«Қайта жаңғырған Республика күні – елдігімізді нығайта түсетін тарихи қадам»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған жиында ел тұрғындарын мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда сайты.
«Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат», деді Президент.
Мемлекет басшысы егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өкенін атап өтті.
«Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады», деді Тоқаев.
Біраз жыл өз деңгейінде аталмай келген мерекені қайта жаңғыртуды Президент өзі ұсынған.
«Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», деді мемлекет басшысы.