13 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 13 362 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 101,2 мың этникалық қазақ оралды. Бұл туралы ҚР Еңбекмин баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (68,7%) Өзбекстаннан, 10% – ҚХР-дан, 7,9% – Түркіменстаннан, 4,6% – Моңғолиядан және 8,8% – басқа елдерден.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (29,9%), Маңғыстау (16,7%), Түркістан (9%) және Жамбыл (6,5%) облыстарында, сондай-ақ, Астана (7,8%), Шымкент (7,3%) және Алматы (5,8%)қалаларында қоныстанды.
Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылардың саны 58,9%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші адамдар 27,5% – ды және зейнеткерлер 13,7% – ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі бойынша 13,2% – ы жоғары білімді, 38,9% – ы арнайы орта білімді, 46% – ы жалпы орта білімді және 1,8% – ының білімі жоқ.