Запастағы офицерлер оқу-жаттығудан өтті

Жарияланды
Әскери міндеттілер сынақ, емтихан тапсырды

Алматыда әскери міндеттілердің жиыны өтті. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты оқу орталығының базасында запастағы офицерлер үздіксіз және тұрақты басқаруды қамтамасыз ету мамандықтары бойынша оқу-тәжірибеге қатысты.
Аталған әскери оқу орнының оқытушылары мен тәжірибелі нұсқаушылары бір ай бойы запастағы офицерлерге заманауи байланыс құралдарында жұмыс істеуді үйретті, бөлімшелерді басқару негіздері бойынша білімдерін жетілдіріп, қару-жарақты қолдану тәжірибесін меңгертті.

«Жиынға шақырылған резервтегілер өздерін жақсы жағынан көрсете алды. Әрқайсысының жауынгерлік рухы биік, оқу-жаттығу тапсырмаларын бұлжытпай орындап шықты», – деп атап өтті Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының өкілі полковник Айдын Чунетов.

Жиынға қатысушы запастағы лейтенант Нұрсұлтан Бекбосынұлы Алматы облысынан шақырылған, жеке кәсіпкер. Шақырту қағазын алған соң Отан алдындағы міндетін өтеу үшін жиын пунктіне келіп, оқу-жаттығудан өтті.

«Оқу-жаттығу кәсіби деңгейде өтті. Теориялық және практикалық тұрғыдан білімімді жетілдіре алдым», – деді Нұрсұлтан Бекбосынұлы.

Әскери міндеттілер сынақ, емтихан тапсыру арқылы оқу бағдарламасын бекітті. Оқу жиыны аяқталған соң запастағы офицерлерге кезекті әскери атақтары берілді.

Сондай-ақ оқыңыз