді ме? Бұл жарнамалардың қаншалықты пайдасы мен зияны бар деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
Дұрыс тамақтану марафоны деген не?
Бұл марафондарға «артық салмақтан арыламын» деген кез келген жан қатыса алады. Қатысушыларға арнайы уақыт беріліп, сол уақыт аралығында салмақ тастауға тырысады. Бұл марафонға белгілі бір көлемде ақша төлеп, дұрыс тамақтану ережесімен танысады.
Әрине, марафон арқылы көптеген нәзік жанды арулар арықтай алатын шығар. Бірақ, бұл марафондардың зиянды жақтары да аз емес. Осындай марафонның біріне қатысып, дене мүсінің қалпына келтірудің орнына, дәрігер жағалап кеткен Меруертпен тілдестік.
«Мен арықтау марафоны жайлы Instagram әлеуметтік желісі арқылы білдім. Осы жылдың ақпан айында 21 күндік арықтау марафонына қатыстым. Біз WhatsApp желісі арқылы бір топта 30-ға жуық әйел отырдық. Марафон ұйымдыстырған диетолог бізге дұрыс тамақтану жайлы ақпараттар беріп, аптасына бір рет салмақ өлшеп, күнде тұтынған тамақтардың суретін жіберіп отыруды тапсырды. Бұл марафонға қатысу құны 2000 теңге болды. Сонымен қатар, диетолог маманы бізге метаболизмді жақсарту үшін, тағамға биологиялық белсенді қоспаны тұтынуды ұсынды. Бірақ, бұл ерікті түрде болды. Мен бұл қоспаны алдым. Бастапқы уақытта дұрыс тамақтану арқылы 2 кг-ға жуық салмақ тастадым. Алған қоспаны да ішіп жүрдім. Ағзама жақпаса керек, асқазаным қатты ауырып, денеме қызыл бөртпе шыға бастады. Дәрігерге барып тексерілген кезде, ішіп жүрген қоспам менің ағзама жақпайды екен. Аллергияға байланысты көптеген дәрілер алып, емделдім. Марафонды аяқтаған жоқпын. Бұл ауруды 2000 теңгеге сатып алдым. Ал дәрігер мен дәріге үш есе ақшам кетті. Енді мұндай марафондарға жоламаймын»,-дейді Меруерт.
Арықтау марафонының құны өткізушісінің танымалдылығына, тәжірибесіне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Ең арзан марафонның құны 2000 теңгеден басталып, 50-60 мың теңгеге дейін кете береді.
Марафонда артық салмақтан арылуға кепілдік беріле ме?
Онлайн-марафон арқылы артық салмақтан арылуыға ешкім кепілдік бермейді. Марафон ұйымдастыру кезіндегі мұндай хабарламалар әдетте маркетингтің немесе тәжірибесіз диетологтың тәсілдері екенін білуіміз қажет. Мұндай марафонға қатысатындар мынаны ескеруі қажет:
- Тәжірибиелі диетолог марафон кезінде артық салмақтан қатаң диета арқылы арықтауды ұсынбауы қажет.
- Марафон кезінде тағамға биологиялық белсенді қоспаны тұтынуға болмайды.
- 15-20 % нормадан көп калория жоғалтатын тағамдардан аулақ болыңыз.
- Дәрігерден алдын-ала тексеруден өтіп алыңыз.
- Төмен көмірсу, төменгі мөлшерде белок, тәтті ұсынатын марафондар да тиімсіз болады.
Сымбатты да сұлу дене бітімін қалыптастыру оңай шаруа емес. Ол үшін қаражаттан бөлек, ерік-жігер мен қайсарлық керек. Аз уақытта мақсатыңызға жетемін десеңіз, қателесесіз. Өйткені, өзіңізді алдағанмен, ағзаңызды алдай алмайсыз. Сондықтан, алаяқтарға алданып қалмай, тәжірибиелі мамандарға қаралған дұрыс.