Наталья Акентьева Bank RBK акционері атанды
Bank RBK басқарма төрағасы Наталья Акентьева 6,49% акциасын иеленіп, банк акционері атанды. Қалған 89,71% үлес Владимир Кимнің иелігіндегі «KSS FINANCE» ЖШС-на тиесілі. Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған.
Владимир Ким 2017 жылдың қарашасында Bank RBK акционері атанды. Бұл кезде банк өтімділігі түйкіл болып тұр еді. Нәтижесінде банк сауықтыру бағдарламасына қосылып, Ұлттық банктен 243,7 млрд теңге көлемінде көмек алды.
Айта кетейік, банктің экс-басшысы Жомарт Ертаевқа «2011-2017 жылдар аралығында 144 миллиард теңге ұрлады» деген күдікпен 2018 жылы халықаралық іздеуге жарияланған болатын. 2019 жылы Ертаев Қазақстанға экстрадицияланды. 2020 жылдың қарашасында ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ертаевпен бірге 54 адам «қаржы жымқырды» деген күдікке ілінген. Оларың қатарында банктің 40-тан астам топ-менеджері мен қатардағы қызметкерлері бар. Ертаев 2021 жылдың 3 наурызында Bank RBK және Qazaq Banki қаражатын жымқырғаны үшін екінші мерзімін алды, Ол банктерден заңсыз ақша шығару схемасын жасаған.
2021 жылдың 14 маусымында Ертаев шығынды төлеп, кінәсін мойындағандықтан, жаза мерзімі қысқартылғаны белгілі болды. Ол тоғыз жылын түрмеде өткізеді.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, Bank RBK 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 1,65 трлн теңгені құрайтын актив көлемімен тоғызыншы орында тұр. Қаржы институтының міндеттемелері 1,5 трлн теңгені, меншікті капиталы 114,4 млрд теңгені құрайды.