Басыңызда кредит бар, бірақ төлеуге мүмкіндік болмай жатыр. Банктен күнделікті қоңырау түсіп тұрады, дегенмен сіз телефонды көтермейсіз. Бұлай қашқақтап, телефон нөмірін ауыстырып тастау мәселені шешпейді. Қайта керісінше басыңызға жаңа мәселе — сот орындаушымен іс тауып алуыңыз мүмкін. Мерзімі өткен төлемдерге қатысты не білуіңіз керек, оны екі жаққа да тиімді тәсілмен шешуге бола ма? Қашып жүрудің салдары қандай? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты қозғаймыз.
Сізге айтатын ең бірінші және маңызды кеңес: кредитке қатысты міндеттемеңіз бар ма — орындауға қауқарыңыз келмей жатса, кредит алған ұйымға барыңыз, хабарласыңыз. Көпшілігі бұл кеңесті назарға алмай, жай ғана телефон тұтқасын көтермеумен құтылғысы келеді. Әйтсе де, шаруа мұнымен шешілмейді. Қай кредиттік ұйыммен келісімшарт жасассаңыз, сол ұйымға ресми өтініш тастаңыз. Негізі мерзімін өткізгеніңізге бір ай толмай тұрып хабарласқаныңыз абзал. Кейде тіпті мерзімі әлі келмесе де, туындаған мәселе туралы айтып, түсіндіруге тырыссаңыз болады. Әлгі өтініштің ішінде не жазылады? Ол жерге міндеттемеңізді орындай алмауыңызға не себеп болғанын түсіндіріп жазыңыз. Мысалы, сіз аяқ-асты жұмыстан шығып қалдыңыз. Соған байланысты осы айдағы төлемді уақытылы төлей алмайтын болдыңыз. Немесе денсаулық жағдайыңызға байланысты мүлдем жұмыс істей алмайтын болып қалуыңыз мүмкін. Осы сынды басты себепті тәптіштеп келтіруіңіз қажет. Одан кейін өтініштің ішінде келісімшарт талаптарын өзгертуге қатысты ұсыныс жазыңыз. Яғни төлем жасай алатындай болуы үшін банк сізге қандай жеңілдік жасағанын қалайсыз? Сізге қолайлы болатындай, өз тарапыңыздан ұсынысты қоса жолдаңыз. Қандай ұсыныстар айтуға болады:
- Сыйақы мөлшерлемесін азайту;
- Алынған қарыздың валютасын ауыстыру. Мысалы, доллармен алған болып, қазір курсы өсіп кеткен жағдайда дегендей;
- Негізгі қарыз не сыйақы бойынша кейінге шегерім;
- Қарыз төлеу тәсілін немесе төлеу мерзімін өзгерту;
- Келісімшарт мерзімін өзгерту;
- Мерзімі өткен негізгі қарызды кешіру;
- Өсімпұл қоспау;
Өтінішті жазып, жолдағаннан кейін хаттың кіріс нөмірі көрсетілген көшірмесін алып алыңыз. Бұл болашақта керек болып қалуы мүмкін. Осыдан кейін 15 жұмыс күні ішінде банк сіздің өтінішіңізді қарастырып, жазбаша түрде жауап береді. Ол жауаптың ішінде кредитор сіздің ұсынысыңызбен келісетінін не келіспейтінін айтады. Егер келіспесе, басқа нұсқа ұсынуы мүмкін. 2021 жылдың мамырынан бастап заңнамаға мынадай өзгеріс енгізілгенін еске сала кетейік. Банктер мен микроқаржы ұйымдары қайта құрылым жасаған кезде қарыз алушының әлеуметтік жағдайын, табысының азаюын, кепілдікте тұрған үйінің жалғыз екенін, бұған дейін қарыз төлеуде кешіктірмегенін назарға алуға міндетті. Яғни, айталық, сіз бұрын-соңды уақытылы төлеп келген, жауапкершілігі бар клиент болдыңыз. Аяқ-асты жұмыстан шығып қалып, қиындыққа тап болған болсаңыз, бұл жағдайыңызға қаржы ұйымдары түсіністікпен қарауы керек. Ипотека алғандарға келсек, егер кредитор екеуі қарызды қайта құрылымдауға қатысты келісімге келе алмаса, қарыз алушы ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен көмек сұрап, жағдайын айта алады. Бұл уақыт ішінде кредитор кепілдікке қойылған жылжымайтын мүлікті тәркілеу процедураларын бастауына рұқсат жоқ. Бірақ ескерте кетейік: бұл шарт халықтың жағдайы нашар тобына арналған.
Өтініш жазбаса болмай ма?
Қарыз алушыға ғана емес, берушіге де керегі — кредиттің төленгені. Сондықтан екі тарап барынша ертерек келісімге келгені дұрыс. Қаржылық ұйымға уақытылы барып, жағдайыңызды айтқаннан бірнеше плюсі бар. Біріншісі, әлбетте сізге қолайлы нұсқа табылып қалуы мүмкін. Сол арқылы сіз кредит тарихыңызды да қалыпта ұстайсыз. Одан бөлек, алдағы уақытта кредитордың қандай да бір іс-әрекеттеріне шағым жасаған кезде өтініш жазып, түсіндіргеніңіз сотта сізге қосымша ұпай ретінде саналуы ғажап емес. Негізі әр клиенттің жағдайы жеке қарастырылады. Әр банктің де талап-шарттары әр түрлі. Мысалы, бір жерде қарыз алушыдан қаржылық жағдайын көрсететін, төлем қабілетін растайтын анықтама сұратады. Ол қандай қағаз десеңіз, еңбек шарты, жұмыссыз екенін растайтын құжат және т.б. Сондықтан уақыт алмай, хат жолдаған жөн.
Жасырынып, қашпаңыз
Басында айтып кеткеніміздей, қашып жүрудің қажеті жоқ. «Телефонымды алмасам, мекенжайымды өзгертіп тастасам мені таба алмайды» деп ойламаңыз. Кредитіңіздің мерзімі кешіктіріле бастады ма, қызметкерлер сізге қоңырау шалып, сомасын, төлем жасамаған жағдайда не болуы мүмкін екенін түсіндіріп, айтады. Өзіңіз ойлап қараңыз: сіз қоңырауды алмайсыз, демек жасырынып жүрсіз. Мұндайда банк амалсыздан түрлі санкция қолдана бастайды. Әрі бұл әрекеттері заңға қайшы емес. Себебі сізбен байланыса алмады. Санкциялар деген мыналар болуы мүмкін: өсімпұл қосу, айыппұл салу, сотқа дейін істі жеткізіп, процесс бастау. Бұдан бөлек, қарызды қайтарту үшін коллекторлық агенттіктерді іске қосуы мүмкін. Коллекторлық агенттіктің жұмысы — істі сотқа дейін жеткізбей, қарызды қайтарту. Сондықтан егер сіздің қарызыңызды коллекторлық агенттікке беріп жіберген болса, оны өтеу не шарттарын ауыстыруға қатысты мәселені солармен ақылдассаңыз болады. Болмаса, қаржы ұйымына да бара аласыз.
Қандай салдары болуы мүмкін?
Біріншіден, міндеттемелеріңізді орындамай жүрсеңіз, бұл туралы ақпаратты банк кредит бюросына жіберуге міндетті. Ал ол жерде сіздің кредиттеріңіз бен оларға қатысты барлық мәлімет болады. Демек, кредит тарихыңызды аша қалғанда қанша күн кешіктіргеніңіз көрініп тұрады. Бұл болса, алдағы уақытта кредит аларда қаржы ұйымдарының шешім шығаруына әсер ететін бірден-бір фактор.
Екіншіден, егер кепілдік қойылған кредит болса, онда сотқа дейінгі тәртіппен немесе сот арқылы кепілдікте тұрған мүлікті тартып алуы мүмкін. Сонымен бірге кредитор егер келісімшартта солай көрсетілген болса, төлем талабын жолдауы мүмкін. Ол дегеніміз қарыз алушының келісімінсіз-ақ банк есепшотынан белгілі бір сома шешіп ала алады деген сөз. Айталық, айлық жалақысы түскен кезде соның бір бөлігін автомат түрде алып алуы мүмкін. Десе де, шешіп алғаннан қалған сома заң бойынша бекітілген ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауға тиіс. Яғни айлық ақыны түгел шешіп ала алмайды.
Үшіншіден, қарыз болған жағдайда оған елден шығуға тыйым салынуы мүмкін. Біле білсеңіз, сот орындаушының қаулысы бойынша ел шекарасынан аттап кете алмайтын азаматтар тізімі болады. Міне, кредитін төлемеген кей адамдар осы тізімге еніп кетуі мүмкін екенін еске ұстау керек. Қарыз адамның елден кетуін уақытша шектеу туралы қаулыны сот бекітеді. Осындай санкция шарасы қабылданғаннан кейін қарыз алушыға қаулының көшірмесі жолданады. Тағы бір данасы кеден қызметіне жіберіледі. Қарызын толық төлегені туралы ақпарат базада шықпайынша кедендегілер әлгі азаматты елден шығармайды.
Жауыр кеңес болса да, алынған қарызды қалай болса да қайтару керек. Ең абзалы — қаражатты дұрыс жоспарлау. Яғни кейін төлеуі қиын болса, онда сол кредитті мүлдем алмауға тырысыңыз. Бәлкім, ол зат не ақша анау айтқандай керек емес болар? Өйткені мерзімі кешіктірілген қарыздың салдары өзіңізге ғана емес, айналаңыздағылар да әсер етеді. Мәселен, сіз үшін гарант болған не бірге өтініш жіберген адамдарға да шаралар қолданылуы мүмкін. Сондықтан қарызды уақытылы төлеу, айыппұл, салық, алименттерді уақытылы төлеп тұру міндет. Сонымен қатар, коммуналдық төлемдерді де кешіктірмеңіз. Әйтпесе, соттың алдына жауап беруге дейін баруы мүмкін.