Инвестиция

Жаңғырмалы энергия көзінің үлесі 6 пайыз. Энергетика саласы қандай тәуекелмен бетпе-бет келіп отыр?

Жиынтық қуаты шамамен 2 300 МВт болатын 140-тан астам ЖЭК объектісі бар

Қазақстанда елдің электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, қазіргі уақытта Біртұтас электр энергетикалық жүйе тұрақты жұмыс істейді. 2022 жылдың 16 қазанындағы жағдай бойынша елде 86,9 млрд кВт сағат электр энергиясы өндірілсе, тұтыну 86,8 млрд Квт сағатты құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,4 пайызға төмен. Министр бұл төмендеуді цифрлық майнинг бойынша заңсыз қызметті жүзеге асырған тұлғаларды анықтауға қатысты жүргізілген жұмыстармен байланыстырады.

Министрдің айтуынша, энергетикасы саласын үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау талап етіледі. Біріншіден, электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату негізінде жұмыс істеудің жаңа моделіне көшу арқылы электр энергиясы нарығын реформалау қажет деді Ақшолақов. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде:

  • Генерациялау секторында энергия көздерін дамытуға;
  • Инвестицияларды жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етуге
  • Мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған шаралар топтамасы дайындалды.

Алдағы энергетикалық ауысу шеңберінде:

  • «Таза көмір» технологияларын;
  • Жаңартылатын энергетиканы;
  • Заманауи газ және атом генерациясын;
  • Smart Grid зияткерлік жүйесін қолдана отырып, ESG қағидаттары негізінде дамыту жөніндегі шаралар әзірленді.

Бұл шараның барлығы министрлік әзірлеген Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы шеңберінде көзделген. Тұжырымдаманы Энергетика министрлігі осы жылдың қазан айында мемлекеттік органдармен келісе отырып Үкіметтің қарауына енгізбек.

Генерациялайтын қуаттардың тозуын 15%-ға төмендету мақсатында 2035 жылға қарай «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшу шеңберінде тариф белгілеу тәсілдерін трансформациялау талап етіледі, бұл жыл сайынғы инвестициялар көлемін 3 есе арттыруды талап етеді.

«Энергия кәсіпорындары жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін инфляция деңгейіне индекстеуді көздейтін болжамды тарифтік саясат талап етіледі. Электр қуаты нарығы шеңберінде салаға салынған инвестицияларды қайтаруға жұмсалатын қаражат көлеміне лимит белгіленді. Қазір лимит 32 млрд теңгеге тең және 100 млрд теңгеге ұлғайтуды талап етеді», деді Ақшолақов.

Сондай-ақ инвестициялар ағынын қамтамасыз ету мақсатында электр қуаты нарығындағы қолданыстағы тарифті айына 1 МВт үшін қазіргі 590 мың теңгеден 885 мың теңгеге дейін ұлғайту қажет. Одан әрі Энергетика министрі электр энергиясына орта мерзімді қажеттілікті жабу үшін генерация секторындағы бірқатар жобалар пысықталып жатқанын хабарлады. Жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдарды қалпына келтіру және кеңейту жөніндегі жұмыстар шеңберінде шамамен 2,3 ГВт-ты енгізу қосымша қамтамасыз етілмек. Бұдан басқа, жалпы қуаты 2 ГВт-тан асатын жаңа электр станцияларын салу бойынша жобалар іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде.

Энергетика министрінің сөзінше, жоғарыда аталған жобалардың басым бөлігі – шамамен 2,3 ГВт – көмір генерациясын енгізуді көздейді.

«Көмірдің қолжетімділігі және дамыған көлік инфрақұрылымы көмір өндірудің сенімділігін және электр энергиясының төмен құнын анықтайды, бұл экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің негізі болып табылады», деді министр. Оның айтуынша, осы жобаларды іске асыру кезінде қазіргі заманғы технологиялар, оның ішінде «таза көмір» технологиялары (түтін газдарын сүзудің озық жүйелері, көмірқышқыл газын ұстау технологиялары, көмірді циклішілік газдандыру және басқа) қолданылады.

Сонымен қатар ведомство басшысы еліміздегі жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту перспективалары туралы баяндады. Қазір бізде жиынтық қуаты шамамен 2 300 МВт болатын 140-тан астам ЖЭК объектісі жұмыс істейді, электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 3,7%-ды құрайды. ЖЭК секторына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 1 трлн теңгеден астам.

Биыл ЖЭК-тен алынған электр энергиясының көлемі 4,5 млрд кВтсағ немесе өндірістің жалпы көлемінің 4% көлемінде болжанып отыр. Бұл ретте, қаржы-есеп айырысу орталығымен қол қойылған шарттар шеңберінде 3 жыл ішінде жиынтық қуаты 850 МВт-тан асатын 48 ЖЭК объектісін қосымша енгізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ЖЭК объектілерін салу бойынша ауқымды жобаларды іске асыруға бастама жасаған Франция, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы компанияларымен келіссөздер жалғасып жатыр. Бұл компаниялар электр энергиясының құнын қазіргі аукциондық бағадан төмен сатуды ұсынады және жеке келісімдер жасауды сұрайды